Қоғам • 28 Қараша, 2023

Ұлт әдебиетінің үздік шығармалары

142 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматыдағы Ұлттық кітапханада «Абай баспасынан» жарық көрген 35 кітаптың тұсауы кесілді. Оқырманға жаңа леппен жол тартқан бірегей серияда әдебиетіміздің шамшырағына айналған айтулы ақын-жазушылардың іргелі шығармаларынан ­бастап, белгілі жас авторлардың еңбектері де қамтылған. Бұл туындылардың ішіне оңайлықпен қолға түсе бермейтін, іздегенге таптырмас академиялық зерттеу еңбектері де еніп отыр.

Ұлт әдебиетінің үздік шығармалары

Әр кезеңнің классик қаламгерлерінің шығар­маларымен айшықталған 35 кітап әлем­дік сұранысқа сай, заманауи үлгіде жасалған. Жинақтардың біразы бұрыннан қалыптасқан форма мен түстер галерея­сын, тіпті мазмұны мен тақырыбын да бұзып-жарып, өз жаңа тартымдылығымен оқырманға жол тартып отыр. Руханият жанашырлары мен қабырғалы қаламгерлер бас қосқан салтанатты шара Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева­ның құттықтау хатымен басталды. Министр­дің ізгі лебізін Кітап палатасының дирек­торы Әділ Қойтанов жеткізді.

«Қазақтың бас ақыны ұлы Абайдан бас­талып, Дулат, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп, М.Әуезов­термен жалғасып, кешегі классик ақын-жазушылар мен тәуелсіз Қазақстанның жас автор­ларының шығармаларын қамтыған жаңа кітаптар ұлт әдебиеті жауһарларының бірегей сериясы деп білеміз. Бұл кітаптар арасында Алашорда қайраткерлерінің іргелі туындыларымен қатар, құнды академиялық зерттеу еңбектері де бар. Заманауи үлгі­де, минимализм дизайнда көркемделген кітаптардың өзіндік ерекшелігін де атап өткіміз келеді.

Ұлт мәдениетінің алтын қазынасын, рухани мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа аман жеткізу, оны насихат ету – баршамызға ортақ міндет. Осы орайда, «Абай» баспасының игілікті бастамасы көпшілік сұранысын қанағаттандырып, оқырман тарапынан жоғары бағаланады деп сенеміз. Жаңа кітап­тар кітапсүйер қауымның қуанышына айналсын, делінген ведомство басшысының лебіз хатында.

Ақын, Ақберен Елгезек басқаратын «Абай баспасы» іргелі туындылардан тұратын айтулы серияны бір жылға жуық баспаға дайындаған. Кітаптардың атаулары мен реті де жүйелі ойластырылыпты.

Атап айтсақ, қазақтың бас ақыны, ағарту­шы, қазақ жазба әдебиетінің, қазақ әдеби тілі­нің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының артында қалған рухани мұрасы «Жүректің көзі ашылса...», қазақтың әулиесі атанған, ақын, ағартушы, философ Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының әдеби мұрасы «Хал-ахуал», ұлы ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының еңбектері «Насихат», сөз зергері Дулат Бабатайұлының шығармалары «Сандықтас» деген атаумен оқыр­манға ұсынылған. Сондай-ақ Міржақып Дулатұлының өлеңдері «Алашқа», Жүсіпбек Аймауытұлының туындылары «Рәбиға», қазақ поэзиясының Құлагері Ілияс Жансүгіровтің шығармалары «Сағанақ» атауымен басылған.

Қарымды қаламгер Бейімбет Майлиннің әдеби мұрасы «Қанды тұман», классик жазушы Сәкен Сейфуллиннің шығармалары «Аққу­дың айрылуы» дейтін атаумен жа­рық көрді. Қазақтың ұлы ақыны, Алаш қоз­ғалысының қайраткері, поэзиясы қа­зақ әдебиетіне ғана емес, түркі тектес ха­лық­тар әдебиетіне де үлкен ықпал еткен бес арыс­тың бірі Мағ­жан Жұмабаевтың өмір­шең, рухты өлең­дері «Тұран», ұлы жазушы М.Әуезовтің шығарма­лары топтасқан кітап­тар «Көксерек» және «Қилы заман» атауымен оқырман қауымға жол тартқан.

Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың жинағы «Отан», ұлы ақын Төлеген Айбер­геновтің салқар поэзиясы «Сағыныш» деген атпен жарық көрді. Сонымен қатар «Абай» баспасынан шыққан кітаптар тізімінде қазақ­тың классик ақындары Жұмекен Нәжіме­денов, Тұманбай Молдағалиев, Сырбай Мәуленовтің жыр жинақтарының, көрнекті жазушы Смағұл Елубайдың «Балалық шақ баяны» атты кітабы да айрықша маңызға ие.

Қазақтың аса көрнекті ақындары, қазақ поэ­зиясына өзгеше леп әкелген Жарас­қан Әбді­раш, Темірхан Медетбек, Тыныш­тықбек Әбді­кәкімұлы, Светқали Нұржан, Табыл­ды Досымов туындылары да осы жи­нақ­тардың салмағын арттырып тұр. Атал­мыш кітаптар тізбегі ҚР Мемлекеттік сыйлы­ғының иегері Олжас Сүлейменов, Мұх­тар Шаханов бастаған буын Исраил Сапар­бай, Несіпбек Айтұлы, Күләш Ахметова, Са­быр Адай, Гүлнар Салықбай, Қалқаман Сарин, Танагөз Толқынқызы, Ерлан Жүніс есімді қалам­герлердің туындыларымен жалғаса бермек. Солар­дың ішінде бүгінгі күннің бетселлеріне айналған Ұларбек Нұрғалымұлының «Дай­ағашы» кітабы мен Ақберен Елгезектің «Бол­маған балалық шақ» туындысы мүлде бөлек дизайн­да, жаңаша форматта оқырманға ұсы­нылған.

 

АЛМАТЫ