Қаржы • 14 Желтоқсан, 2023

Микроқаржы ұйымы неге мұңайды?

152 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Қаржы нарығының қатысушылары Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНДРА) онлайн микроқаржы ұйымдарына (МҚҰ) қатысты халықтың борыштық жүктемесін азайту шаралары микро және шағын бизнес секторына теріс әсер етуі мүмкін деп санайды. Ал ҚНДРА басқаша ойлайды. Олардың мәліметінше, банк секторында 90 күннен астам мерзімі өткен несиелердің үлесі 5,2 пайызды құрайды, бұл 0,5 трлн теңгеге тең.

Микроқаржы ұйымы неге мұңайды?

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Онлайн несиені беру талабына өзге­рістер енгізу – осы күнге дейін көп тал­қы­ланған тақырыптардың бірі. Тіпті ақжемденіп кетті десе де болады. 2018 жылы болған қоғамдық талқылаулардың бірінде де Ұлттық банк осы саланы интернет нарықпен реттеу туралы ұсыныс айтты. Онлайн жүйеде қарыз алушылардың құқығын қорғау және бар олқылықтарды жою үшін Азаматтық кодекстің «Қарыз алушымен – жеке тұлғамен жасалған несиелік шарттың ерекшеліктері» бабымен толыққанын әлі ұмытқан жоқпыз. Несие шарты бойынша несие сомасын қайтару және (немесе) сыйақы төлеу міндеттемесін бұзғаны үшін тұрақсыздық айыбының сомасы әрбір кешіктірілген күн үшін өтелмеген міндеттеме сомасының 0,5%-нан аспайтыны да 2018 жылы арнайы ережемен бекітілді. 2020 жылғы 1 қаңтардан бас­тап күшіне енген микроқаржы қызметін реттейтін заңнамаға енгізілген өзгерістер микроқаржы ұйымдарына жаңа қарыз капиталы нарығына қол жеткізуге мүмкіндік ашты – оларға облигациялар шығаруға рұқсат берілді.

Сарапшылар МҚҰ-ның есін жиюына сол ереже себеп болғанын күні бүгінге дейін айтады.

Жалпы, сарапшылар «Үкімет те, Ұлттық банк те МҚҰ еркелігіне көз жұмып қарайды» деген пікірді жиі айтатын. Тіпті кейбір МҚҰ-ның несиелік пайызы 200 пайыздан асып кеткен кезде де Ұлттық банк көз жұмып қарады, дәстүрлі банктердің қолы жетпей жатқан тұстарға МҚҰ-ның жетуіне мүмкіндік берді. Бірақ мұның бәрі уақытша екені, МҚҰ-ға ес жиып алуға берілген мүмкіндік екені ке­йін білінді.

Несие алушылардың жалпы санынан 516 мың адамның немесе 7 пайызының мерзімі өткен несиесі бар. Микроқаржы секторында 347 мың қарыз алушы 90 күннен астам 98 млрд теңге сомасында несие төлемдерін кешіктірген. Осы мәселеге байланысты Алматыда өткен дөңгелек үстелде мамандар проблемалық несие алушылардың жағдайын жақсарту үшін нені өзгерту керек, нені өзгертпеу керектігін талқылады.

МҚҰ-ның аяқасты «мұңайып» қалуы­ның өзіндік сыры бар. Ұлттық банк пен Үкімет нарықты әлсіз ойыншылардан тазарту және ашықтықты арттыру үшін біраз шаруаның бетін қайырып тастады. Келер жылы елдегі МҚҰ-лардың бірі екінші деңгейлі банкке (ЕДБ-ге) айналады деген болжам батылырақ айтыла бас­тады. Бұл шағын қаржы ұйымдарының арасында бәсеке көрігін қыздырып жіберетіні анық. Ендігі жерде МҚҰ үшін сыйлықтың көкесі ЕДБ мандаты болғалы тұр. ЕДБ-да салымшының деректер базасын скорингтік және сараптамалық талдау мониторингі ақылы 10-15 минутта анықтап береді. Олардағы қазіргі жетістік – ұзақ жылғы дайындықтың жемісі. Ал МҚҰ-да мұндай мүмкіндік жоқ.

Осы басқосу тізгінін өз міндетіне алған FinTech қауымдастығының басқарма төр­а­ғасы Алексей Сидоров онлайн микрокредит нарығындағы өзгерістермен бөлісті.

Технологияның, соның ішінде финтех секторының қарқынды дамуына қарамастан, онлайн-несиелеудің дамуы барлық жерде өз ерекшеліктеріне ие. Мысалы, Ұлыбритания мен АҚШ-та бұл сектор ұзақ уақыт бойы табысты дамып келеді, технологиялар Шығыс Еуропада, Балтық жағалауы елдерінде және ТМД елдерінде енді даму үстінде. Халықтың несиеге батуына онлайн несиелер немесе МҚҰ кінәлі деп кесіп айтуға болмайды. Қаржыландырудың мұндай тетігі мемлекет пен мемлекет арасындағы конструктивті диалогке мүмкіндік береді. Басқаша айтқанда бизнестің ерекше түрі.

Ал біздің елде МҚҰ-ның жалпы ха­лықтық сипатқа ие бола алмауына тұтынушы­лықтың қолының қысқалығы, жұмыс­сыз­дардың көптігі себеп болып отыр. Бұл олардың айналымдағы капи­та­лын арт­тыруға кедергі. Қазір қан­ша адамның жұмыссыз екенін БЖЗҚ са­лым­шыларының санынан көреміз. Қазір шамамен 2,55 миллионға жуық адам ешқандай жарна аудармаған. Осынша адамды банктік скоринг несиеге бекітпейді дегенді біл­діреді. Олар қар­жылық мәселесін шешу үшін ама­лы­ның жоқтығынан МҚҰ-ның көмегіне жүгінеді. Ал МҚҰ-лардың несие пайызы ЕДБ-ға қарағанда жоғары. Сондай-ақ сарапшы 2020 жылдан бастап нарық реттеле бастағанын, бұл қауымдас­тық­тың өз бастамасымен қаржылық рет­теу­шінің қолдауының арқасында мүмкін болғанын атап өтті. 2021 жылдан бастап клиенттер үшін міндетті биометрика енгізілді, борышкерлермен жағдайды сотқа дейін реттеу талаптары, МҚҰ өз балансында сақтай алатын үмітсіз берешектер бойынша лимиттер белгіленді, пайыздық мөлшерлемелер төмендетілді және өз­гер­тулер енгізілді. Егер қарыз алушы 50 АЕК-ке дейін несие алып, мерзімін кешіктірсе, онда жаңа ережеге сәйкес ол ұзақ уақыт кешіктірілсе де несиенің 50 пайызын төлемейді. Қысқамерзімді несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелер 30%-дан 15-20%-ға дейін төмендеді. Микронесиенің бизнес моделі банктік несиелерден ерекшеленеді, орташа есеппен 2 апта мерзімімен 60-70 мың теңгені құрайды. МҚҰ банк­термен бірдей мөлшерлемелермен жұмыс істей алмайды, өйткені шағын сомалар­ды шығару шығындары кірістен айтарлықтай жоғары. Мысалы, жылдық мөлшерлемесі 56% болатын 100 мың теңгеден кіріс шамамен 4,7% немесе екі аптада 2 400 теңге шамасында болады, бұл операциялық шығындарды өтемейді. Бұл ретте тәуе­келді бағалау, банктік несиені аудару және басқа да шығындар 8-10 мың теңгеге жетіп, несие беруді тиімсіз етіп, сектордың өмір сүруіне қауіп төндіреді.

Оның айтуынша, 2023 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша МҚҰ онлайн-режімінде ақшалай түрде берген несие­ле­рі­нің үлесі жеке тұлғаларға банк­­­тер мен барлық МҚҰ берген несиелердің жалпы көлемінің 0,6 пайызынан аспайды. «Біз несие нарығының өте аз бөлігін құраймыз. Біздің ойы­­­мызша, билік аза­маттардың қарыз ауырт­­­­палығын тал­қы­лау­да бізге тым көп көңіл бөледі. Біздің сектор банк өнімдері қолжетімді емес, қанағаттану деңгейі жоғары азамат­тар­ға жоғары сапалы қызмет көрсетеді», дейді Алексей Сидоров.

Ол онлайн МҚҰ клиенттерінің басым көпшілігі – шамамен 70 пайызы – өңір­лерде тұратынын, қарыз алушылар­дың 30 пайызы ғана Алматы мен Астанада орналасқанын атап өтті. Заң МҚҰ-ға берілетін ең жоғары несиені 50 айлық есептік көрсеткішпен (АЕК) шектейді, бұл 170 500 теңгеге тең, бірақ әдетте МҚҰ азырақ сомада несие береді. Орта­ша несие 63 мың теңге болса, банк­тің ке­пілсіз несиесі 1 миллион теңге шама­сында.

Сарапшы 2020 жылдан бастап бұл саланы реттеу қатаңдай түскенін атап өтті. Реттеуші тұтынушыларды қорғауға бағытталған МҚҰ қызметіне шектеулер енгізілді: борыштық жүктеме коэф­фи­циентін есептеу, 60 күннен астам кешіктірілген жаңа несиелерге және комиссиялық төлемдерге тыйым салу. Кешіктірілген жағдайда артық төлем лимиті 50% мөлшерінде белгіленеді. 2021 жылы қосымша шаралар енгізілді: биометриялық сәйкестендіру, борышкерлерге қатысты жағдайларды сотқа дейін шешу міндеттемесі. Шекті сыйақы мөлшерлемесі 30%-дан 15-20%-ға дейін төмендетілді.

Сарапшы енгізілген ҚНДРА шаралары адекватты және қарыз алушыларды қорғауға ықпал ететініне сенімді. Деген­мен ол мөлшерлемелерді одан әрі төмендету сек­тордың жойылуына әкеледі деген пікір білдірді.

Капитал салығы бойынша мін­дет­темені есептеу механизмін өзгер­ту қа­рыздың шамадан тыс жүктелу мәселесін шешпейді.

Парламенттік тыңдаулар барысын­да ҚНДРА 2020 жылы енгізілген, банк­тер мен микроқаржы ұйымдарын қарыз алушының ай сайынғы ең жоғары төлем­де­рін оның кірісінің 50%-ына дейін шектейтін борыштық жүктеме коэф­фи­циентін есептеуге міндеттейтін талап туралы еске салды. ҚНДРА қарыз алушы­ның тұрақты кірісін анықтайтын он екі кри­терийдің төртеуін алып тастауды ұсын­ды.

Сарапшылар қосымша табыс салығын қатайтудың тиімділігіне күмән келтірді, өйткені енді МҚҰ оны тек расталған ресми кіріс негізінде есептеуі керек, ал МҚҰ клиенттерінің жартысы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен микро­кәсіпкерлер болып табылады, олар көбінесе ресми кірісі мен несиелік тарихы жеткілікті емес. Бұл жаңа механизмде халықтың нақты табысы, әсіресе 50-60 мың теңге көлеміндегі шағын несиелер ескерілмеуі мүмкін деген сөз. Нәтижесінде, МҚҰ бұрын 3-5 жыл бойы сенімді клиент болған қарыз алушыларға да несие беруден бас тартуға мәжбүр.

Микроқаржы ұйымдарындағы «қайта­рылуы күмәнді» несиелердің үлесі 9%-дан аспайды. Экономист Рахым Ошақбаев микронесие секторында 90 күннен астам мерзімі өткен төлемдер тұтынушылық несиелер портфелінің 9 пайызынан ас­пайтынын атап өтті – бұл 98 миллиард теңге. Барлығы 347 мың қарыз алушының мерзімі өткен берешегі бар. «Банктерде проблемалық қарыз деңгейі шамамен 14%-ды құрайды – бұл баланстан есептен шығарылған несиелерді есепке алмайды. 1 миллион 26 мың қарыз алушының проблемалық несиесі бар», деп атап көрсетеді сарапшы.

Рахым Ошақбаев Қазақстандағы қа­рызды өндіріп алу жүйесінің тиім­сіз­дігіне тоқталып, қарыз алушы­лар­дың ұзақ уақыт бойы берешегі болып қала беретін жағдайларды атады. Оның атап өтуінше, көптеген ірі жұмыс берушілер қызметкерлердің есепшоттары ұсталғандықтан жалақыны «конвертте» төлеуді жиі сұрайтынына шағымданады.

Рахым Ошақбаев қарыздың шамадан тыс жүктелу мәселесін шешу банкроттық туралы тиімді заң болуы мүмкін деп есептейді, ол дәрменсіздерге құқықтық мәртебе беріп, қаржылық ұйымдарды жауапкершілікпен несиелеуге мәжбүр ететінін де қаперге салып өтті. Сарапшы осы жолы «бұл жаңалық банктерге «зиян­ды» қарыз алушылардан және соған байланысты шығындардан аулақ болуға мүмкіндік береді», дегенді ашық айтты.

Экономист «Жеке тұлғалардың банк­­рот­­тығы туралы» заң қабылдан­ға­­нымен, «банктік және коллекторлық лоб­­бидің ықпалымен жасалғаны» анық деп есептейді. «Қыркүйек айының басында банкроттық туралы 67 мың өтініш түсіп, 4 мыңнан аз адам банкрот деп танылған – бұл 6 пайызға да жетпейді. Және бұл деректерді 90 күннен астам міндеттемелерін орындамаған 1,5 мил­­лион қарыз алушымен салыстырыңыз. Менің ойымша, нарықтағы қарыз жүк­темесін қарыз алушыларға төлем қабі­летсіздігінің құқықтық мәртебесін ре­сімдеу құқығын беру арқылы ғана азай­туға болады. Ал қаржы институттары бизнес үлгісін өз­гер­­те бастайды – қа­рыз алушының тө­лем қабілеттілігін баға­лағанда қайтара алатындарға несие беру үшін тиімдірек балл жинайды», дейді экономист.

Бүгінде елімізде қарызы бар азаматтар тұтыну несиесін ала алады. Әдетте, берешек банктік несиелерден басталады, содан кейін қарыз алушылар шағын несие алуға өтініш береді. «Нақты қарыз проб­­лемасы жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңмен байланысты, ол дұрыс жұмыс істемейді», деп атап өтті Рахым Ошақбаев.

 

АЛМАТЫ