Аймақтар • 23 Қараша, 2023

ШҚО-да 3908 колледж студенті дуалды жүйе бойынша білім алып жатыр

83 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шығыс Қазақстан облысының колледждерінде дуалды жүйе бойынша төрт мыңға жуық студент білім алып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

ШҚО-да 3908 колледж студенті дуалды жүйе бойынша білім алып жатыр

Дуалды жүйе - теория мен практиканы ұштастыра оқыту түрі. Оқу орындары мен кәсіпорындардың өзара тиімді ынтымақтастығы шеңберінде студенттер білім беру мекемесінде теориялық білім алады, ал практикалық дағдыларды бейінді ұйымдағы жұмыс орнында бекітеді.

Болашақ мамандар үшін – бұл қаржылық тәуелсіздік алудың тағы да бір тамаша мүмкіндігі, өйткені олар оқу кезінде кәсіпорындардан 150-200 мың теңге көлемінде жалақы алады. Бұдан басқа, өндірістік практика кезеңі автоматты түрде еңбек өтіліне алынады. Колледжді бітіргеннен кейін жақсы даярлықтан өткен жұмысына қайта оралу мүмкіндігі бар.

– Дуалды оқыту бойынша жүк көтергіш крандардың машинисі мамандығын аламын, – дейді Өскемен құрылыс колледжінің екінші курс студенті Павел Прокопчик. – «VK Development Group» ЖШС-де мамандықтың барлық қыр-сырына үйрететін тәлімгерім бар. Жақсы маман болғым келеді және оқуды аяқтап, осы компанияға қайта оралып жұмыс істегім келеді.

Өңірдің кәсіпорындары да ынтымақтастықтың осындай түріне мүдделі. Бұл – өндірістік міндеттерді оңай орындайтын білікті маман алудың тамаша мүмкіндігі.

– 2013 жылы дуалды білім беру жүйесін енгізу аясында біздің компания студенттердің кәсіби дағдыларын алуы үшін өндірістік алаңға айналды. Өскемен жоғары политехникалық колледжімен ынтымақтастықта «Жылу электр станцияларының жылу энергетикалық қондырғылары» білім беру бағдарламасы аясында жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазір бізде бес студент тәжірибеден сәтті өтуде, – дейді «Өскемен ЖЭО» ЖШС корпоративтік оқыту орталығының жетекшісі Наталья Слободчикова. – Осылайша, кадрларды өзіміз тәрбиелейміз. Студенттер өндірістік процеске сіңісіп, толыққанды қызметкерлерге айналады. 2021 жылы дуалды оқыту жүйесі бойынша алғашқы түлектерді даярлап шығардық, қазір олардың кейбірі біздің станцияда жұмыс істеп жүр.

ШҚО білім басқармасының хабарлауынша, бүгінгі таңда өңірдегі колледждерде дуалды жүйе бойынша 46 мамандық бойынша 3908 студент білім алып жатыр. Даярлық «Казцинк» ЖШС, «Өскемен ЖЭО» ЖШС, «Согра ЖЭО» ЖШС, «СМУ-Шығыс» ЖШС, «Риддер орман шаруашылығы» ҚММ және басқа да кәсіпорындармен серіктестікте жүргізіледі.