Алматы • 23 Қараша, 2023

Алматы сәулетіндегі тарихи жад

142 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алматыда өткен жас сәулетшілердің форумы пікір алмасу және перспективалық жобаларды іздеу мәселелеріне арналды. Оның жұмысына қатысқан сарапшылар «ХХI ғасырдың сәулетші-архитекторының мәртебесі қандай, ол Қазақстанның бүгінгі келбетінің заманауи кейіпке енуіне қандай үлес қосып жатыр?» деген сұрақтарға жауап іздеуге тырысты.

Алматы сәулетіндегі тарихи жад

Себебі сәулет өнері – уақыт­тың тынысымен бірге алға жылжитын, әлемде көп сұранысқа ие салалардың бірі. Статистика бо­йын­ша әлем хал­қының 10 пайыз­ы от­басы­лық жылдық бюд­жеттің 18 пайызын өзі тұрған сәулетін дамытуға жұмсайды. Ал­маты билігі сәулет пен дизайн­дағы әлем­дік үрдіске ілесу үшін шығар­машыл жастарға үміттеніп отыр.

Шаһар әкімі Ерболат Досаев өз сөзінде «Алматы қаласын дамы­тудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы және 2030 жылға дейінгі ортамерзімді перспективалары» бекітілгенін атап өтті. Оның негізінде биылғы мамырда Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген Алматы қаласының 2040 жылға дейінгі жаңа Бас жоспары әзір­ленді.

Е.Досаевтың айтуынша, Ал­маты агломерациясын 2029 жылға дейін дамытудың ке­шенді жоспары әзірленді. Бұл құ­­жатты Алматының да, Алматы облысының да мәслихаттары мақұлдаған. Үкімет оны жыл аяғына дейін қабылдауға тиіс. «Бұл жоспар Алматының өзінде де, Алматы облысының іргелес аудандарында да тұрғын үй, әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымының қар­қынды дамуын үйлестіруге және теңгеруге мүмкіндік береді», дейді әкім.

Алып шаһардың әкімі айтып өткендей, құжат инклюзивті және сапалы қалалық ортаны құру мен мәдени және сәулеттік мұраны сақтау арасындағы теңгерімді табуға көмектесу үшін әзірленіпті. Жоғарыда айтып өткендей, Алматы билігі бұл ретте осы салада жүрген жастардың мүмкіндігінен үміттеніп, оларға қала бюджеті есебінен арнайы гранттар бөлуді жоспарлап отыр.

«Алматыға жаңа тыныс керек, қаланың күретамырына қан жүгіртуді жастар өз жауап­кер­шілігіне алуы керек. Біз жас­тар­дан ең озық идеяларға сәй­­кес келетін жаңа ерекше жо­­балар күтеміз. Әкімдік өз тара­­­пынан сәулетшілер мен дизай­нерлердің, әсіресе жас және да­рынды мамандардың кәсіби қо­ғамдастығын дамытуға көңіл бө­летін болады. Келесі жылдан бас­тап әкімдік Алматыдағы жаңа құры­лыс жобаларына арнайы тапсырыстар қабылдайды», деп атап өтті Алматы әкімі.

Бұл ұсынысты жас сәулетші­лердің өздері де ризашылықпен қабылдады. Жас архитектор Роман Шнайдерман қатысушылар назарына өзінің бір емес, үш жобасын алып келіпті. Оның алғаш­қысы – Хогвартсты еске түсіретін ескі ағылшын стиліндегі жеке мектеп. Интерьер қолайлы. Бірегей, Қазақстандағы жалғыз мектеп. Оның жұмыс істеп жатқанына бір жылдан асты.

Ал екіншісі – Қонаев қала­сындағы жағажай демалысы. Жас архитектордың айтуынша, жоба бионикалық стильде жасалған. Уд-корт, ойын алаңдары, спорт алаңдары, велосипед жолы, бас­паналар, абаттандыру. Жоба ал­дағы мамыр айында іске қо­сы­лады. «Бұл Қазақстандағы ең әде­мі жағалау болатынына сенім­дімін. Астанадағы ботаникалық бақта өте қызықты құрылым – Кли­матронмен жұмыс істеп жатырмыз. Бұл – жеті климаттық аймақтары бар тропикалық жылыжай. Ішінде жасанды жартас пен сарқырамалар бар. Іске асыру 2024-2025 жылдарға жос­парланған», дейді жас архитектор.

Жас дизайнер-сәулетші Әй­герім Байзақова журналистерге әзірге кафе мен мейрамхана сияқты шағын нысандарда жұмыс істеп жатқанын айтты. Алматының ор­талық аймағында жаңадан бой көтерген дәмханаларда, банктер­дің ғимаратында жас маманның қолтаңбасы бар екен. «Біз өз жобаларымызды ұсынуға дайын­быз. Алматының өзіндік ерек­шелігін дамыту өте маңызды. Алма­тының бүгінгі келбетінде КСРО жүйесінен қалған іздер көп. Алматының 1930-1960 жылдары бой көтерген орталық тарихи бөлігін аға буын өкілдері сталиндік жаңғыру деп атайды екен. Бірақ мұнда Киров пен Гоголь көшелерінің аралығындағы Абы­лай хан даңғылындағы әкімшілік ғимараттардың ансамблі бір-бірі­мен әдемі үйлесім тауы­п тұр. Ғылым академиясының аума­ғындағы ғимараттар тобы «ста­линдік» қайта өр­леу ар­хи­текту­расы ретінде бағаланады. Мұнда кеңестік сәулет элемент­тері ұлттық нақыштармен әдемі үйлесім тапқан.

Жас дизайнер жұмыс барысында Алматы мұражайларында сақталған архитектуралық жазбалармен танысып шыққанын да айтып берді. Олардың кейбірінің сақталып тұрғанына жарты ға­сырдан асып кетіпті. Өкінішке қарай, олар цифрланбаған. Ал Таш­кентте немесе Санкт-Петер­борда жаңа ғимараттар салын­ған кезде оның орнында тұрған ғимараттардың тарихи жадын сақтап қалуға басымдық беріледі екен. Себебі Алматы – тарихшылар айтып жүргендей сан ғасырлық тарихы бар қала. «Үй­лердің қызмет ету мерзімі бар және осы жоспарлар бойын­ша салынған ғимараттардың көп­шілігі жақын арада бұзылады. Ескі ғимараттардың тарихи кел­бетін сақтау маңызды. Мұн­дай бағыт қаланың мәдени ланд­шафтын, бірегейлігін қа­лып­тастырады. 1960-1970 жыл­дардағы өзгерістер, сәулет сапа­сының түрленуі Алма­тыны кәдімгі қорап архитектурасына айналдырды. Бұл шаһардың қазіргі бейнесіне сәйкес келмейді. Алматының архитектурасы өзінің таңбасымен ерекшеленіп тұ­руға тиіс. Біз Алма­тының жаңа бейнесін қалып­тастырғымыз келеді», дейді Ә. Байзақова.

Халықаралық сәулет ака­демия­­сының профессоры, «Алматы­гипрогор-1» ЖШС бас сәу­летшісі, Бас жоспарды әзір­леуші Алтай Сатыбалдиевтің сө­зінше, бұл форум Қазақстан сәулетшілер одағы мен қала құ­рылысшылары одағының басын біріктіруімен  ерекшеленеді. «Бұл екі шығар­машылық одақтың бірігуі. Сәу­летшінің міндеті – әдемі және ың­ғайлы ғимараттың сызбасын да­йын­дау, ал дизайнер оны көр­кемдік деңгейін алға жылжытады, сәулет өнерінің қайталанбас нысанына айналдырады. Екі саланы бір-бірінен бөліп қарау мүмкін емес. Бұл форумнан көп нәрсе күтеміз. Біздің бастаған ісімізді алға жылжытатын жастарды көріп отырмын», дейді сарапшы.

Сарапшының айтуынша, дәл қазір Алматының шеткі аудандарымен жұмыс істеу маңызды. Бұл Алматының бір бағытта дамуына мүмкіндік береді.