Пікір • 26 Желтоқсан, 2023

Саясаттың салқыны

115 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) Ресей спортшыларына келесі жылы Парижде алауы тұтанатын XXXIII жазғы Олимпия ойындарына қатысуға рұқ­сат бергенімен, оларға бірқатар қатаң шектеу қойып отыр. Нақтылай айт­сақ, төрт­жылдықтың басты додасында көр­ші­леріміз бейтарап команда ретінде өнер көрсетеді. Яғни Францияның бас шаһа­рында ресейліктерге мемлекеттік рәміз­дерін пайдалануға тыйым салынды. Тіптен сол елдің саңлақтары жеңіс­ке жеткен жағдайдың өзінде аталған елдің ән­ұраны шырқалмайды, туы көкте жел­біремейді. Дәл осындай талап Бела­руське де қойылып отыр.

Десек те осы шектеулерге әлемнің бір­қатар мемлекеті қанағаттанбай отыр. Қа­зіргі кезде олар ХОК-қа өз наразылығын біл­діріп жатыр. Мәселен, Ресейді басқыншы деп айып­тап отырған Украина аталған елді Олим­пия ойындарынан мүлде шеттету қажеттігін алға тартады. Жуырда Жастар ісі мен спорт министрінің міндетін атқарушы Матвей Бидный БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында ХОК-тың тарапынан Ресейге «тым жеңіл» жаза қолданылғанына өкініш білдірді. Киевтің ұстанымын ең бірінші болып Латвия қолдады. Аталған мемлекеттің президенті Эдгарс Ринкевичстің пікірі де осыған саяды. Осындай ұстанымды Бал­тық жағалауындағы Литва мен Эстония, басқа да бірқатар мемлекет қолдап отыр. Бірақ енді ХОК-тың ше­шімін өзгерте қоймайтыны анық.

Жалпы, жазғы Олимпия ойындарының тарихында жоғарыдағыдай оқиғалар ара-тұра орын алған. Мәселен, І дүниежүзілік соғысты бастаған Германия мен оның одақтастары – Аустрия, Мажарстан, Болгария және Түркия 1920 жылы Антверпенде алауы тұтанған Олимпия ойындарынан шеттетілді. КСРО-ға да сондай шектеу қойылды. ІІ дүниежүзілік соғыстың отын өршітіп, ақырында күйрей жеңілген Германия мен Жапония 1948 жылы Лондондағы ойындардан шеттетіліп қана қоймай, ХОК-тың қатарынан шығарылды.

1956 жылы Мельбурн олимпиадасына Тайпейдің қатысуына рұқсат берілгеніне наразы болған Қытай жасыл құрлыққа сапар шегуден үзілді-кесілді бас тартты. Жо­ғарыдағы жағдайды желеу еткен қытай елінің өкілдері 1960, 1964, 1968, 1972 жыл­дардағы жарыстарда да бой көрсетпеді. Жалпы, Аустралиядағы Олимпиадаға тағы жеті мемлекеттің спорттық делегациялары келген жоқ. Атап айтсақ, Мысыр, Ирак және Ливан Суэц қақтығысына байланысты осындай қадамға барды. Сол кезде Ұлыбритания, Франция және Израиль әскерлері Мы­сыр меншігіндегі Синай түбегін басып алған еді. Ал Швейцария, Испания, Нидер­ланд және Лихтенштейн кеңес одағы қарулы күштерінің Мажарстандағы толқуды басып-жаншып, бейбіт тұрғындарды қы­надай қырғанын айыптады.

1964 жылы Токиода жалауы желбіреген жарысқа Оңтүстік Африка Республикасы (ОАР), Индонезия, Солтүстік Кореяның спорт­шылары келмеді. Ол жерде де түрлі саяси және нәсілдік мәселе туындады. 1976 жылы Монреальға Африканың 20 мем­лекеті бармады. Олар Жаңа Зе­лан­дияның Олимпиадада өнер көрсетуіне қарсы болды. Себебі аралдықтар соның ал­дында ғана апартеид режімі белең алған ОАР-ға өздерінің регбишілер командасын жіберіп, бірнеше жолдастық кездесу өткізді. Қара құрлық өкілдерін Ирак пен Гайана да қолдады.

1979 жылы КСРО әскері Ауғанстанға баса-көктеп кіріп, сол елде коммунистік режім орнатқаны белгілі. Кеңес одағының басқыншылық әрекетін айыптаған АҚШ бастаған барлығы 65 мемлекет 1980 жылы Мәскеуде алауы тұтанған Олим­пия ой­ындарына бойкот жариялады. 1984 жылғы байрақты бәсеке Лос-Анджелесте ұйым­дастырылды. Оған КСРО бастаған социалистік бағыттағы бірнеше ел қатысқан жоқ. 1988 жылы Сеулге Солтүстік Корея құрамасы келмеді. Бұл бауырлас қос мемле­кеттің арасындағы ұзақ жылғы кикілжіңнің салдары еді. Оларды Куба мен Эфиопия қолдады.

1992 жылы Барселонадағы бәсекеде бұ­рындары КСРО құрамында болған 12 мемлекеттен (Балтық жағалауы елдерінен басқалары) бөлек, Югославия мен Македония ХОК туы астында өнер көрсетті. 2016 жылы Рио-де-Жанейрода Оңтүстік Судан, Кувейт, Сирия, Конго және Эфиопия құра­малары босқындар командасы ретінде күш сынасты.

Осылайша, саясаттың салқыны спортқа тиіп жатыр. Бұл жағдай бұрын да болған, қазір де солай. Ал содан кейін «Спорт саясаттан тыс» деп айтып көріңіз...