Саясат • 28 Қаңтар, 2024

Ауқымды логистикалық бастаманың әлеуеті

214 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазір ғалымдар, сарапшылар осыдан он жыл бұрын ҚХР басшысы Си Цзиньпин ұсынған «Бір белдеу, бір жол» жобасының «жемісін» талқылап жатыр. Алғаш рет Астанада жарияланған бастама мақсатына жетті ме? Жобаға қатысушы елдер не ұтты? Қытай жобаны әлі де жалғастыра бермек. Әсіресе әлем ғалымдарын жобаға қатысты Орталық Азия, соның ішінде Қазақстан мен Қырғызстанның жағдайы қызықтырады.

Ауқымды логистикалық бастаманың әлеуеті

«Бір белдеу, бір жол» ресми порта­лы­ның мәліметі бойынша, осы уақыт­қа дейін бас­тамаға 152 ел мен 32 халықаралық ұйым қатысып, жоба аясында Қытаймен ын­тымақтастық туралы 200-ден астам құ­жат пен келісімге қол қойылған. Он жылда ҚХР «Бір белдеу, бір жолға» ша­ма­мен 1 трлн доллар инвестиция құйды. Соның ішінде Қазақстан мен Қытай бірлесіп жалпы құны 21,2 миллиард дол­лардан асатын 52 жоба жасасты. Ал­маты саяси зерттеулер орталығының ақпаратына сәйкес, бұл жобалардың жартысы іске асырылып, Шымкент мұнай өңдеу зауытын қайта жаңарту, Ақтауда «CaspiBitum» жаңа кәсіпорнын құру секілді жұмыстар қолға алынған.

Он жыл өтсе де ғалымдар жобаның қыр-сырын әлі де зерттеп келеді. Оксфорд уни­верситетінің ғалымы Трой Штенрберг Қазақ­стан мен Қырғызстан елдеріне зерт­т­еу жүргізген ғылыми мақаласында: «Бас­тама жарияланған кезде Қазақстан «Бір белдеу, бір жолдан» үлкен пайда табуы мүмкін, бірақ елдің дамуы немесе ішкі қажеттілігі үшін жобаға қатыс­па­ға­ны дұрыс», деген еді. Оның айтуынша, Қазақстанның мемлекеттік қаржысы өзі­не жетерлік.

«Жобаның екінші маңызды елі Қыр­ғыз­­станмен салыстырғанда, Қазақстан өзін өзі қаржыландырып, инфра­құ­­рылымды дербес басқара алады. Ол Каспий бассейнінде энергия ресурс­тарын жеткізуші ел және Қытайға қа­рағанда Батыс мемлекеттеріне жа­қын орналасқан. Ал Қырғызстанда мем­ле­кеттік қарыздың 50 пайызы Қытайдан ке­леді», деді ғалым. Алайда түрік ға­лымы Атабек Омонкулов пен өзге де сарапшылар Қазақстанның әлсіз жақтары бар деп санайды. «Мысалы, әскери жағдай тұрғысынан Орталық Азия аймағында елдің күші әлсіз. Бұл жағдайда «Бір белдеу, бір жол» сыртқы күш ретінде Орталық Азия елдері арасындағы интеграцияны қолдауға көмектеседі», дейді ол. Сондай-ақ неміс ғалымы Ричард Помфрет Орталық Азия елдері арасында аймақтық құбырлар мен теміржол мәселелері бойынша келіспеушіліктер болғанын және «Бір белдеу, бір жол» аясындағы келіссөздер барысында елдер бұл мәселенің шешімін тапқанын айтады.

Сарапшы, ғалымдардың осы жоба туралы зерттеулерін талдасақ, көптеген ға­лым әсіресе отандық қытайтанушылар мен сарапшылар «Бір белдеу, бір жол» бас­тамасы Орталық Азия елдері, соның ішінде Қазақстан үшін пайдалы деген пікірде.

«Орталық Азия өңірдегі ірі көлік-тран­зиттік торапқа айналу үшін Қазақ­стан 2015 жылы «Нұрлы жол» баста­масын қабылдады. Одан соң Қытайдың «Бір белдеу, бір жолы» мен «Нұрлы жолды» біріктірді. Екі бастама да көлік, логис­тикалық, өнеркәсіптік, энер­ге­ти­­калық, ауылшаруашылық экс­пор­тын, инфрақұрылым мен білім бе­­руді жақсартуға, адами капиталды да­мы­туға және шағын және орта кәсіп­орындарды қолдауға бағытталған. «Бір белдеу, бір жол» бастамасы Қа­зақ­станға үлкен пайда әкелді, өйткені ол Қытай арқылы теңізге шығуға қол жеткізді. Цзянсу провинциясының Лянью­ньган қаласындағы Қытай-Қазақ­стан халықаралық логистикалық базасы «Бір белдеу, бір жол» бастамасы іске қосылғаннан кейін салынған алғашқы нысан болды. Жүк пойыздары Ляньюньган, Шығыс терминал және Қорғас, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданына қатынауы, отандық астықтың Жапонияға, Корея Республикасына, Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне импорт пен экспортты жеңілдетті. Мәсе­лен, жүк пойызы Ляньюньганнан Ал­ма­тыға дейін небәрі алты күнде жетеді. Осы бір мысал «Бір белдеу, бір жол­дың» арқасында Қазақстан үшін сырт­қы сауданың қаншалықты ыңғайлы бол­ға­нын көрсетеді», деді Қазақстан-Қытай зерттеу орталығының директоры Гүлнар Шаймергенова.

Қытайтанушының пікірінше, Қытайға қарсы саяси шиеленістерге, санкцияларға және сауда қақтығыстарына қарамастан, «Бір белдеу, бір жол» аясындағы сауда қарқын алып келеді. Мәселен, 2022 жылы Қытайдың жобадағы елдермен сауда көлемі 2 трлн доллардан немесе оның жалпы сыртқы сауда көлемінің үштен бірінен асқан.

«Бір белдеу, бір жол» бастамасының арқасында Орталық Азия экономикалық тұрғыдан жанданды. Миллиардтаған адамның өміріне оң әсер етті. Бұл бас­тама адамзат үшін ортақ болашағы бар қауымдастық құруға көмектесетініне сенімдімін», деп қосты Гүлнар Шаймергенова.

Ал саясаттанушы, қытайтанушы Әділ Кәукенов Қазақстан Қытайдың көршісі болуынан ұтып отыр дейді. «Біздің елдер шекаралас, көршіміз, мұны ешкім өзгерте алмайды. Қытай – бүгінде әлемнің екінші экономикасы. Бұл елмен бізде қауіпсіздік, есірткі трафигіне қарсы күрес, адам саудасы саласында көптеген бірлескен жоба бар. Біз көрші елдер болғандықтан, бұл – біздің ортақ ынтымақтасқан саламыз. Отандық тауар өндірушілер Қытай нарығында жетекші болуды қалап отыр. Қазір жергілікті бидай, ет, балық және басқа да көптеген азық-түлік өнімін көрші елге кедергісіз жеткізіп отырмыз», деді қытайтанушы.

Әділ Кәукеновтің айтуынша, Қазақ­станның транзиттік жағдайы және «Бір белдеу, бір жол» жобаларына қатысатын көлік-логистикалық саланың дамуы еңбек нарығына айтарлықтай оң әсер етті.

«Қазақстанда «халықаралық логист» мамандығы пайда болды. Ста­тис­­тиканы қарасақ, Қазақстанның ха­­­лықаралық нарықта көрсететін қыз­мет­терінің 30-40 пайыздан астамы халықаралық логистикамен байланыс­ты. Қазір жастар мамандық таңдағанда логистикалық қызметтердің үлкен на­ры­ғы қалыптасқанын назарға алып, осы саланы меңгеруге тырысып жатыр. Бір сөзбен айтсақ, біз халықаралық еңбек бөлінісінде Қытай, барлық Азия мен Еуропа арасындағы маңызды тетікке айналдық», деп атап өтті сарапшы.

Сондай-ақ саясаттанушы Қазақс­тан­дағы цифрлық экономика мен интернет сауданың дамуы ҚХР-дың арқасында екенін барлығы біле бермейді дейді. «Мысалы, Қытай – қолма-қол ақшасыз төлемдерді енгізген бірден-бір ел. Біз Қытайға жиі баратынымыз соншалық, көршіміздің жетістігі мен тәжірибесін өзімізге ыңғайлап алып, жүйеге енгіздік. Біз қазір бүкіл Еуразияда мақтан тұтатын қаржы жүйеміздің табысының бір бөлі­гіне Қытаймен көршілес болу арқылы қол жеткіздік», деді Әділ Кәукенов.

«Қытай елдердің экономикалық дамуы­ның, халықаралық көлік, темір­жол, теңіз қатынасын құрып, әлем­ге шығуына ықпал етсе, әсіресе қаржы құйса, жобаға қатысушы мемлекеттер сөз жоқ алып елге тәуелді болады». Сарапшылардың осы пікірінен кейін қоғамда теріс пікір қалыптасқаны бел­гі­лі. Қазақ қоғамы да секем алғаны рас. Алайда көптеген сарапшы мен ғалымның айтуынша, Қа­зақ­станға келер қауіп аз. Өйткені Қазақ­стан өзі­нің көпвекторлы саясатының аясында алып көршісімен қарым-қатынас жасап, шекарадан аспайды. Орталық Азия елдерінің «Бір белдеу, бір жол» аясындағы Қытаймен байланысын зерттеп жүрген Шеффилд университетінің ізденушісі, сарапшы (Ұлыбритания) Франк Мараккионе: «Қазақстандағы Қытайдың рөлі Еуроодақ, АҚШ және Ресеймен салыстырғанда жоба барысында артты деп кесіп айта алмаймыз. Әрине, құрылыс, көлік, сауда саласында Қытайдың үлесі көп. Алайда ҚХР-дың Қазақстаннан алатын мұнай көлемі біз ойлағандай көп емес. Сондай-ақ Қазақстанның инвестициясын қарасақ, ірі көршісі алдыңғы шепте тұр деп тағы айта алмаймыз. Алдыңғы қатарда – Еу­ропа елдері. Сондықтан Қытай Қазақ­стан­ның қай саласында монополист деп санау қате пікір», дейді.

«Қытайдың Орталық Азиядағы бел­сен­ділігі артты, оған, әрине, күмән жоқ. Бірақ ол Қырғызстан мен Тәжікстанда көп байқалады», деген пікірде қытайтанушы Франк Мараккионе.

«Бір белдеу, бір жол» бастамасы екінші онжылдыққа қадам басты. Қытай жобаны әрі қарай жалғастыруға ниетті. Әлем ғалымдары келесі кезеңде жоба жергілікті халыққа оң әсерін тигізсе, жемісті болады деп болжам жасап отыр.