Ауыл • 27 Желтоқсан, 2023

Бес ауылға газ жетті

149 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қызылорда облысында елді мекендерді газдандыру жүйелі түрде жалғасып жатыр. Биыл да 12 ауылға «көгілдір отын» кіріп, аймақты газбен қамту көрсеткіші 75 пайызға жетті.

Бес ауылға газ жетті

Жыл тоғысында Жаңақорған, Шиелі аудандарындағы 5 елді мекенге табиғи газ жетіп, тұрғындар қуа­нышы еселене түсті. Қос аудан­ға жасаған сапарында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Шие­лідегі Еңбекші, Жиделіарық ауыл­дарында ұйымдастырылған сал­танатқа қатысты.

Биыл аудандағы 40 мыңнан аса тұрғын табиғи газ тұтынуға қол жеткізіпті. Аудандағы 6 елді мекенге газ тарату желілерін орнату үшін республикалық бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлініп, біраз жұмыс атқарылған. Келер жылға қаралып отырған 4 млрд теңгеге 12 елді мекенді газбен қамтамасыз ету жоспарда тұр. Осылайша, 2024 жылдың соңында облысты газдандыру деңгейі 78 пайызға жетпек.

Ауылдағылар қуанышына орай ұйымдастырылған іс-шарада «Ауыл – ел бесігі» ұлттық жобасы аясында газ жүргізуге үлес қосқан азаматтар мен аудан ардагерлері марапат төрінен көрінді.

Жаңа жылға санаулы күндер қалған осы бір сәтті Талаптан ауылдық округі тұрғындары да көпке дейін ұмыта қоймас. Олай дейтініміз, осы күні бұл ауылдық округте дәрігерлік амбулатория қолданысқа берілді. Облыстағы белді компанияның бірі – «Бақ-Береке» ЖШС салған амбулатория ғимараты жеке бу қазандығы арқылы дизель отынымен жылытылады. Тұрғындар барлық қажетті жабдығы жеткілікті жаңа ны­сан­ның ыңғайлы, сапалы салын­ға­нына ризашылықтарын білдірді. Осы күні дәл осындай амбулатория аудандағы Ақтоған ауылдық окру­гінде де ашылды.

Биыл көктемде Шиелімен ауылы аралас Жаңақорған ауда­нын­дағы Бірлік, Қыраш елді мекен­деріне «көгілдір отын» жетіп, Қаратаудың етегіндегі қос ауыл­дың қуанышына куә болғанбыз.

Ал осы дүйсенбі күні аудандағы Жайылма, Шалқия, Құттықожа ауылдарының тұрғындары үй­леріне тартылған табиғи газды алғаш рет тұтатты. Келер жылы осы аудандағы Кейден, Төменарық елді мекендері тұрғындары да «көгілдір отын» игілігін көре бас­тайды.

Сапар аясында облыс әкімі Жаңақорған ауданының Өзгент ауылдық округіндегі 150 орындық клубтың ашылу салтанатына да қа­тысты.

– Мемлекет басшысы ауыл жағ­­дайын жақсартуға баса мән беріп келеді. Мемлекеттің ауыл­дық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжы­рым­дамасына сәйкес мәдениет саласын өркендетуге қажетті жағ­дайлар жасалып та жатыр. Өрке­ниет­ті ұлт, ең алдымен, тарихымен, өнерімен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлесімен баға­ланады. Еліміздің, туған же­рі­­міздің атын әлемге танытып жүр­ген талай өнерпаздар ауыл­дан шыққан. Сондықтан мәде­ниет үйлерін, клубтарды бүгін­гі за­манның сұранысына сай ету аса маңызды. Бүгін есігін ай­қа­ра ашқан 150 орындық жаңа мә­де­ниет ошағы өскелең ұрпақты өнерге баулу орталығына айнала­ды деп сенемін, – деді аймақ басшысы.

Ауылдағылардың қуанышына ортақ­тасқан қоғам қайраткері, қар­жы саласының ардагері Қалқазбек Әжібеков жерлестерін құт­тықтап, ауыл ардагері Құдайберген Базар­баев бата берді.

Биыл облыста 150 орындық төрт клуб салынып пайдалануға бе­рілді. Ақжол ауылында спорт кешені, Жайылмада 150 орын­дық клуб ашылса, Қызылорда қаласында отбасылық құнды­лық­тар мен салт-дәстүрді дәріп­тейтін «Анаға тағзым», «Отба­сы» орталықтары жұмысын бастады. Облыс орталығындағы 1000 орындық «Өнер» орталы­ғы­ның құрылысы жуырда аяқталып, пай­далануға берілмек. Келер жылы 7 ауданда салтанат сарайы, кітап­хана, музей, архив және жастар, ардагерлер мен аналар бас қоса­тын «Руханият» орталықтары салына бастайды.

 

Қызылорда облысы