Зерде • 22 Қаңтар, 2024

Ыбырай мектебі

146 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл Торғайдағы ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин іргетасын қалаған қазақ мектебінің ашылғанына – 160 жыл. Міне, содан бері бұл білім ордасы қаншама баланың санасына сәуле түсіріп, сауаттылық шырағын жағып келеді.

Ыбырай мектебі

1860 жылы Орынбор облыстық бас­қармасы Ы.Алтынсариннің үзбей жаз­ған өтінішін қанағаттандырып, қазақ балаларына бастауыш мектеп ашуға рұқ­сат берді. Енді ол күре жолдан шалғай жатқан Торғай өлкесі­нен ашылатын мектепке мұғалімдікке жіберілді. Бірақ білім ордасы бірден ашылмады. Бұл аралық­та Ыбырай атамыз ауылдарды аралап, жұрт­шылықпен жүздесіп, мектептің не екенін түсіндіріп, өз үйінде біраз бала­ның сауатын ашты.

Алдымен оған Торғайдан мектеп са­луға жергілікті көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар қолдау көрсетті. Әсіресе на­ға­шылары – атақты Шақшақ Жәнібек батыр ұрпақтары, соның ішінде Шеген бидің балалары жәрдем беріп, ортақ іске қаражат жинады. 1861 жылы мектептің құрылысы басталды. Оның қабырғасы 1 метрлік саман кірпішпен қаланып, қа­дасы 1 метр сайын салынған.

Ыбырайтанушы ғалым, ақын Серік­бай Оспанұлының айтуынша, мектеп салу бастамасы көтерілгенде ел ішінен сәулетші іздейді. Сонда сәу­лет­шілік білімі болмаса да, ауылда көптеген үйдің іргетасын қалап жүрген Шилі ауылының тұрғыны Талпақ Байтөреұлы есімді шебер атал­ған ғимараттың нобайын сызып, құрылысты өз мойнына алған. Тор­ғайда құрылысқа жарайтын ағаш өс­пейтіндіктен оны 500 шақырым қашық­тықта жатқан Аманқарағай орманынан тасыған. Ыбырай атамыздың өзі ел адамдарымен бірге қыстың қақаған аязы мен жаздың аптап ыстығына қарамастан өгіз арбамен бірнеше мәрте қатынап, ағаштарды тасып жеткізген.

Осыншама талмас күш, қажыр-қай­рат жұмсалған мектеп төрт жылдан кейін толық салынып бітті. 1864 жылы 8 қаң­тар­да білім ордасының алғаш­қы қоңырауы со­ғылды. «Осы жылы қаңтар­дың 8-і күні көптен күткен ісім ор­нына келіп, мектеп ашылды. Оған 14 қа­зақ баласы кірді. Бәрі де жақсы, есті ба­ла­­лар. Мен балаларды оқытуға қойға шап­қан аш қасқырдай қызу кірістім», – деп жаза­ды ағартушы, профессор Н.Ильминскийге жол­даған хатында. Торғай же­ріндегі алғашқы мектептің ашылуы үл­кен думанға ұласып, ұлттық ойындар ойналған.

«Ыбырай Торғайда мектеп ашуға 1860 жылы кірісіп, он тоғыз жыл ішінде он бір мектеп ашқан. Бұл оңай шаруа емес. Бір шеті мен екінші шетіне ұшса, құстың қанаты талатын Торғай облы­сының ауылдарын қысы-жазы аралап, жалынып-жалпайып жұрттан тиындап ақша жинау үшін шыдам керек. Оның үстіне қараңғы халықтың көбі үмітпен емес, күдікпен қарап, «балаларымызды шоқындырып жібереді» деуі, өзін «шоқынды» атауы жүрегіне инедей қа­да­лады. Түсінгендері қолдарынан келген көмектерін аямай, барын ұсынады, отын, кірпіш дайындауына қол ­ұшын береді. Ең сорақысы – чиновник­тер­дің шовинистік көзқарасы, қазақ даласында мектеп салуға қарсылы­ғы, аяқтан шалып, қудалауы, өтірік-өсек қаулатуы...Осының бәріне төзіп, қол­ға алған ісін тоқтатпауы – Ыбырай­дың ерлігі, елін шексіз сүйгендігі», деп жазады ыбырайтанушы ғалым Серік­бай Оспанұлы «Ыбырай жолы» атты кітабында.

Ұлағатты ұстаз өзі ашқан мектеп­тегі сабақ пен тәрбие жұмысын сол кездегі орыс мектептері үлгісінде құр­­­ды. Сабақ­ты қазақ тілінде жүргізе оты­рып, ол бала­ларға орыс тілін үйре­туге, пән негіз­дерінен білім беруге ты­­рыс­ты. Тәрбие жұ­мысын адамгер­ші­­лігі мол, жаңа ұрпақ тәр­биелеп шыға­руға бейімдеді.

Бір өкініштісі, ғасырдан астам уақыт­қа төтеп берген Торғайдағы Ыбырай мектебінің ғимараты 1969 жылы қол­мен құлатылды. Бірақ ұлы ұстаздың ағарту­шылық жолы шәкірттерімен мәңгілікке жалғасын тапты.