Мирас • 28 Қараша, 2023

Бала шешендер бәсекесі

112 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгінгі технократия дәуірінің жеткіншектері көркем шығармаларды көз майын тауыса оқиды дей алмассыз. Жаңа буын жас ұрпақты рухани тәрбиеге баулудың бір тетігі – олардың бойына ана тілдің қадір-қасиетін сіңіру. Алматыдағы республикалық Абай мектебінде дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан «Ділмар» шешендік өнер байқауы – жас ұрпақтың жаңа сапасын қалыптастыруға серпін беретін бірегей жоба.

Бала шешендер бәсекесі

Оқушыларды көркем сөйлеу­ге баулитын байқау жыл сайын өрі­­сін кеңейтіп келеді. Рухани мұ­ра­мызды ұлықтау мақсатында ұйым­д­астырылған биылғы сөз до­дасына еліміздің 12 облысы мен 3 ірі қаласынан (Алматы, Аста­на, Шымкент) және Назарбаев зият­керлік мектебінен 24 оқушы қа­тысты. Бала ділмарлар шаршы топ алдында жан-жақты білімі, ақыл-парасаты, ой ұшқырлығы мен сөйлеу шеберлігін сыннан өткі­зіп, сарапқа салды. Алғаш рет тақы­рып сайыс үстінде беріліп, жас талап­керлердің тапқырлығы нақты өл­шем­мен бағаланды. Нәтижесінде, мұн­дай жоғары деңгейге жету үшін зор ізденіс, мол білім, көп тәжі­ри­бенің қажет екені аңғарылды. Са­йыстан гөрі сабақ алуға бейім бай­қауға келген жетекшілер мен шәкірт­тердің түйгені мен жиғаны мол болды.

Жоба авторы Абай атындағы рес­публикалық мектеп-интернат­тың «Шешендік сөз өнері» пәнінің мұғалімі, журналист Жарқын Сәлен­ұлы жыл сайын байқаудың мазмұны артып, қатысушылардың да деңгейі өсіп келе жатқанын айтады. Талғар аудандық мемлекеттік тілді оқыту орталығының директоры Кәмнұр Тәлімұлы, Сүлеймен Демирел уни­верситетінің профессоры Береке Жұмақаева, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Абай­тану және жаңа дәуір әдебиеті бөлімінің ғылыми қызметкері Айдана Жұматаева қазылық еткен са­йыста қатысушылар жеребе арқылы жұптасып, таңдалған та­қы­рыптар бойынша ой өрбітті. Олар­ды бағалауда ой қисынын сақ­тай отырып, жылдам әрі сауатты пікір білдіру сөз тапқырлығы, логи­калық жүйелік, сөз көркемдігі, тіл таза­лығы, тақырыпты аша білуі сын­ды шарттар негізге алынды.

Байқау нәтижесінде Республи­ка­лық «Ділмар» шешендік өнерді дамыту клубының мүшесі, «Аягөз-ділмар» үйірмесінің жетекшісі Әли Түрсәлім бас жүлдені жеңіп алды. Семей қаласындағы Назарбаев зият­керлік мектебінің шәкірті Үммі­гүлсім Жабағиева І орынға ие болса, жүлделі II орын Абай атын­дағы РММИ оқушысы Аяулым Жапас пен Батыс Қазақстан облысынан келген Бекарыс Үмбетқали­ға бұйырды. Шымкенттік Жанбо­лат Абдихай, Алматы облысының түлегі Абай Нұбарақұлы, ақтөбе­лік Әсия Оңдасынқызы, жамбыл­дық Ақбота Асқарқызы қазы­лар шешімімен ІІІ орынға лайық деп танылды. Сондай-ақ Нұрай Шай­қыбекова (Павлодар), Әсел Ауғанбай (Маңғыстау), Ақерке Нұржанқызы (Алматы облысы), Әйгерім Қайрат (Абай атындағы РММИ) қатарлы қатысушылар арнайы жүлдеге ие болды. Жүл­де­гер атанған жеткіншектер бай­қау демеушісі «KazAgroFeed» ком­пания­сы тіккен қаржылай сый­лық­тарға ие болды. Бәсекеде бақ сы­наған басқа да қатысушыларға сертификаттар мен кітаптар тарту етілді.

«Жүйелі сөйлей алу – адамның тұлға ретінде қалыптасқанының бір белгісі. «Сөзіне қарап кісіні ал, кісіге қарап сөз алма» деген ха­кім тағылымы – бұған дәлел. Жал­пы, сөйлеу мәдениеті өмірдің бар­лық саласын қамтиды десек, со­ның ішінде шешен сөйлей алу – адам­ның рухани болмысы мен табы­сы­ның да кілті. Себебі бәріміз қоғам­да өмір сүріп, күнбе-күн ком­муникацияға түсетін жандармыз. Жүйелі сөйлей білетін адамның білімі, кісіні тыңдай алуы, өзін-өзі ұстауы, қисынды ой жүйесі, сөз мәдениеті ерекшеленіп тұрады. Өкініштісі, екі ауыз сөздің басын құрап, өз ойын еркін жеткізе алатын жастардың азайып келе жатқаны жасырын емес. Себебі неде десек, білім беру саласындағы жүйесіз реформалар мен шатқаяқтап тұр­­ған тіл саясатына тірелеміз. Оған қоса технократтық заманда Гу­тенберг өнер табысын місе тұт­пай, Цукерберг әлеміне шұғыл кө­­шіп кетуіміздің де салдары бар. Білім­­герлеріміздің көркем шы­ғар­ма оқудан шектелуі осыны бай­қатады. Бұл байқаудың бір­неше мақсаты болды. Алдымен тілі­мізге жанашырлық, сөз өнері­мізге құрмет, халқымызда аманат болып келе жатқан рухани мұрамызды ұлықтауға деген құл­шы­ныс десек, сонымен қатар жас­­тарымызды дамытуға, тұлға бо­лып қалыптасуына ықпал ету деп түсінген орынды. Байқауға қа­зы­лық ете отырып, қатысушы­лар та­ра­пынан біраз ізденістің, тың тал­пыныстың болғанын аңғардық. «Жү­йелі сөз қисынды ойдан туады» дейді. Шешендік өнерде сөз ұт­қырлығы, ой қисындылығы аса ма­­ңызды әрі шұбатпай сөзді анық діт­теген нысанаға дөп түсіре алу да ше­берлік. «Көп ойлап, жақсы сөйле, нұс­қа болсын, қайтарар жауабың да қысқа болсын» дейтін бабамыз әр сөздің қадірін білуді меңзейді. Байқау барысында сөз додасын қол­ма-қол, талдап-таразылап, әр­бір қа­тысушының әр кезеңдегі сөз сап­тасына ашық пікір айтылды, әсі­ресе сөз қолданыстарына, тіл та­­за­­лығына, көркемдігіне баға бе­рі­­­ліп отырды. Өз орайында қазы­лар тарапынан айтылған сын-пі­кір қатысушылармен қоса тұтас кө­рер­­менге де айтарлықтай өнеге-са­бақ болды. Сөйлеу әрекетімен қа­­тар, тыңдарманын игеру, сахна мә­де­ние­ті дегендер де назардан тыс қал­мады. Мұндай іс-шаралардың жан­дануы, дәстүрлі додаға айналуы аса маңызды. Өз ұлтымыз­дың ерекшелігін айшықтап, ұлттық коды­мыздың құнын танытудың болашақ үшін қажеттігі аса зор», дейді діл­марлар додасына қазы­лық еткен педагогика ғылымда­ры­ның кандидаты, Сүлеймен Деми­рел университетінің профессоры Береке Жұмақаева.

 

АЛМАТЫ