Ән • 07 Желтоқсан, 2023

«Ауыл сағынышы» әні қалай туған?

181 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Ауыл сағынышы» дейтін керемет ән бар. «Ұқсайсың меніменен бір­ туғанға, Ұқсайды мінез-құлқың, тұр-тұлғаң да, Анамның саусағының табы түс­кен, Ағатай, жанқалтаңда құртың бар ма?...» деп басталып соңы: «Сағындым саха­ра­ның қыр көктемін, Сағындым Сарғұсынның жел өттерін, Сағындым сары күзде қо­ңырау­ла­тып, Қайтатын аққу-қаздың тізбектерін» деген аса мұңлы, нәзік әуенмен аяқ­та­лады.

«Ауыл сағынышы» әні қалай туған?

Жоғарыдағы әннің сөзін жаз­­ған – Жәркен Бөдеш­­ұлы. Жалпы, бұл ақын аға­мыз­дың тұла­­ бойы сағыныш, соның ішін­де туған жерін, балалық бал күні өткен мекенін саналы ғұмы­рында жүрегіне арқалап, сана­сына шегелеп өткен шайыр. «Туған жердің қар-мұзы, Аяз­ыңмен жуындыр, Туған жердің бал қызы, Бұрымыңмен буындыр, Туған жердің бұлағы, Толқыныңмен ат мені, Туған жердің жыланы, Шырылдатып шақ мені...» дейді Жәркен жы­рау. Қандай теңеу, қандай шы­на­йылық.

Ал жоғарыдағы «Ауыл сағы­ны­шы» әніне келер болсақ, бұл кездейсоқ бұрқ ете қалған жүрек әмірі тәрізді. Жырдың жазылу тарихына қатысты автор­дың өз аузынан естіген Сағи Мұсаұлы деген азаматтың айтуына қарағанда, 1990 жылдары Талдықорған өңірінен Шәкен деген кісі Іле Қазақ Автономиялы Районының Тар­ба­­ғатай аймағына туысшылап барады. Осы сапарында атажұрттан келген жолаушы Толы ауда­нының тұрғыны Ғизат Сейіт­қазыұлы деген күйшімен танысады. Ғизекең азғана күн дәмдес болған Шәкенді шекара шебіне дейін жеткізіп салып тұрып, аузын ұқыптап тіккен жұдырықтай түйіншек ұстатады. «Мына сәлемдемені Жәркен Бөдешке табыс ет!».

Сәлемдеме аман-есен иесіне жетеді. Ашып көрсе, бір бума арша мен бір уыс құрт. Ең бастысы туған жердің исі аңқып тұр. Көңілі толқиды, көзде жас... Сөйтіп, апақ-сапақта Жәркеннің көке­йіне қазіргі керемет жыр­дың сұлбасы ұялайды. Екі күннен кейін көкейге сұлба­лан­ған­ жыр қағазға түседі. Арада бір-екі жыл өткенде Жәркен бұл өлеңді телеэкранға алып шы­ға­ды. Күркіреп оқиды, ел дүркіреп қол соғады...

Дәл осы сәтті шекараның ар­ғы жағында қазақ теледида­рын бұлдыр-салдыр көріп отыр­ған жоғарыдағы Ғизат күйші Жәркен оқыған мәтінді диктофонға жазып ала қояды. Ерте­ңінде сазгер болуға талап­та­нып жүрген баласы Думанға тың­датады. Сергек жігіт бір­ден: «Әке, мынау әнге сұра­нып тұрған мәтін ғой», деп іске кіріседі. Сөйтіп, қазір­гі таң­да­ көп­шілік сүйіп тың­дайтын «Ауыл­ сағынышы» әні дүниеге келеді.

«Араға талай жыл салып Жәр­кен­ Бөдеш­­ұлы туған жері Толы­ға келді. Жер­лес­тері ақын­ды «Ауыл сағынышы» әнімен қарсы алды. Замандасы күйші Ғизат сағыныш жыршысы Жәр­кен­ге арнап «Сар­қасқаның сарыны» атты күй шығарып, кездесу кезінде орын­дады. Сағыныш жырына кере­мет ән шығарған Думан Ғиза­т­ұлына ақын ағасы Жәркен риза­шыл­ығын білдіріп, алғыс-батасын жаудырады» деп жазыпты ШҰАР Бұра­тола автономиялық Моңғол облы­сы Жың ауданының тұр­ғыны, әдебиетші-ұстаз Сағи­дол­да Мұсақынұлы атты қанда­сы­мыз.