Аймақтар • 19 Қаңтар, 2024

Құмқұдыққа газ жетті

173 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жаңа жылдың қуанышы – Әйтеке би ауданы Құмқұдық ауылына көгілдір отын келді. Ауылға газ құбыры 90 шақырым жердегі аудан орталығы Темірбек Жүргенов ауылынан тартылды.

Құмқұдыққа газ жетті

Ақтөбе облысының табиғаты таза,  мал өсіріп, бидай, қара бидай, тары, арпа егіп, бірыңғай ауыл шаруашылығымен айналысып келе жатқан  ауданның еңбекқор тұрғындары бұл жаңа­лыққа ерекше қуанды. Өйт­­кені іргесі сөгілмеген бұл ауыл қа­зан­нан мамырға дейін күл шы­ға­рып, көмір жағудың бейне­тін жақсы біледі. Ауылды ұстап тұрған ірі шаруашылықтар бол­ма­ғанда, жұрты баяғыда көшіп кетер ме еді?..

Құмқұдықтың шетіндегі үй­лерге газ құбыры кірді, енді бір­тіндеп барлық көшеге тартыла бастады. Осы жұмыстың ұзаңқырап кетуіне Әйтеке би ауданы елді мекендерінің бір-бірінен қашықтығы да себеп болды. Құмқұдыққа газ тарту жұмыстарына екі жыл бұрын бюджеттен 4,1 млрд теңге бөлін­ген.  Енді, міне осы қаражатқа 89,6 шақырым газ құбыры жүр­гі­зілді. Әйтеке би ауданының әкімі Дәулетияр Тоғызбаев ауыл­дастарының қуанышына ортақ­та­сып, көгілдір отын кірген үйлерге арнайы соғып шықты.  «Бүгін ауыл тұрғындары  күл шығарып, көмір кіргізудің  бей­не­тінен құтылып жатыр. Біздің жақта қыс ұзақ, алты ай көмір жағамыз. Оның үстіне, бір үйді жылытуға кемі алты тонна көмір керек. Жыл сайын көмір баға­сы­ның көтеріліп жатқаны өз алдына. Қалай болғанда да табиғи газбен жылыту әрі арзан, әрі ауылдастарыма қолайлы», дейді Дәулетияр Тоғызбаев.

Қазіргі кезде Әйтеке би ауда­нын­дағы  27 елді мекеннің 13-і газдандырылды. Биыл ауданда құны 2,3 млрд теңге болатын жоба жоспарға енді. Осы ар­қылы  Сұлукөл, Ақтасты, Толыбай, Әйке, Тереңсай ауылда­рына көгілдір отын кіргізіледі.  Мұнымен бір кезде  Қияқты, Ұлғайсын елді мекендеріне де  газ жеткізу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, республикалық және жергілікті бюджеттерден  қаржыландыруға бюджеттік өтінім ұсынылды.

 

Ақтөбе облысы