Көрме • 16 Желтоқсан, 2023

Көңілге мұң ұялататын көрме

880 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыдағы Мемлекеттік орталық му­зейде «Желтоқсан – Тәуелсіздік жаң­ғы­рығы» атты көрме көпшілік назарына ұсынылды. Мұражай қорында Желтоқсан көтерілісіне қатысты 200-ден астам жәдігер сақталған.

Көңілге мұң ұялататын көрме

Көрмеге қойылған құнды экспонаттар қатарында 1986 жылғы Брежнев алаңында өткен Желтоқсан көтерілісіне қатысушы, КСРО халық әртісі Ә.Мәмбетовтің қанға боялған киімдері (пиджак, жейде және галстук) бірден көзге түседі. Танымал режиссер өз естелігінде: «1986 жылдың 17 желтоқсанында кеңес армиясы солдаттары бізді соққыға жығып, жүк көлігіне бірнеше адамды міңгестіріп жатқанда, түбінде ақиқат анықталарына сенгенмін. Сол күн туды», деп жазады.

впр

Сондай-ақ көрмеге Халық жазу­шысы Мұхтар Мағауиннің жеке кол­лекциясынан алынған темір арматура сойылдар қойылған. Бұл туралы қаламгер былайша баяндайды: «1986 жылы Желтоқсан оқиғасынан 10 шақты күн өткеннен кейін алаңға арнайы бет алдым. Қалың қар күреліп, алаңның шетіне үйілген екен. Әлдебір тұстан таяқтың ұшы көрінді. Сақшылардың көзін ала бере таяқты суырып алдым. Кері қайтып келдім де, тағы бір таяқты аршып алдым. Екеуін де үйге әкеліп, сақтап қойып едім». Жазушы сойылдарды 2014 жылы музей қорына өткізген.

апр

Көрмеге келушілер назарына 17-18 желтоқсан күндері дыбысты күшейту үшін пайдаланылған электромегафон, Желтоқсан көтерілісі негізінде «Аллажар» фильмін түсірген режиссер Қалдыбай Әбеновтің кешенінен алынған материалдар, Қайрат Рысқұлбековтің фотосуреттері мен жеке құжаттарының түпнұсқасы, өзге де Желтоқсан көте­рілісіне қатысушылардың заттық экспонаттары мен құжаттары, фотосуреттері және осы тарихи оқиға туралы жазылған кітаптар ұсынылды.

Көрменің ашылуына Желтоқсан ардагерлері қатысып, естеліктерімен бөлісті. Мәдени-танымдық іс-шара­да Б.Момышұлы атындағы Респуб­лика­лық «Жас Ұлан» мектебінің, Ұлт­тық қа­уіпсіздік комитеті Шекара акаде­мия­сының курсанттары, Алматы қаласы полиция департаментінің қызметкерлері өнер көрсетті.

 

АЛМАТЫ