
Архив ісіне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар туралы заң жобасы жөнінде Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов баяндады. Оның айтуынша, Еңбек кодексіне және бірқатар тиісті заңға түзетулер енгізіледі. Негізгі жаңалық «Бірыңғай электронды құжаттар мұрағаты» ақпараттық жүйесін енгізу болмақ. Бұл барлық цифрландырылған мұрағаттық құжаттаманы сақтауды және мемлекеттік және ведомстволық мұрағаттардың бизнес-процестерін автоматтандыруды қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардан мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жасалған аудиовизуалды құжаттардың көшірмелерін мұрағатқа тапсыруды талап ету ұсынылды. Бұл шара Ұлттық архив қорын тәуелсіз Қазақстан тарихының оқиғалары мен деректерін көрсететін құжаттармен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл ретте қордың құрамы нақтыланды. Оның ішінде құжаттардың жаңа түрлері – тәжірибелік-конструкторлық, жобалық-сметалық, қала құрылысы құжаттамасы және басқалары бар.
Заң жобасында мемлекеттік архивтерде сақталатын азаматтардың дербес деректері мен жеке мәліметтерін қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік архивтердің функциялары нақтыланады. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдардың архив ісі саласындағы еңбек қатынастарын реттеу бойынша құзыреті кеңейтіледі. Енді әкімдіктер ауылдардағы жұмысы үшін қосымша ақы алуға құқығы бар архив қызметкерлері тізімін анықтай алады.
Жұмыс тобының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев депутаттар республикалық мемлекеттік архивтерге «ұлттық» мәртебесін беру туралы түзетулерге бастамашы болғанын атап өтті.
– Аталған норма архивтердің материалдық-техникалық базасын нығайтып, олардың абыройы мен тарихи-мәдени мұраны сақтау жүйесіндегі маңыздылығын арттырады. Жалпы, архивтер ұзақ уақыт бойы назардан тыс қалғаны белгілі. Біз артта қалмай, қазіргі заманғы стандарттарға сай әрекет етеміз. Бұл орайда осы заң жобасы аясында жылдар бойы қордаланған мәселелерді де шешіп аламыз, – деді депутат.
Талқылау барысында мәжілісмендер баяндамашы мен жауапты мемлекеттік органдардың өкілдерінен бірыңғай электронды архив деректерін сақтау форматы мен қорғалуы, мұрағат қоймаларының жай-күйі, оларды жаңғырту жоспарлары туралы сұрады. Кадр, мамандарға қосымша өтемақы төлеу, жастарды тарту шаралары, мамандықтың беделін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ ғылыми қоғамдастық пен зерттеушілердің архив құжаттарына қолжетімділігін кеңейту, архив ісін коммерцияландыру, мемлекетке келетін ықтимал жеңілдіктер жөнінде де талқыланды.
Депутат Болатбек Нәжметдинұлы таратылатын заңды тұлғалардың құжаттарын мемлекеттік архивтерге тапсырудағы жүйелі бұзушылықтарға тоқталды. Ол талаптарды орындамағаны үшін жауапкершіліктің болмауы азаматтардың еңбек өтілі мен зейнетақы құқығын растайтын құжаттарын жоғалтуға әкеп соғатынын айтты. Құжаттарды архивке бермегені немесе уақтылы өткізбегені үшін жауапкершілікті заңмен бекітуді ұсынды. Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов министрлік бұл ұсынысты заң жобасын екінші оқылымға әзірлеу кезінде ескеретінін атап өтті.
Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров аудандық деңгейде мұрағаттарда арнайы білімі жоқ қызметкерлердің жұмыс істеуі жиі кездесетінін, ал мамандандырылған жоғары оқу орындарын бітіргендер қалада қалуды жөн санайтынын айтты. Осы орайда ол баяндамашыдан аудандық мұрағаттарды білікті кадрлармен қамтамасыз ету шараларын сұрады. Айбек Сыдықов мамандарды ауылдық жерлерге көшіруге ынталандыру және олардың жалақысын көтеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Нәтижесінде, депутаттар заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Оны одан әрі талқылау жұмыс тобының отырыстарында жалғасады.
Сонымен қатар депутаттар VIII сайланған Парламент Мәжілісінің өкілеттіктерін іске асырудың төртінші сессияға арналған негізгі іс-шаралар жоспарын бекітті.
Мәжіліс комитеттері ТМД-ға мүше мемлекеттердің радиациялық жағдай мониторингінің деректерімен алмасу кезіндегі өзара іс-қимылы туралы келісімге, мемлекеттердің радиациялық бақылау деректерімен алмасу саласындағы өзара іс-қимылы туралы келісімге, Қазақстан мен Қытай үкіметтері арасындағы жаңғыртылатын энергия көздері саласындағы жобаларды іске асыру туралы келісімге, сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымының Азаматтық қорғау тетігін құру туралы келісімге қатысты жаңа ратификациялық заң жобаларын жұмысқа қабылдады.
Жалпы отырыс соңына қарай Мәжіліс депутаттары әлеуметтік-экономикалық мәселелерді көтерген 9 депутаттық сауалды мемлекеттік органдарға жолдады. Солардың бірқатарына тоқталып өтейік.
Депутат Елнұр Бейсенбаев Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевқа жолдаған сауалында балалар мен жасөспірімдер арасында толастамай тұрған қылмыс мәселесіне назар аударды. Бұл ретте жақында Жамбыл облысында қайғылы жағдайдан үш жасөспірімнің қаза тапқанын айтып, дабыл қақты.
– Ресми статистика мәліметтері де алаңдаушылық туғызады. Мәселен, 2024 жылы жасөспірімдердің қатысуымен орын алған 1 973 қылмыс тіркелген. Оның ішінде 130-ы – аса ауыр қылмыс. Ал биылғы сегіз айда 938 қылмыс тіркелген. Жасөсіпірімдер арасындағы қылмыстар бойынша жылдық көрсеткіш өткен жылдан да асып кетуі мүмкін. Әсіресе бұл Шымкент (131), Алматы (115), Астана (92) қалаларында өршіп отыр. Аталған оқиғалар – жеке бір мектептің немесе бір өңірдің ғана емес, қоғамымыздағы тәрбие ісіндегі олқылықтардың көрінісі, – деді Е.Бейсенбаев.
Мәжілісмен осы мәселені жүйелі шешуді дереу қолға алып, нақты бағдарламалар енгізуді ұсынды.
Ал депутат Таңсәуле Серіков Үкімет басшысы Олжас Бектеновке бағыттаған сауалында Қызылорда қаласының маңындағы Сабалақ ауылының мүшкіл ахуалын атап көрсетті. Оның айтуынша, аталған ауылдың 6 мыңнан аса тұрғыны 20 жылдан аса уақыттан бері газдандыруды күтіп келеді екен. Сондай-ақ депутат ауылдың басқа да инфрақұрылым мәселелерін Премьер-министрдің қаперіне салды.
Үкімет басшысына жолданған келесі сауал футбол клубтарын қаржыландыру мәселесі жөнінде болды. Бұл мәселені көтерген Нартай Сәрсенғалиев былтыр еліміздегі 13 футбол клубына 27,3 млрд теңге қаржы жұмсалғанын, бірақ бюджетке салмақ түсіретін мұндай қыруар қаржыны аяқдопқа бөлу ақылға сыймайтынын айтып қынжылды. Осы орайда депутат Мемлекет басшысының Жолдаудағы сөзін алға тарта отырып, барлық футбол клубын жедел арада жекешелендіруді, сондай-ақ осы уақытқа дейінгі жұмсалған қаражатты толық тексеруді ұсынды.