Таным • 22 Қаңтар, 2024

Сіз білесіз бе?..

240 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Сіз білесіз бе?..

Гетенің гүлдері 

Бәріміз табиғаттың тамашасына тамсана аламыз. Бірақ бәріміз гүлді Гете сияқты жақсы көрмейміз, гүлдің жұпар иісіне, түрлі түсіне, жайқалып өскеніне сүйсінбейміз. Тіпті гүл өсіре алатындар да сирек. Иә, әйгілі Гетенің жазудан басқа сүйікті ермегі гүл болды. Ол ылғи қалтасына гүл тұқымдарын салып жүретін. Аңызға айналған ақынның саяхатшылығы да мәлім, қай елге барса да қалтасындағы гүл тұқымдарын ақырындап сеуіп жүреді екен. Кейін Гете өмірден өткен соң Германияның көп жолдарында жағалай өскен гүлдер қалды. Оның жүрген жерінің бәрінде гүл өсетін.

Гете шегіргүлдің (фиалка) хош иісін жақсы көргені соншалық, әр сапарында түрлі сорттарын сатып әкеліпті. Ол гүлдерді өз үйінде ғана емес, Веймардың көп жерлерінде өсірген. Сондықтан да бұл қала «гүлдер қаласы» деген мәртебеге ие болыпты. Қазіргі таңда да Германияда шегіргүлді «Гетенің гүлдері» деп атайды.

Әлемге «Фаустпен» танылған ақын­ның гүлқұмарлығын біреу білсе, біреу білмес. Ол, тіпті гүл өсіруден рекорд та жаңартқан. Ақынның сү­йікті ермегі жазуына да ықпал етпей қоймасы анық. Оның лирикасы гүлдің үлпіл жапырағындай нәзік. Автор гүлдерге деген махаббатынан шабыт алды. Бұл сөзімізге «Букет», «Шегіргүл», «Қоңыраугүл», «Жабайы раушан» өлеңдері мысал болады.

Осылайша, натуралист-ғалым Гете өсімдіктер әлемін де зерттеді. Бұл бағыт­т­ағы ботаникадағы ғылыми ең­бегі «Өсімдіктер метаморфозы» деп аталады. Иә, Гете оқырманның жан-дү­ниесін байытып қана қойған жоқ, қарапайым адам ретінде айналасын да әсемдікке бөлеп, мына әлемді гүлге толтырды. 

 

рпо

Сағатымды жөндеп бересіз бе? 

Жазушының қолынан жазу ғана келмейтініне әдебиетте мысал көп. Мәселен, әгәрәки, Вольтердің заманында өмір сүрсек, сағатымыз бұзылса, жазушыға апарып, жөндетіп алар едік. Иә, Вольтер бос уақытында сынған сағаттарды жөндеумен айналысатын. Ол тіпті барлық елге хронометр жеткізетін фирма да құрған.

Бұдан бөлек Вольтер шахматпен де әуестенді. Әсіресе, Женева маңындағы Les Délices үйінде тұрған жылдары достарымен шахмат ойнауға жиі құмар болды. Замандастарының айтуынша, көбісі Вольтердің көңіліне қарап ұтылады екен. Соған қарағанда шахматқа бар жан-тәнімен берілген жазушы жеңілгенді әсте ұнатпаса керек.

Шахмат ойнап отырып демалатын, ой қуатын, жазуға шабыт ала­тындардың тағы бірі – Тургенев. Қа­ламгер көп кітап оқымаса да шахмат тақ­тасында көп отыратын. Тургеневтің шахматтағы қарсыласының бірі Лев Толстой болды. Олар алғаш танысқан күні-ақ бірнеше сағат бас алмай шахмат ойнапты. Екі алыптың ара­сын­дағы үш партияның екеуінде Турге­нев жеңсе, біреуі Толстой ақсақал­дың еншісінде кетті.

 

Көбелек қуған Набоков

Адамдардың бәрі ет пен сүйектен жаралса да әркімнің талғамы, көз­қарасы, сезінуі әртүрлі. Жаңа ғана Гете гүл егіп жүрсе, енді көбелек қуған Набоковты көреміз.

Набоков бала кезінен көбелектерге құмартыпты. Бұл нәзік жәндіктерге деген қызығушылық жазушыны ғылымға алып келді. Тіпті энтомолог-Набоков ғылыми мақалаларында көбелектердің кей түрлерін алғаш рет сипаттап, 20 жаңа түрін тапты.

Осылайша, көбелектер жазушы шы­ғармашылығының символына айналды. Зерттеушілер Набоков өз еңбектерінде бұл жәндік туралы 570 рет атап өткен дейді. Ал автор егер Ресейде қалса, бір губерниялық зоологиялық мұражайда қарапайым ғылыми қызметкер болатынын талай рет айтқан.

Набоков қай жерде тұрса да, көбе­лектерді зерттеді: Санкт-Петербургте, кейін Қырымда, Францияда, Амери­када да. Нәтижесінде, ол тұрақ­ты өмір сүруге Швейцарияны ыңғай­лы деп тапты. Неге Швейцария? Әрине, онда көбелек көп. Жазушы қуғын­дағы өмірінің 70 жылға жуық уақытын­да бірнеше коллекциялық жинақ жина­ды. Бірақ осы күнге дейін тек америка­лық және швейцариялық кезеңдегі көбе­лек түрлері ғана сақталған. 

чмси

Көбелек қуған Набоковты көп оқыр­­­­ман нәзік деп ойлар. Жоқ, қа­лам­гер жұды­рығы жойқын боксшы да болды. Жас­өспірім шақта меңгерген спорт түрі Набоковқа көп көмектесті. Эми­­г­ра­ция жылдары кедейліктен құтқар­ды. Жазушы сонда теннис пен француз тілінен ғана емес, бокстан да сабақ берді. Әрі бокс Набоковқа «Ерлік» романындағы жекпе-жекті шынайы суреттеуге де ықпал етті. Қысқасы, қос қолғаптың жазушыға көп пайдасы тиді.

Айта кетейік, жазушының «набо­ковтық тәсілдері» де әдеби ортада кең таралды. Әйгілі «Лолитаның» авторы шығармаға кірісердегі түйдек-түй­дек ойларын шағын карточкалық қа­ғазға жазады екен. Бұлай жазу оған түрлі штрихтарды сюжеттік рет­сіз өз қа­лауынша орындарын ауыстырып қол­да­нуға ыңғайлы болған. Мәселен, Набоков «Ада» романын жазып шығуға 2 000 карточка жұмсаған. Сон­дай-ақ ол жастық астына ылғи парақ­тар қойып қояды. Яғни аяқасты келген ойларын түрте салу үшін. Демек Набоков өз ойы­на әрқашан сақ болған тәрізді.

 

Гоголь түйген тұшпара 

Николай Гогольдің орыс клас­сика­сындағы ең жұмбақ тұлғалардың бірі екенін білеміз. Оның себебі де көп: біртүрлі ғадет, хобби, фобия, қызығушылық деген Гогольде жетер­лік. Мәселен, жазушы кітаптардың миниатюралық басылымдарын жинайтын. Кейде тіпті өзі оқымаса да тек әдемі мұқабасы үшін ғана қомақты ақша жұмсаған. Яғни Гогольдің жеке кітапханасы – сүйкімді кітаптардың мұражайы сынды болды.

авп

Сенесіз бе, сөйткен Гоголь қол­өнер­мен де айналысты. Жазушы өзіне шәлі тоқып, шинельдерін жөндеп, бел­дігін тігіп, әпкелеріне көйлек, тіпті мойын­орамал тігіп берді. Тоқымашы Гоголь асханаға да жиі бас сұғатын. Өз қо­лымен тұшпара түйіп, макаронға дос­тарын шақырғанды жаны сүйіпті. Не деген пысық жазушы!