Тұлға • 10 Желтоқсан, 2023

Қан-тамыр хирургиясының негізін қалаған

252 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Биыл қазақ медицинасында атап өтетін айтулы екі дата бар. Біріншісі – медицина ғылымдарының докторы, профессор Тұрар Көкеевтің 90 жылдық мерейтойы. Ғұмырын денсаулық сақтау саласына арнаған ол қолынан скальпелін тастамады, шәкірт тәрбиелеуден де шет қалмады. С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде еңбек етті. Екіншісі – осы Тұрар ағамыз бастауында тұрған Қазақстан қан-тамыр хирургиясының құрылғанына 65 жыл. Меніңше, осы екі күнді бөле-жарып елестету деген тіптен мүмкін емес.

Қан-тамыр хирургиясының негізін қалаған

Тұрар Көкеев 1933 жылы 15 желтоқ­сан­да Жамбыл облысының Талас ауданында қарапайым отбасында дүниеге келген. Жасынан еңбекпен ысылып, шыңдалған. Әкесі Қойшығара кеңшарда жыл­қы баққан. Ол кез темір тұл­пар дегеннің ілуде біреуі ғана көзге ілігетін. Шаруашылықтағы негізгі көлік жыл­қы малы еді. Екінші дүниежүзілік со­ғыстың жалыны шарпыған тұста Тұрар мектепке енді барған еді. Әкесі 1941 жылдың қазанында замандас­тарымен бірге майданға аттанды. Сол кеткеннен 1944 жылға дейін майдан даласында жаумен алысқан әкесі Батыс Беларусь жерінде жарақат алады. Кеудеге тиген оқ өкпені зақымдайды. Ол заманда өкпе хирургиясы деген әлі дамымаған. Амал жоқ, жауынгердің өкпесінің бір бөлігі іріңдеп, «әскерге жарамсыз» деген қағазбен елге қайтады. Содан төсек тартып қалған әкей денесін жайлаған іріңді удан оңала алмай, 1946 жылдың қаңтарында бақилыққа аттанып кете барады. Өмірінде хат танымаған әке хал үстінде жатып, баласына: «Мен өмірде көп қиындық көрдім. Енді сен мықты азамат бол, дәрігер болуға тырыс», деп өсиет етіпті.

Аурушаң анасы аяқтанып үлгер­ме­ген үш баламен жесір қалады. Тұрар ағамыздың сол күндер жайлы естеліктерінен анасы Зибагүлдің батылдығына қайран қаласың. Белді бекем буып, қиындыққа қайыспайтын ер мінезіне тәнті боласың. Күйеуінен айырылған жесір ана қолөнерді меңгеріп алаша-кілем тоқыған, киіз, текемет басып, құрақ көрпе, сырмақ тігіп, үй жабдығын дайындаған. Онымен қоймай, бау-бақша егіп, қауынішек, қауынқұрт жасап балаларын жетілдірген. Қайратын жаныған қайран шеше балаларын оқытты. Құлыншақтарын ел қатарына қосты.

Ал біздің кейіпкеріміз Тұрар – үйдің үлкені. Әкесі қайтқаннан кейін, бесінші сыныптан бастап ересектермен теңдей еңбекке араласты. Сол кездің өзінде күзгі жиын-терінде ерекше көзге түскен бозбала Тұрарды басшылық есеп­ші қылып тағайындайды. Араға біраз уақыт салып бас есепші алғыр баланы өзіне көмекші етіп шақырады. Бірақ осы жылдар аралығында бір кездері әкеге берген уәдесін естен шығармаған Тұрар Жамбыл қаласына оқуға кетеді. Ол кезде облыс орталығында педа­гогикалық, зооветеринарлық және фель­дшерлік-акушерлік бағытта тәлім беретін үш техникум болатын. Әке өсиетін орын­дауға белін бекем буған бозбала фельдшерлік-акушерлік тех­никумға тапсырады. Орта оқу орнын тәмамдағаннан кейін Алматыға аттанып, сол кезде С.Молотов атындағы Медицина институтына оқуға түседі. Білімі, ой-өресі қатарластарынан кем түспейтінін түсінген ол оқуға ерекше құлшыныспен ден қояды. Мықты ұстаздардан тәлім алады. Сталиндік стипендия иегері атанады.

Т.Көкеев жоғары медициналық оқу орнын бітіргеннен кейін өзі сұранып жүріп, туған жері Таласқа аттануды құп көреді. Онысы тегін емес-ті. Аз уақытта аудандық аурухананың жұмысын жандандырады. Оқуын жаңа тәмамдаған білікті маман жергілікті денсаулық сақтау саласының жұмысына жаңа леп əкеледі. Ондағы материалдық-техникалық базаның нашарлығына, дәрі-дәрмек, маман тапшылығына қарамастан науқастарды емдеп, қолы шипалы дəрігер ретінде жұртқа таныла бастайды. Аудандық ауруханада ол тұңғыш рет медициналық түсік жасайды. «Ойық» елді мекенінен ауыр халде жеткізілген қарт кісіге сібір ж­а­расы диагнозын қойып, емдейді. Жалпы, аудан шөл және шөлейт ай­мақ­та орналасқандықтан мұнда су-тұз алмасу үдерісінің бұзылуынан туын­дайтын патологиялар көп кездеседі. Тұрар Қойшығараұлы сондай дертке шалдыққан талай науқастың жанына араша түсіп, халық алғысына бөленген.

Ғалымдардың дарынды түлектер арасынан ұлттық ғылыми кадр даярлау туралы ұсынысына құлақ асқан Денсаулық сақтау министрлігі қыркүйекте бір топ түлекті аспирантураға шақырады. Сол шақырумен Тұрар ағамыз қайта Алматыға оралады. Әйгілі профессор Михаил Брякиннің жетекшілігімен ғылыми жұмысқа кіріседі. Ол кез елі­міз­де қан-тамыр хирургиясы мүлде қалыптаспаған. Білікті маман деген жоқтың қасы. Соны жақсы түсінген ғылыми жетекші дарынды шəкіртіне сенім артып, түрен түспеген қан-тамыр­лар хирургиясы тақырыбында ғы­лыми тақырып ұсынады. Кейін М.Бря­киннің қолдауымен госпи­таль­дық хирургия клиникасы жанынан республикадағы тұңғыш қан-тамыр хирургиясы бөлім­шесі ашылады. Т.Көкеев сол жерде еліміздің түкпір-түкпірінен келген нау­қастарға түрлі операция жасайды. Оның ішінде күретамырдың окклюзивтік ауруларына шалдыққан пациенттерге жасалған алғашқы қалпына кел­тіру операциялары да бар. Ғылыми жетек­шісі Михаил Брякинмен бірге қан-тамыр хирургиясының негізін қалап, тіпті күрделі операция жасаудан қаймықпайды. Осылайша, ауыр халде жатқан талай науқасты аман алып қалған.

Т.Көкеев әр жылдары қажырлы еңбе­гіне сай лайықты марапат алып отырды. Хирургия саласына сіңірген еңбегі үшін «КСРО Денсаулық сақтау саласының үздігі» төсбелгісімен, «Қазақ КСР Жоғарғы мектебінің еңбек сіңірген қайраткері» атағымен марапатталады. 1997 жылы қан-тамыр хирургиясы саласын білікті ұйымдастырып, хирургиялық кадр даярлауға сүбелі үлес қосқан Тұрар Қойшығараұлы А.Сызғанов атындағы хирургия ғы­лыми орталығының «Құрметті про­фессоры» атанады. 2011 жылы Халықаралық хирургтер конгресінде «Алтын медальмен», Дəрігерлер қауым­дастығының «Алтын дəрігер» төс­бел­гісімен марапатталады. Негізі Т.Көкеев тәрбиелеген шәкірттердің өзі – бір төбе. Олар бүгінде елдің денсаулық сақтау саласында қажырлы еңбек етіп жүр.

Тұрар Қойшығараұлының ұлт азаматы ретінде қазақ тіліне жасаған жанашырлығы мен қамқорлығы да ерекше еді. Ел тәуелсіздігін алған жылдары қазақ тілінде медициналық оқулықтар болған жоқ. Осы олқылықты дер шағында аңғарған ол қазақ тілді студенттерге арнап оқулықтар жазуға кірісті. Т.Көкеевтің салаға білікті дәрігер даярлау ісіне қосқан үлесі зор екенін айттық. Медицина институтында алғаш рет интернатура ашып, хирургиялық интернатураға жетекшілік еткен де – осы кісі. Ұстаздың «Natura Sanat, medicus curat» (табиғат емдейді, ал дәрігер оған көмектеседі), «Ex juvantibuset nocentibus» (емдеп көр, бірақ зиян келтірме), «Mons sans – in corpore sans» (дені саудың – жаны сау) сынды қанатты сөздерін көптеген шәкірті өмірлік қағи­даға айналдырған.

Халқы қадір тұтқан Тұрар Қойшы­ға­ра­ұлы – Жамбыл және Алматы об­лыстарының құрметті азаматы. Ғалым, ұстаз көзі тірісінде өз ортасында құрметке бөленді. Саналы ғұмырын денсаулық сақтау саласын өрістетуге, ұлт ғылымын дамытуға, дәрігер даяр­лауға арнаған ісі – ізбасарлары мен шәкірттеріне әрқашан үлгі.

 

Болатбек БАЙМАХАНОВ,

Ұлттық хирургия орталығының төрағасы, ҰҒА академигі