Медицина • 11 Қаңтар, 2024

Заманауи онкологиялық жүйе

130 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қатерлі ісікті емдеудің озық әдістері де әлі күнге дейін медицина­да­ айтыс-тартыс туғызып келеді. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, онко­ло­­гиялық дертке шалдығу сол елдің эко­номикалық көрсеткішіне пара-пар екені айтылады. Мемлекеттердің экономикасы­ өркен­деген сайын обырға шалдығу да өрши түсетінін қалай түсіндіруге бо­ла­ды? Бұл сауал­ға отандық онкология саласының мамандары: ­«Мұ­ның себебі көп. Әрине, экология, гендік модификацияланған өнім­дер­­ді пайдалану мен тұқым қуалаушылық та­ бар. Қуанышымызға қа­­рай, біз көбінесе табиғи азық-түліктерді тұтынамыз» деп жа­­­уап берген екен.

Заманауи онкологиялық жүйе

Бірақ осыған қарамастан, «есінен адасқан жасу­шамен» күрес жалғасып жатыр. Дәтке қуат дей­­тініміз, қай елде болмасын, обырға душар болу көрсеткіші жоғары болғанымен, одан көз жұ­ма­тындар саны жыл өткен са­йын азайып келеді. Бұған қоса, биылғы Үкімет отырысында онко­­ло­гиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жос­пар бекітілді.

Осы орайда Орталық Азияда, оның ішінде Алматыда алғаш рет онкологиялық науқас­тар­ды тиімді емдеуге мүмкіндік беретін цифр­лық инновациялық жүйе орнатылғанын қуана хабарлаймыз. Мұндай жүйе қазір әлем­нің алдыңғы қатарлы онкологиялық орта­лықтарында қолданылады. Осылайша Алматы онкологиялық орталығында 2019 жылы пай­да­лануға берілген, АҚШ-та жа­сал­ған қол­да­ныстағы желілік үдеткіште инно­вациялық жүйе­нің орнатылуы маңызды рево­лю­циялық жетіс­тік болды. Қатерлі ісікті тікелей көздейтін сәуле­лендіру әдісін енгізу пациенттерге жоғары дәл­дікпен және әрбір науқастың ағзасына бейім­делген ем жүргізуде маңызы орасан. Инно­вациялық жүйе науқастың тыныс алуын бақылай отырып, оның тыныс алуына сәйкес сәуле бағытын автоматты түрде реттей алады. Бұл терапия нақты уақыт режімінде ісіктің дәлдігін бақылауға, тіпті науқас тыныс алып жатқан кезде де ісікті дәл күйдіруге мүмкіндік береді әрі оның айналасындағы сау тіндердің зақымдану қаупі азаяды.

Бүгінде Алматы онкологиялық орталы­ғы­ның сәулелік терапия бөлімінде күн сайын 100-ге жуық онкологиялық науқасқа ем-дом жасалса, осы әдістің кеселдің бастапқы, тіпті кейінгі сатысындағы пациенттердің денсаулығын жақсартуда, өмірін ұзартуда септігі мол. Сәулелік тера­пия­ның тиімділігі мен қауіпсіздігі ісікке әсер етудің дәлдігіне тікелей бай­­ланысты. Мұны медицина тілін­де­ «таргеттік терапия» деп атап жүр­ге­ні белгілі. Жаңа жүйе – емнің ағза­ға жана­ма әсерін азайта отырып, онко­ло­гиялық дерттерді емдеу тиім­ділігі мен қауіпсіздігін арттыра алады. Қыс­қасы, жүйе желілік үдеткішпен толықтай бірік­тірілген, процедура кезінде ісіктің орнын анықтау, бақылау арқылы милли­метр­лік жо­ға­ры дәлдікпен сәулеленуді қам­тамасыз етеді.

Жүйенің стереоскопиялық рент­ген­дік­ позициялау, пациенттің жағдайын қа­да­ғалау, жоспарды есептеудің цифр­лық­ жүйесі ісікті барынша дәл сәу­ле­лен­діру, емдеу барысын реттеу сынды бірегей функциялары бар. Тағы да айта кету керек, бұл сау тін­дер­дің зақымдану қаупін азайтуда өте ма­ңыз­ды. Сонымен қатар жаңа жүйе радио­терапия сеансының да уақытын айтар­лықтай қысқартып, емдеу жоспа­рын әзірлеуді жылдамдата түседі. Бұл­ әсіресе, ми ісігі мен басқа да күр­делі ағзаларды емдеу барысында аса ма­ңыз­ды.

Қалай десек те, сәулелік терапия саласына енгізіліп отырған озық технологиялар Алматы қаласындағы онко­ло­гиялық көмектің деңгейі дұрыстала бас­тағанын дәйектейді. Осы арада онкологиядағы инновациялық жүйе­ге қол жеткізуге Алматы әкімдігі мен Қо­ғам­­дық денсаулық сақтау бас­қар­ма­сы қол­дау көрсеткенін айта кету керек.

Жоғарыда келтіргендей, биыл онко­ло­гия­лық ауруларға қарсы күрес жөніндегі ке­шенді жоспар бекітілген. Бес жылды қам­титын құжат отандық онкологиялық көмекті дамытуда маңызы жоғары. Өйткені онкологиялық көмекті жетілдіру өзекті міндетке айналып отыр: жыл сайын елімізде 40 мыңға жуық адамда қатерлі ісік бар екені анықталады, жыл сайын 13 мың пациент қайтыс болады. Сондықтан Мемлекет басшысы өзінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасында онкологиялық көмекті жаңғырту, онкологиялық көмек көрсету мен емдеуде жоғары нәти­же­лерге қол жеткізген елдер сынды жағ­дай жасау қажеттігіне ерекше тоқ­тал­ғаны бекер емес.

Кешенді жоспардың іс-шараларын іске асыру 5 жыл ішінде, 2023 жылдан 2027 жылға дейін бес негізгі бағыт бойынша көзделген. Атап айтқанда, қауіп факторларының профилактикасы және басқару, тиімділігі жоғары ерте диагностика, мамандандырылған емдеуді дамыту, паллиативтік көмек және оңалту, кадрлық әлеуетті және ғылымды дамыту.

Кешенді жоспардағы көздеген мақ­­саттар кесел дамуының бастапқы кезеңдерінде өкпе ауруларын диаг­ностикалау үшін және жатыр мойны патологиясының қауіп факторы ретінде адам папиллома вирусы инфекциясын анықтау үшін төмен дозалы компьютерлік томографияны кеңінен қолдану есебінен зама­науи технологияларға қолжетімділікті арттыруға мүмкіндік береді.

Компьютерлік, магниттік-резо­нанс­тық, позитрондық-эмиссиялық том­о­­графияны, радиоизотоптық зерт­теу­лерді пайдалана отырып, заманауи сәулелік диагностика аппараттарында зерттеп-қарау мүмкіндігі едәуір артады. Бұған қоса телемедицина, жасанды интеллект мүмкіндіктерін белсенді енгізу көзделген.

Онкологиялық ауруы бар азаматтар озық технологиялардың септігімен елі­міз­дің әрбір өңірінде әлемдік стандарттар деңгейінде сәу­ле­л­ік ем ала алады. Әр өңірлік онко­логиялық орта­лықта пациенттер үшін қолайлы жағдайлар жаса­лады. Сол сияқты ауылдық жерлерде тұ­ра­­­тын науқастар жылжымалы медициналық ке­шен­­дердің мобильді қызметтерін пайдалануға қол жеткізеді. Паллиативтік көмек пен оңалту с­а­па­сы артады. Егер жос­пар нақты жүзеге аса­тын болса, отандық онкологтер әлемнің жетек­ші­ онкологиялық орталықтарына қайта даяр­лау­ға және біліктілігін артты­руға жіберіліп оты­­руға тиіс.

Елдің шалғайындағы елді мекендерде онкологиялық көмекті күшей­туге «Қазақстан Халқына» қоғамдық қоры үлкен үлес қосады. Осы қор­дың­ көмегімен сәулелік терапия жүр­гізе­тін заманауи аппараттар – желі­лік үдет­кіш­тер, диагностикалық жаб­дықтар – сәу­ле­лік терапияны жос­парлау үшін вир­туалды модельдеу функциясы бар компь­ютерлік және магниттік-резонанс­тық томограф­тар орнатылмақ. Ересек­тер мен бала­лардағы онкологиялық, онко­­гема­тологиялық ауруларды емдеуге арнал­ған ісікке қарсы заманауи пре­па­рат­тар­ сатып алынады. Сондай-ақ қор қара­жа­ты есебінен медицина мамандары ше­телде біліктілігін арттырудан өтеді.

 

АЛМАТЫ