Тағзым • 23 Қараша, 2023

Сары әндерінің сарыны

192 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде ақын, әнші Сары Батақұлының 160 жылдығына орай «Баласы мен Батақтың атым Сары» атты тарихи-танымдық кеш өтті. Жиында халық музыкасын зерттеуші Абдулхамит Райымбергенов Батақтың Сарысының жұртқа белгісіз болып келген шығармалары жөнінде әңгімеледі.

Сары әндерінің сарыны

Есет Көтібарұлы көтері­лісінің дауылпаз ақыны, 32 жасында жазалаушы отряд жен­деттерінің қолынан қаза тап­қан Сарының әндерін ел-жұр­ты ұмытпай осы күнге дейін жеткізді. Сары 1863 жылы қазіргі Ақтөбе облысы, Шалқар ауданының Талдықұм деген жерінде дүниеге келген. Жас­өспірім кезінен «әнші бала» атанып, әділетсіздікке, ел ішіндегі озбырлыққа қарсы тұрған әншінің «Қыз Қосан», «Дариға», «Әридау», «Дүния», «Сарының Сібірге айдалып ба­ра жатқандағы әні», «Ту­ған ел» әндерінде отарлау ке­зе­ңіндегі халықтың ішкі зары кө­рініс тапқан.

Есет Көтібарұлы бастаған көтерілістің алғы шебінде жүр­ген Сары бірнеше рет жазалау­шы отрядтың қолына түсіп, Ырғыз, Орынбор түрмелерінде отырып шыққан. Көтеріліс басып-жаншылып, Бекет бас­таған батырлар Орынбор түр­месіне жеткізіліп, Сібірге қара жұмысқа айдалады. 1895 жылы Сары да қасындағы сарбаздармен Жаманқала (Орск) түрмесіне қамалып, бірнеше ай жатады. Сібірге айдау туралы сот шешімі шыққанда, жазалаушы отряд қол-аяғы кісенделген Сарыны Жаманқаладан алып шығып Шилісай деген жерде атып өлтіреді. Бұл Ор қала­сының солтүстік бағыты. Со­дан бері Сарының жатқан жері белгісіз болып қалса да, дауылпаз ақынның тағдырлы әндерін ел іші ұмытпады.

40-жылдары Ахмет Жұ­ба­нов әнші-күйшілер туралы деректер жинау мақ­са­тында ғылыми экспедиция ұйым­­дастырып ел ішін аралау кезінде, Сары туралы ақ­сақалдардан естіп, әндерін но­таға түсіреді. Соның негізінде композитор 1940 жылы «Сары» атты музыкалық пьеса жазған. Сарының бір әні «Амангелді» фильміне пайдаланылды. Одан кейін Сарыға ешкім қайтып оралған жоқ, оның тағдырлы әндері үлкен сахнадан естілмей келеді. Жиынға қатысушылар Ұлт-азаттық көтерілістің суы­рып салма ақыны, күміс кө­мей әншісінің ел жадында, мұ­рағатта сақталған деректерін тауып, әндерін сахнаға оралту қажет деген пікірге тоқтады.

 

Ақтөбе облысы