Аймақтар • 21 Желтоқсан, 2023

Жүлделі жастар жобасы

128 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қызылордада «Inno.Fest Qyzylorda-2023» инно­­ва­циялық жобалар фестивалі өтті. Аймақ дамуына серпін беретін жаңа инновациялық идеяларды қолдап, ІТ бағытқа қызығушы жастардың жобаларын қаржыландыруға жол ашатын байқауға қатысқан 250 команда­ арасында өңір жастарынан бөлек Астана, Түркістан қалаларының өкілдері болды.

Жүлделі жастар жобасы

ФОТО: aqmeshit-zhastary.kz

«Inno.Fest Qyzylorda» – «SmartСity», «Контент&Дизайн», «Кино&Видео» бағыттары бойынша 24 сағат ішінде идеядан прототипке­ дейін ІТ жоба әзірлеуді көздеген фестиваль. Онда жастар цифрлы сабақ жоспары, телефон алаяқтарынан қорғану, смарт туризм, «сөйлейтін» әліппе жобаларын ұсынды.

Фестиваль қатысушыларын бейнебайла­ныс­ арқылы құттықтаған Цифрлық даму, инно­ва­­ция­лар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушин «Inno.Fest» жас­тардың ізденісін ұлғайтып, қабілетін ашатын біре­гей жоба екенін айтты. Облыс әкімі аппараты бас­шысының орынбасары Ерлан Бәкіров аймақ бас­шысының ІТ саланың дамуына үлес қосып жүр­­ген жастарға әрдайым қолдау білдіретінін айтып, дәл қазір біздің нарыққа креативті индус­трия­ны­ қалыптастыратын азаматтар керегін атап өтті.

«Жақында ғана облыс әкімінің қолдауымен Қызылордада Сеул ғылым және технологиялар университетінің жасанды интеллект және жоғары математика мектебі ашылды. Енді біздің жастар жасанды интеллект саласындағы жаңашылдықтарды меңгеріп, Кореяда білімін жетілдіруге мүмкіндік алады. Сонымен бірге биыл «Inno.Fest» тарихында алғаш рет Астана ІТ университетінің гранты табысталды. Бұл – талапты жасқа үлкен қолдау», деді ол.

Фестивальда ІТ, медиа және киноиндус­трия­ саласында жетістікке жеткен спикерлер шақы­ры­лып, олар жастармен шеберлік сағаттарын өткізіп, идея­­ларды бірлесе талқылады.

Байқауда 9 жоба үздік деп танылды. Оларға жалпы жүлде қоры 3 млн теңге болатын сыйақы үлестірілді. Бірінші орын алған командаларға – 500 000 теңгенің, екінші орынға – 300 000 теңгенің, ал үшінші орын тұғырына шыққандарға 200 000 теңгенің қаржылай сертификаттары табысталды. Одан бөлек, үздік шыққан жастарға Astana IT университетінің 3 оқу гранты, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің 3 оқу гранты, «Болашақ» университетінің 3 оқу гранты, Қызылорда Ашық университетінің 1 оқу гранты берілді. Көптеген қатысушы фестиваль серіктестерінің бағалы сыйлықтарын иеленді.

Байқаудың ең жас қатысушысы 6 жасар­ Нұр­зе­рек Нұрадинов пен егде қатысушы
60 жас­­тағы Мавлютхан Cаматовқа арнайы сый­лық табыс етілді. Жастар жобасы жүлде иеленген байқауды Қызылорда облысы әкімі аппа­ратының Ақпараттық технологиялар орта­лы­ғы мен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда уни­вер­си­те­тінің «Kyzylorda Hub» бизнес-инкубаторы ұйым­дастырды.

 

Қызылорда облысы