Қоғам • 18 Қаңтар, 2024

Нұқсаны бар ныспы: Құжатта қате жазылған аты-жөнді өзгертуге кедергі жоқ

279 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қай кезде болсын есейіп, есі кірген адам өзінің аты-жөні, тегі туралы ойлана жүретіні анық. Біреулерге есімі ұнайды, енді біреулер кезінде асығыс қойыла салған аты, қате жазылған, бұрмаланған фамилиясы үшін қысылумен өтеді. Қысқасы, адамдарға аты-жөнін өзгертуге өзге де себеп көп және кәмелетке толған, өз таңдауы қалыптасқан азаматтар үшін бәрі заң аясына сыятын болса, бұған еш кедергі жоқ. Алайда отандастарымыздың көпшілігі мұны қалай жасау керек екенін білмейді, яки қиямет-қайымдай көреді.

Нұқсаны бар ныспы: Құжатта қате жазылған аты-жөнді өзгертуге кедергі жоқ

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Не десек те, оғаш есімі, тегі адамның көңілінен шықпайтын жағдайлар кезде­седі. Мұндай жағдайда қайда баруға болады десек, осының жай-жапсарын Алматы қаласы Әділет департаментінің өкілдері Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде түсіндірді.

Алматы қалалық Әділет департаменті басшысының орынбасары Зәуреш Сәтхожина «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізуге байланысты мұндай өзгерістер туу, некеге тұру немесе некені бұзу туралы жазбалардағы атын, әкесінің атын, тегін өзгерту туралы қорытынды негізінде жасалынатынын атады.

Ендігі жерде бұрынғыдай аты-жөнін өзгерту туралы акт жазбасы тіркелмейді және атын, әкесінің атын, тегін өзгерту ту­ралы куәлік берілмейді. Құ­жаттарды тіркеуші органдар атын, әкесінің атын, тегін ауыс­тырғанын растау үшін туу, некені қию және бұзу туралы тиісті куәлік береді. Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы өтінішті Неке-отба­сы заңнамасына сәйкес, Қазақ­станның шетелдердегі мекемесі және тіркеуші органдар қарайды. Өтінішті 16 жастан асқан азаматтар бере алады, кәмелетке толмағандар үшін ата-анасының қаты­суы талап етіледі.

Тіркеуші органдар аза­мат­тар­дың есімін, әкесінің атын, тегін ауыс­тыруды он алты жасқа толған, атын және әкесінің атын немесе тегін ауыс­тырғысы келетін адам­ның жеке өтініші бойынша жүр­гізеді. Атын, әкесінің атын, тегін өзгерту не түзету үшін Қазақ­стан аумағындағы кез келген тір­кеуші органға (АХАТ) өтінішпен жүгі­ну қажет, сондай-ақ «Азаматтарға арнал­ған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КеАҚ-ға өтінішті «элек­трон­д­ық үкімет» порталы арқылы электрон­дық нысанда жіберуге болады.

Азаматтарымыз есімі, әкесінің аты, тегі өзгергеннен кейін бір ай ішінде жеке куәлік пен паспортты өзгертуі қажет. Қыс­қасы, адам тегін, атын, әкесінің атын өз­герту үшін олардың өз қалауы жеткі­ліксіз. Бұған қоса құжат­тарында жоғары­да аталған дә­лелді себептердің біреуінің болуы шарт.

 

АЛМАТЫ