Елорда • 19 Қаңтар, 2024

Елордалық сарбаздар ант қабылдады

121 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

19 қаңтар күні Ұлттық ұланның 6636 әскери бөліміне өткен жылдың соңында қосылған сарбаздар Әскери ант қабылдады. Әскери бөлім аумағында Қарағанды, Ұлытау, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Абай және Павлодар облыстарынан келген 130-дан астам жауынгер сап түзеді. Бұл рәсімді тамашалауға сарбаздардың ата-аналары мен бауырлары және туыстары жиналды, деп жазады Egemen.kz.

Елордалық сарбаздар ант қабылдады

Салтанатты жиында Мемлекеттік туды көтеру құқығына оқу пунктінің ең үздік сарбазы қатардағы жауынгер Нартай Мұздыбаев ие болды. Әнұран орындалғаннан кейін жас жауынгер курсынан өткен сарбаздар Отан алдында адал қызмет етуге ант етті.

Осыдан соң құттықтау сөз 6636 әскери бөлімінің командирі полковник Ерлан Буранбаевқа берілді.

- Сарбаздарымыздың ант қабылдайтын күні біз үшін мерекемен пара-пар. Сендер алғаш рет Әскери ант қабылдап отырсыңдар. Бұл сәт сендердің естеріңде мәңгі сақталады. Әр азамат еліміздің конституциясын және оның талаптарын есте сақтауы керек. Қазақстанды қорғау – сендердің қасиетті борыштарың. Сондықтан әскери қызметтеріңді абыроймен атқаруларыңа тілектеспін. Сендердей азаматтарды тәрбиелеген ата-аналарыңа алғысым зор, – деді полковник Ерлан Кәрімжанұлы.

Жалынды жастар алдына шыққан 6636 әскери бөлімі ардагерлер кеңесінің төрағасы Феликс Дульский Әскери анттың қадір-қасиеті жайлы сөз қозғады. Сондай-ақ антына адалдық танытып, қызмет барысында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлердің батылдығын үлгі етті. Бір сапта тұрған сарбаздардың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан ерлік салтын жалғайтынына сенім білдірді.

Іс-шарада қатардағы Әли Төлеухан мен Мағжан Мұхитұлының атасы Төлеухан Қажы сөз сөйледі.

- Сарбаздар! Балаларым, Отан алдындағы азаматтық борыштарыңды абыроймен атқарыңдар. Ата-аналарыңның жүзін жерге қаратпауға тырысып, анттарыңа адалдық танытыңдар. Бұрынғы батырлардың жолын жалғап, биіктен көріне беріңдер. Біз сендерді мақтан тұтамыз! – деді сөз соңын батамен аяқтаған қария.

Ал жауынгерлер арасынан қатардағы Әділ Қайсанов лебіз білдірді.

- Бүгін егемен еліміздің болашағы үшін, тәуелсіз Қазақстан үшін Әскери ант қабылдадық. Біз рухты және қайсар жауынгер болуға сөз бердік. Ұлттық ұлан сапында қызмет ету – біз үшін мәртебе, ал ата-аналарымыз үшін үлкен қуаныш, - деді қатардағы Әділ Қайсанов.

Жауынгердің адуынды сөзін ары қарай қатардағы жауынгер Нұрсұлтан Өмірзақтың әкесі Ұрыс-қимылдарының ардагері Дәулеткелді Елубаев жалғап әкетті. Құрметті ардагер ауған-тәжік шекарасында атқарған қызметі жайлы баяндап, жас сарбаздарды жігерлі болуға шақырды.

Осыдан кейін сарбаздар ата-аналарының алдында жекпе-жек ұрыс тәсілдерінің қимыл-қозғалысын көрсетті. Әсіресе, Ұлттық ұлан құрмет қарауыл ротасының өнері көптің көңілінен шықты.

Салтанатты шараның соңында сарбаздар мен ата-аналардың жолығуына рұқсат етілді.