Форум • 05 Ақпан, 2024

Цифрлық платформа құру бастамасы

55 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Премьер-министр Әлихан Смайылов Беларусь, Ресей, Өзбекстан үкіметтерінің басшылары қатысқан «Digital Almaty: Х индустриясы және болашақтың цифрлық эволюция­сы» атты форумның пленарлық отырысында сөз сөйледі.

Цифрлық платформа құру бастамасы

Алматыда 1–3 ақпан аралы­ғында өтіп жатқан іс-шарада мемлекеттік басқару, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардағы цифрлық трансформация тақырыптарын қамтитын ауқымды іскерлік бағдар­лама ұсынылған. Панель­дік пікірталастарға халық­ара­лық сарапшылар, сала көш­бас­шылары, IT және бизнес сала­ла­рындағы жетекші инноваторлар қатарынан 200-ден астам спикер қатысты.

Үкімет басшысы өз сөзінде бүгінде біз жасанды интеллект технологияларының қарқынды дамуы, роботтандыру, сондай-ақ адам өміріндегі іс-әрекеттердің цифрлық түрленуінің куәсі болып отырғанымызды атап өтті.

«Мұндай жағдайда тез бейім­делу және бірден жаңа шешімдер қабылдау мүмкіндігі жетістікке жетудің маңызды факторына айналады. Бұл өзгеріс­тердің адами аспектісіне ерекше назар аудару қажет», деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, мұндағы бірінші және негізгі бағыт – мем­ле­кеттің азаматтармен және бизнеспен өзара іс-қимылы кезінде адам қажет­тілігіне бағытталған тәсілді қалыптастыру.

«Өткенді еске түсірейік. Құжаттарды қағаз түрінде алу үшін көп уақыт жұмсауға тура келетін. Бүгінде цифрландыру осы үдерістердің барлығын жеңілдетті. Қазір мемлекеттік қызметтердің 90%-дан астамы электронды форматта. Отба­сының цифрлық картасы арқа­сында 6,3 млн отбасы деректері цифрландырыл­ды. Жалпы, мем­ле­­кеттік қыз­мет­тер­дің 40 түрі проактивті форматта көрсетіледі», деп атап өтті Премьер-министр.

Үкімет басшысы мемлекет пен бизнес ынтымақтастығының табысты мысалы ретінде коммер­циялық банктердің бағдар­ла­малық қосымшаларында мем­ле­кеттік қызметтерді ұсыну екенін атап өтті. Бұл – онлайн-ипотека, автокөлік сатып алу/сату, салық төлеу, жәрдемақы алу және тағы басқа да қызмет түрлері.

Мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылын жақсарту мақсатында «таза парақтан» реттеу қағи­дат­тары да енгізіліп жатыр. Олар тәуекелдерді басқарудың автоматтандырылған жүйелеріне негізделген. Бұл бақылау тиім­ділігін арттыруға және тексерулер санын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.

Әлихан Смайылов атап өткен­дей, стратегиялық міндет – өтініштерді өңдеуді жеделдету және қызмет көрсету сапа­сын жақсарту үшін жасанды интеллектіні мемлекеттік қызметтер саласына интеграциялау. Бұл ретте дербес деректерді қорғау үшін қажетті шаралар қабылдануға тиіс.

Үкімет басшысы бүгінде жасанды интеллект элементтері өндіріс саласында, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде, денсаулық сақтауда, мемлекеттік қызмет көрсетуде және т.б. сала­ларда қолданылып жатқанын атап өтті.

«Жасанды интеллектіні қол­данудың сәтті мысалдарының бірі – «CEREBRA» медициналық платформасы. Ол цифрлық тех­­нологияны пайдалана отырып, инсультті жылдам диаг­нос­тикалауға мүмкіндік береді. Өткен жылы Қазақстанда сәтті іске қосылғаннан кейін жоба Өзбекстан нарығына да шықты. Ал бүгінде ұжым оны басқа елдерде де іске қосуға дайын», деді Әлихан Смайылов.

Сонымен бірге ол жасанды интеллект құралдарын дамыту үшін ауқымды деректер мен есептеу қуатына қолжетімділікті қамтамасыз ету өте маңызды екенін атап өтті.

«Бізде барлық мемлекеттік органдардың деректерін шоғыр­­ландыру және өңдеу тәжі­рибесі бар. Қазіргі уақытта біз кәсіпкерлер мен стартаптар қауымдастығына жеке тұлға мәліметтері жоқ деректерге қол жеткізуді қамтамасыз ету тетіктерін пысықтап жатырмыз. Жыл соңына дейін біз ғалымдарымызды, ғылыми-зерттеу институттары мен биз­несті қажетті есептеу қуаты­мен қам­тамасыз етеміз», деп атап өтті Премьер-министр.

Өңірлік ІТ-экожүйені дамыту мәселесіне тоқталған Әлихан Смайылов өзін инновациялық кластер және стартаптардың негізгі серіктесі ретінде танытқан «Astana Hub» халықаралық тех­но­­пар­кін мысалға келтірді.

«Қазір бұл тәжірибені елі­міз­дің барлық өңірінде белсенді түрде кеңейтіп жатырмыз», деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы «Astana Hub» сонымен қатар әлемнің жетекші компанияларымен бірлесе білім беру курстары мен зерттеу орта­­­лықтарын іске қосып, ірі технологиялық алпауыттардың серіктесі бол­ғанын еске салды.

«Әлемнің әртүрлі бөлік­те­рінде ұқсас экожүйелердің жа­һан­дық серіктестер желісінің болуы маңызды. Өткен жылы Крем­ний алқабында IT-хабын іске қостық. Бұл біздің экспорт­тау­шы­ларымызға жаңа техноло­гия­лар мен капиталға қол­же­тім­ділікті қамтамасыз ете отырып, әлемдік IT нарығына шы­ғу­ға мүмкіндік берді. Мұн­дай жұ­мыс­тар Оңтүстік-Шығыс Азия, Таяу Шығыс пен Еуропаны қоса алғанда басқа аймақтарда да жүр­гізіліп отыр», деді Премьер-министр.

Үкімет басшысының пікі­рінше, құзыретті және білікті кадр­лардың болуы да маңызды мәселе. Бұл міндетті іске асыру үшін Қазақстанда жастарға қысқа мер­­­зімде IT-мамандықтарды иге­­руге мүмкіндік беретін «TeхОрда» бағдарламасы іске қосылды.

«Нәтижесінде, 6 мыңнан астам адам IT-білім алып, салада жұмыс істей бастады, табыстары бірнеше есеге артты», деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Сонымен бірге ол республикада Спорттық бағдарламалау федерациясы құрылғанын еске салды. Ал биыл қыркүйек айын­да Астанада жастар арасында бағдарламалау бойынша әлем чемпионатының финалы өтеді.

Премьер-министр өнеркәсіп саласында жаңа технологияларды қолдану мәселесіне де тоқталды.

«Икс» индустриясын дамы­ту­дың маңызды құралы жер қой­науын пайдаланушылар табысының 1%-ын ғылыми зерттеу әзірлемелеріне бөлу болды. Бір мысал – жасанды интеллект көмегімен кеннен алтын алу процесін оңтайландыру жобасы. Мұн­дай әзірлемелер өндірістік процес­терді оңтайландыруға және олардың тиімділігін арт­ты­руға мультипликативтік әсер етеді», деп атап өтті Үкімет басшысы.

Әлихан Смайылов атап өткен­дей, Қазақстанның ком­му­ни­кациялық инфрақұрылымын дамыту мақсатында өткен жылы «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы қабылданған болатын. 2027 жылға қарай интернеттің тара­луы 100%-ға жетеді деп күті­ліп отыр. Осылайша, ауылдық елді мекендерді сапалы байланыс­пен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасып жатыр. Сонымен қатар биыл шалғайдағы екі мың ауыл мектебін жоғары жылдамдықты интернетпен қамту жоспарланып отыр.

«5G байланысы іске қосылды, оны қазірдің өзінде еліміздің 20 қаласында 2 миллионнан астам адам пайдаланады. Келесі жылы 8 миллионнан астам адамды 5G байланысымен қамтамасыз ету жоспарланды», деді Премьер-министр.

Оның айтуынша, Қазақстан цифрлық әлемде жаңа Жібек жолының негізгі қатысушысы болуға ұмтылады.

«Көршілерімізбен бірлесе отырып, біз Каспий теңізінің түбімен оптикалық байланыс бағытын іске асыруды жоспарлап отырмыз және Парсы шығанағы елдерімен оптикалық байла­ныс орнату нұсқаларын қарасты­рып жатырмыз», деді Үкімет басшысы.

Қорытындылай келе, ол аймақ елдерін жасанды интеллект саласында бірлесіп зерттеулер жүргізу және деректерді өңдеу мен талдау үшін ортақ қажетті инфрақұрылым құру жолында күш біріктіруге шақырды.

«Біз технологиялық шешім­дермен, патенттермен және инно­ва­циялық идеялармен ал­масу үшін цифрлық платфор­ма құруды ұсынамыз. Бұл біз­дің өзара іс-қимылымызды жақсартып, өңіріміздегі кәсіп­керлер мен зерттеушілерге соңғы технологияларға қол жеткізуге мүмкіндік береді», деді Әлихан Смайылов.

Пленарлық отырыстан кейін Қазақстан, Беларусь, Ресей және Өзбекстан үкіметтерінің басшылары «Digital Almaty Awards» сыйлығымен марапаттау рәсіміне қатысты.