Қоғам • 29 Қаңтар, 2024

Зейнетақы өсті

10532 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өзге де өңірлердегідей Шығыс Қазақстан облысында зейнеткерлерге биыл 1 қаң­тардан бастап «2024-2026 жылдарға арналған республи­калық бюджет туралы» заңға сәйкес базалық зейнетақыны 7%-ға, ынтымақты зейнетақыны 9%-ға арттыру көзделгеніне байланысты төлемдер ұлғайды.

Зейнетақы өсті

Айта кетейік, бір, екі және үш бала туған кезде біржолғы жәрдемақы 131 100 теңгеден 140 296 теңгеге дейін, төртінші және одан да көп балаға 217 350 теңгеден 232 596 теңгеге дейін ұлғайды. I топтағы кембағал адамдарға бері­летін жәрдемақы 89 248 теңгеден 95 496 теңгеге дейін, II топтағы жәр­дем­ақы – 71 398 теңгеден 76 397 теңгеге дейін, III топтағы жәрдем­ақы 48 681 теңгеден 52 089 теңгеге дейін өсті. Бұған қоса мүгедектік және асыраушысынан айырылу бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар 7%-ға көбейді.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Айжан Ағыбаеваның айтуынша, облыста 137 482 зейнет­кердің зейнетақысы артты.

– Облыс бойынша 19 784 мүгедектігі бойынша жәрдемақы алушы азаматқа, 8 731 асы­рау­­шысынан айырылу бойынша жәр­демақы алушыға, 18 478 арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алушыға, 1 755 бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша жәрдемақы алушы азаматтарға, сондай-ақ 7 973 көпбалалы отбасына, «Алтын алқа», «Күміс алқа» дәрежесімен марапатталған көпбалалы 3 769 аналардың төлемі өсті, – деді Айжан Ағыбаева.

Сондай-ақ мемлекеттік корпорациямен көрсетілетін 26 мем­лекеттік қызмет түріне электронды түрде онлайн өтініш беруге болатынын, ол үшін қызмет алушылардың ұялы телефон нө­мір­лері міндетті түрде мобильді азаматтар базасына (МАБ) тіркелуі керек екенін жеткізді.

– Біздің зейнетақымыз жыл сайын өсіп келеді. Уақтылы алып отырмыз. Өзім – «Алтын алқа» иегерімін. Бұл үшін де қосымша жәрдемақы аламын. Ең бастысы, аспанымыз тыныш болсын! – дейді зейнеткер Қадиша Ахметова.

 

Шығыс Қазақстан облысы