Энергетика • 28 Қараша, 2023

Атом электр стансасы: Жауапты таңдау

168 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Алматыда өткен АЭС жобасына қатыс­ты кезекті талқылауда энергетика мәселесін шешу жолдары туралы жан-жақты сөз қоз­ғалып, көптеген өткір тұстар ашылды. Қазақстан әлеу­ет­ті технология жет­кі­­зу­­шілері ретінде төрт компанияны қара­с­тырып жатыр: CNNC (ҚХР, HPR-1000 реак­­торы), Росатом (РФ, VVER-1200, VVER-1000 реакторлары), KHNP (Оң­түс­­тік Корея, APR-1400 реакторы), EDF (Фран­ция, EPR1200 реакторы). Пі­кір­та­лас осы таңдау төңірегінде өрбіді.

Атом электр стансасы: Жауапты таңдау

Реакторлардың алғашқы буыны өзін ақтады

Жиында болған «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС басшысы Тимур Жантикиннің айтуынша, қуаты 8,1 ГВт-қа дейінгі электр стансалары 2035 жылға қарай тоқтатылуы мүмкін. Нәтижесінде 2035 жылға қарай еліміз 3,2 ГВт тапшылыққа тап болады. Ал Қазақстан 2030 жылға қарай баламалы көздерден энергия өндірудің 30 пайызына қол жеткізу жөнінде міндеттеме алған. Бұл міндеттемені орындау үшін 1000-нан 1400 МВт-қа дейінгі екі блоктан тұратын атом электр стансасын салу қажет.

«Қаржыландыру схемасының мүмкіндігін де қарастыруымыз керек. Өйткені мұндай ірі жобалардың көпшілігі қаржыландыру жүйесі дамымағандықтан сәтсіздікке ұшырап жатады. Бізде уран таблеткасын шығаратын зауыт бар, АЭС-ке қажет отынды сол жерден алғымыз келеді. Бұл мәселе алда қабыл­данатын келісімшарттарда жан-жақты талқы­лануға тиіс», деді Т.Жантикин.

Талқылау барасында ядролық реак­тор­лардың ескі және жаңа буындары туралы да сөз болды. Бұл ретте сарап­шы жоғарыда аталған төрт компания да іс жүзінде бірдей дегенді алға тартты.

Т.Жантикиннің айтуынша, 1950 жыл­дары шығарылған бірінші буын реак­­торларында бірқатар кемшілік бол­ғанымен, олар өз міндеттерін орындап шық­ты. Бүгінде олардың көпшілігі жа­бы­лып, қолданыстан шығарылған. Реак­тор­лардың екінші буыны 1970 жыл­дары салына бастады. Бұл электр энер­гия­сын тиімді өндіруге бағытталған ком­мер­циялық реакторлар болды. Үшінші буын қазірдің өзінде жетілдірілген реактор­лар болып саналады, оларды жобалау кезінде апаттар мен оқыс оқиғалар еске­рілді. Ал реакторлардың төртінші буыны әлі жобалау кезеңінен асқан жоқ. Үшін­ші буын және 3+ буын реактор­лары, яғни Қазақстанда құрылысы жос­пар­ланған реакторлар пассивті және бел­сенді қауіпсіздік жүйелерімен жаб­дық­­талған. Басқаша айтқанда, қазіргі қол­­же­тімді технологияның мүмкіндігімен жарақ­тандырылған. Ішкі апаттар мен сырт­қы әсерлерден қорғайтын қоршау қабы­ғы, қалыңдығы 200 миллиметр болат­тан жа­салған, бұл реактор ыдысынан және бас­тапқы салқындатқыштан бөлі­ну өнім­дерінің сыртқа шығуына жол бермейді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің теориялық және ядролық физика кафедрасының меңгерушісі, профессор Медеу Әбішевтің айтуынша, эмо­цияға беріліп, радиофобияны алға шы­ғар­сақ, энергетика дағдарысына тап бо­ламыз.

ывв

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

«Энергетиканың мүмкіндігін әрта­рап­­тандыру қажет. ГЭС және жерасты энергия көздері, соның ішінде АЭС-ті қамтығанымыз дұрыс. Бұларды жүйелі түрде қолдануға бізде барлық мүмкіндік бар. АЭС жобасына қарсы топ «Жапония АЭС салудан бас тартты» деген пікірді алға тартады. Олар бас тартқан жоқ, ойланып жатыр. Энергетикалық дағдарыс ғаламдық проблемаға айналып кетті. Қарсы топ АЭС-тің экологиялық әсеріне баса назар аударады», деді ғалым.

Энергетика саласының маманы Әсет Наурызбаев АЭС-тің қажеттілігін дә­лел­дей алатын бірде-бір агрумент жоқ еке­нін, жаңартылатын энергия көзде­рі­нен электр энергиясын алу әлдеқайда жыл­дам, арзан және қауіпсіз екенін айт­қан еді.

«Мен мұны бірнеше рет дәлелдедім және негізгі дәлелдердің бірі – Қазақ­станда күн және жел көздерінен алынатын энергияның бағасы бір жерде 1 кВт/сағ Т13-16 деңгейінде болса, атом электр стансасы 1 кВт үшін Т60 шамасында болады. Яғни квт/сағат – төрт есе қымбат. Ал екі блоктан тұратын АЭС салынса, Қазақстан бойынша электр энергиясы үшін 1,5 млрд долларды артық төлейміз», дейді Ә. Наурызбаев.

Ал М.Әбішов басқаша ойлайды екен: «Біріншіден, АЭС энергетикалық көздерді жаңартады. Екіншіден, қоғам дамиды. Өзіміз де сол дамушы мемлекеттер қатарындамыз. Мемлекетті дамыту үшін қосымша көздердің бірі ретінде АЭС жоспарланып отыр. АЭС жобасына қарсылар күн, жел энергиясы арқылы АЭС-ті алмастыруға болатынын айтады. Жасыл энергия көздерінің диверсификациясы да, АЭС-те маңызды. Жалпы, радиофобия деген жақсы нәрсе емес, біз АЭС арқылы энергетикалық, уран дипломатиясының мүмкіндігін әртараптандырамыз».

АЭС жобасына қатысты әңгіме болса, атом фобиясы ресейлік компаниялармен қарастырылып, талқыланады. Ел ішінде бұл жоба таза ресейлік жоба деген де пікір бар. Бұрынғы Энергетика министрі Алмасадам Сатқалиев біздің елдің АЭС құрылысын таза ресейлік жоба ретінде қарастырмайтынын үздік технологияларды таңдайтынын айтқан. Бірақ Ресейдің ядролық технологиялары қазір қауіпсіз, тиімдірек және құрылысы арзанырақ екенін ашық айту керек екенін де жасырмаған.

Тағы да назар аударатын жайт, осы мәселе көтерілсе, «маманды қайдан аламыз» деген мәселе қоса шығатын. Сарапшылар бұл мәселе шын мәнінде, өзекті екенін айтты. Олардың айтуынша, ядролық техгологиямен айналысатын адамдар бар, бірақ олардың санын көбейту керек. Бұл мәселені «Болашақ» бағдарламасы немесе білім грантын көбейту арқылы шешуге болады. Бұл ретте 1990 жылдардан бері еліміздің бірнеше жоғары оқу орнында осы саланың мамандары даярланып келеді.

 

Энергия тасымалдаушы жүйелер КСРО кезінде салынған

Ұлттық ғылым академиясының ака­де­мигі, көмір жағу саласындағы техника ғылымдарының докторы Бірлес Ал­дияров кейінгі екі жылдағы пікірін қайта қарап шықты. Академиктің айтуынша, біздің елде энергияны осы қалпында өз күшімізбен қамтамасыз етуге мүмкіндік бар. Бірақ энергия тасымалдаушы жүйелердің бәрі КСРО кезінде салынған. Біз күні бүгінге дейін сол жүйенің шырмауынан шыққан жоқпыз, ток көздерін өзімізге бейімдеп, артығын сатып алып отыратын жаңа желілер жүйесін қалыптастыра алмадық. Енді бұл міндет – уақыттың еншісінде.

Академик осы жолы бізбен әңгіме­сінде еуростандарттарға бейімделудің кезі келгенін, олар атмосфераға көмір­қыш­­қыл газын шығару мәселесін тү­­бегейлі ше­шуді талап етіп жат­қа­нын айтып берді. Оның айтуын­ша, техноло­гиялық егемендігімізді қам­та­­ма­сыз етудің күрделілігін ел сезіп отыр. Ал АЭС бізді осы тығырықтан алып шыға­ды. Қазақстың сайын дала­сына АЭС-те, жасыл энергетика да, көмір де керек. Мысалы, өткен жылдың желтоқсанында тұтынудың шарықтау шегінде біз Ресейден келетін электр энергиясына 8% тәуелді болдық. 2022 жылдың қоры­тындысы бойынша Қазақ­станда электр энергиясын өндіру 113 млрд кВт/сағ тұтынумен 112,8 млрд кВт/сағ құрады. Өндірістегі басым үлес әлі де көмірге тиесілі – 66,7%, таби­ғи газ – 21,5%, ірі су электр стансалары – 7,3%, жаңартылатын энергия көздері – 4,5%. 2024 жылы тапшылық биыл­ғы көлемнен 10-15 пайызға артады деген болжам бар. Бұл деректер энер­гетикалық дағдарыстың бізге де таяп қалғанын сездіріп тұр. Басқа жол жоқ, газ тапшылығынан газ өндіруді арттыра алмаймыз, су электр стансаларынан көбірек энергия өндіру физикалық тұрғыдан мүмкін емес.

«Үлбі металлургиялық зауытында уранды өндіру және отынға айналдыру технологиялары толық әзірленген. Мұндай электр қуатын сату отынның өзінен төрт есе қымбат тұратыны белгілі және оны сататын жеріміз бар. Екіншіден, бізде атом электр стансаларын салуға дайын орындар бар. АЭС тағдыры да, оны салатын орны да әлі нақтыланған жоқ. Бәрі – талқылану деңгейінде. Мен оны Екібастұз ГРЭС-3 орнында салуды жақтаймын, басқалары еліміздегі ең жақсы көмір электр стансасы орналасқан Балқашта салу қажет дейді. Біріншіден, біз көмір энергетикасынан толық бас тарта алмаймыз, екіншіден, өзіміздің кадрлардың жоғары ғылыми-техникалық әлеуетін толық пайдалануымыз керек. Ең бастысы, бізге ықшам, жылдам тұрғы­зылатын, озық технологиялары бар атом электр стансалары керек екеніне сенім­дімін», деді академик Б.Алияров.

Ұлттық энергетикалық қауіпсіздік қорының жетекші сарапшысы Игорь Юшков осыған дейінгі Қазақстанға АЭС қажеттігін айтқан еді. Оның айтуынша, АЭС отын-энергетикалық балансты әр­тараптандыруды және газды шығаруды қамтиды. Басты кедергі – қоғамның саяси реакциясы. Ядролық қондырғыларға және оның қай елге тиесілі екеніне байланысты қоғамдық пікірде үлкен алаңдаушылық бар. Билік халықтың пікірімен санасатынын көрсетуге тырысып жатыр. Азаматтардың пікірі еске­рілмейді деп ойламауы үшін ел басшы­лығы референдум өткізуді ұсынып отыр. Бұл билік пен қоғам арасындағы ын­­тымақтастықтың жаңа сипат ала бас­тағанын көрсетеді.

Бұл ретте ол посткеңестік кеңістікте болған адамдар кейде ірі ресейлік компа­ниялардың келуінен қорқатынына назар аударды. Дегенмен оның ойынша, елімізде ақпарат сауатты түрде жеткі­зілсе, станса құрылысына қатысты азаматтар тарапынан қарсылық болмайды.

«Ел басшылығы қоғамдық пікірмен неғұрлым ұзақ жұмыс істесе, атом электр стансасын салу саяси тұрғыдан оңайырақ болады. Бірақ бұл жерде мәселеге экономикалық тұрғыдан қарауымыз керек. Энергетикалық дағдарыс аяздай қарып барады», дейді сарапшы.

АЭС жобасын жақтаушылардың бүй­регі құрылысқа бір емес, бірнеше ел­дің қа­тысқанын құп көріп тұр. Ма­ман­дар шарт­ты түрде таңдауды екі бағыт­та қа­растырып отыр. Бюджет немесе жергі­лікті инвестор құрылысты, жабдық­ты өн­діруді және жеткізуді, персоналды оқы­ту­ды толығымен қаржыландырады. Бұл жағ­дайда Қазақстан екі реакторы бар атом электр стансасы үшін 15 млрд дол­лар­ға жуық қаражат табуы керек. Ал мем­­лекеттің мемлекеттік бюджеті шамамен 45-50 млрд долларды құрайды. Жоға­рыда айтқан сома Ұлттық қорға да оңай емес. Екінші – жекелеген инвесторлар қа­рызды электр энергиясының тарифі есебі­нен өтейді деген шарт. Бұл нұсқада тариф, сөз жоқ, көтеріледі. Таңдау оңай болмайын деп тұр. Кез келген шешімнің құны қымбат.

 

АЛМАТЫ