Қоғам • 05 Желтоқсан, 2023

Волонтерлік – қоғам ізгілігі

146 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүгін – Халықаралық волонтерлер күні. Еріктіліктің қуаты мен әлеуетін атап өтетін мерекені БҰҰ Бас Ассамблеясы осыдан 38 жыл бұрын бекітті. Бүгінде алты құрлықтағы 8 миллиард адамның 1 миллиардқа жуығы –қоғамға мейірім сәулесін шашып жүрген волонтерлер. Бұл – үлкен күш. Қазақ елінде қанша волонтер бар? Оларға мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетіліп жатыр?

Волонтерлік – қоғам ізгілігі

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Абылайхан Әбдірәш – дәрігер-волонтер. Оның 2-курста университет жанынан құрған шағын студент­тік кеңесі қазір «Медицина жас­тары» республикалық қоғамдық бірлес­тігі­не айналды. Қанатының астында 3 мың­нан аса волонтер бар. Ұйым ел­дегі 16 мың­нан аса мұқтаж жанға көмек қо­лын созып, денсаулық сақтау және халықтың медициналық сауатын арттыру мақсатында 250-ден астам әлеуметтік маңызы бар іс-шара өткізген.

– Абай атамыз «Пайда ойлама, ар ойла» деген. Яғни әр азамат «Қоғамның дамуына қалай үлес қосамын?» деп ойланғаны абзал. Білетінімізді өзімізден кейінгі буынға үйретсек, адал еңбек етсек – арымыз да таза. Астана меди­цина университетінде оқып жүргенім­де-ақ отандастарыма көмектесуді көздеген едім. Міне, волонтерлікпен айналысқаныма 8 жылдан асты. 2020 жылы басталған пандемия медицина мен денсаулық сақтау біздің елдің әрбір азаматы үшін ең маңызды салалар екенін көрсетті. Өкінішке қарай, елде медицина мамандары тапшы. Демек медициналық еріктілікті дамыту қажет. Әсіресе аймақтық денсаулық сақ­тау саласына сертификатталған меди­ци­налық волонтерлерді даярлау керек. Олар дәрігерлер мен медбикелердің көмекші­лері ретінде науқастарға көмек көрсетіп, тұрғындар арасында профилактикалық жұмыстарды жүргізе алады. Осылайша, елдің өркендеуіне аз да болса үлес қоса аламыз, – деді «Медицина жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абылайхан Әбдірәш.

Біздегі жанашырлардың жұрт­­қа жасаған жақсылығы аз емес. Көбі­нің игі істері көзден таса қалады. Өз еркімен, жүрек қала­уымен елге жәрдемдесіп жүр­ген жанның тағы бірі – Әсия Құл­­жанова. Алғаш облыстық «Қы­зыл Ай қоғамы» қоғамдық бірлес­ті­гінде жетекші болып, қиналғанға қол ұшын созған волонтер, қазір жеке топ құрып, халқымыздың қанында бар игі дәстүрді насихаттап жүр.

ыпр

– Волонтерлік жолдағы игі істер халқымыздың бірлігін бе­кем­дей түседі. Осы тұста үкі­меттік емес ұйымдарға мем­лекеттің қолдауы маңызды. Біз әлеуметтік осал топтар өкілдеріне тұрақты жәрдем беріп, жүздеген жанға көмек көрсеттік. Сондай-ақ құқық қорғау органдары қыз­меткерлерімен бірге қоғамдық қауіп­сіздікті қам­­тамасыз ету мақ­са­тында бір­неше мәрте рейдке де шық­тық. Бәрі волонтерлікті тегін қызмет, жәрдемдесу деп біледі. Шынына келсек, әр азамат ерік­ті болып көмектесуі керек. Көмекке мұқтаж адамдар көп. Мәселе тек материалдық көмек­те емес. Жылы сөз айтып, қиын сәтте қол­да­ғаныңыздың өзі – қамқорлық. Күнделікті жұ­мыста «бәрі жақсы болады» деген бір ауыз сөзді естігісі келетіндер көп. Сондықтан «волонтерлер» деп жауапкершілік пен міндетті шектемеген жөн. Бұл барлығымыз бірге жұмыла іс­тейтін жұмыс, – деді «Батыс» волонтерлік тобының жетекшісі Әсия Құлжанова.

Есеппен емес, қоғамға әлеуеті жеткенше көмектескендерді елеп-ескеріп, алғыс айтуды Президент те назардан тыс қалдырған емес. Мау­сым айында өткен Ха­лық­аралық волонтерлер форумында Мемлекет басшысы еріктілер қоғамда айрықша рөл атқаратынын айтып, волонтерлік пен қайырымдылық дәстүрін нығайту үшін бірнеше кешенді іс-шара қабылдауды ұсынған.

«Осы саладағы стратегиялық бағыттарды нақты көрсететін жаңа Жол картасын әзірлеу керек. Аталған құжат волонтерлік қозғалысқа тың серпін беріп, оның таяу жылдардағы да­муының басты бағыттарын айқын­дауға тиіс. Екіншіден, ерік­тілік пен қайырымдылық ісін есепке алатын жүйені кезең-кезеңімен енгізу қажет. Бұл бастама волонтерлік қоз­ғалысты ынталандыру үшін заңнамалық деңгейде тиімді шаралар қабылдауға мүмкіндік бере­ді. Үшіншіден, волонтерлік қоз­­ғалысты ұзақмерзімді грант беру арқылы ынталандыру керек. Бұл ретте мемлекеттік және жекеменшік грант берушілер арасында тұрақты серіктестік орнатып, отандық және халықаралық донорлардың бір-бірімен нәти­желі ынтымақтастығын қалып­тастыру маңызды. Төр­тін­ші­ден, волонтерлік және қайы­ры­­м­­дылық істерді институт­тық тұрғыда қол­дау инфрақұрылымын дәйекті түрде дамытқан жөн. Ол үшін волонтерлердің ұлттық және аймақтық деңгейдегі фронт-офисінің ұйымдастырушылық, техникалық және кадрлық әле­уетін күшейту қажет. Бесін­шіден, волонтерлік қызмет сала­сын­дағы халықаралық ынты­мақтастықты одан әрі нығайтуға және ілгерілетуге ерекше назар аудару қажет», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Форумда қаузалған тақырып­тың бірі төтенше жағдай кезіндегі волонтерлерді сақтандыру мәсе­лесі еді. Ұлттық волонтерлер желі­сінің атқарушы дирек­то­­ры­ның орынбасары Айбек Досым­бетов­тің сөзінше, бүгінде «Волон­терлік қызмет туралы» заңға мемлекет тарапынан өз­ге­ріс­тер мен түзетулер енгізу көз­де­ліп отыр.

– Қазір волонтерлікті дамыту жол картасы әзірленіп жатыр. Құжат 2024 жылдың басында қабылданады деген үміт бар. Министрлікке өз ұсыныс­та­рымызды жеткіз­дік. Басты акцент – волонтерліктің түрлі салаларын дамытудың жүйесін жасақтау. Мәселен, Денсаулық сақтау министрлігінің аясында дәрігер волонтерлерді оқыту қолға алынбақшы. Осылайша, өзге де сала өкілдеріне арнайы тапсырма беріліп жатыр. Өздері оқытып, арнайы сертификаттарын тағайындайтын мүмкіндіктерді ойластырудамыз. Арасында студент волонтерлерге қандай көмек қарастырылуы керек деген сынды сауалдар жіті тал­­данады. Сондай-ақ аудан, ауыл болсын республиканың түкпір-түкпіріндегі волонтерлік ұйымдардың кез келгені волон­терлік жобаны игеруге өтінім беру жағдайын, төтенше жағдай кезіндегі еріктілерге қызыл аймаққа кіріп, қызмет көрсете алатын арнайы куәлік беруді қарастырып жатырмыз, – деді ол.

Қазір елімізде 680 волон­терлік ұйым бар. Ал тұрақты волон­тер­лік­пен айналысатын адамдар саны 160 мыңнан асып жығылады. Әрі барлық аймақта 20 фронт-офис жұмыс істеп тұр. Демек кез келген отандасымыз волонтерлер тобына мүше болып, пайдалы іске өз үлесін қоса алады.