Құқық • 21 Қараша, 2023

Тұтынушылар құқы туралы не білеміз?

150 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өмірдегі әртүрлі оқиғаларда өз құқын лайықты деңгейде білмеген азаматтар күрмеуі көп күрделі мәселеге тап бо­лып жатады. Мұндай келең­сізд­іктердің құрбанына ай­нал­ғандардың басым бө­лігі – өз құқынан бейхабар тұтынушылар. Сатушы мен тұтынушының қарым-қа­тынасы тұтынушылардың құ­қықтарын қорғау туралы заңға сәйкес, тараптардың міндеттері мен жауапкершілі­гін жан-жақты сипаттайтын нормативтік құжатқа сәйкес жүзеге асуына мұқият мән беріңіз.

Тұтынушылар құқы туралы не білеміз?

Бизнес мекемелер мен кәсіп­орындар өздері орнатқан қағидалар­ды алға тарта отырып, тұтынушылар құқын бұзатын сәттер аз емес. Олар халықтың заңнан хабарсыздығын жиі пайдаланады. Мәселен, жаңа көлік сатып алдыңыз делік. Сіз жүгінген автосалон егер белгіленген мерзім көлемінде көліктің май-суын ауыс­тыру барысында дәл осы орталыққа келмесеңіз, көліктің кепілдік талоны күйіп кететінін айтатыны анық. Бұл тұтынушылар құқығын қорғау туралы заңға қайшы екенін біліңіз. Келісімшартқа қол қоярда осы талапқа жіті мән бергеніңіз абзал. Қарсы тарап оған келіспесе, сіз өз құқығыңызды заңмен қорғай аласыз. «Сол секілді, сатушының сапасыз өнімді қайтып алмау үшін түбіртегіңізді жоғалтып алғаныңызды алға тартуы заңдық тұрғыдан негізсіз», дейді мамандар.

«Сатушылар тұтынушыларға то­лық құқығы бар нәрседен жөн-жосықсыз бас тартады. Пошта ар­қы­лы тапсырыс берген тауардың ор­нына басқасы келуі, өнім сапасы жар­намадағыға сай болмауы – тұты­нушылар көп зардап шегетін мәселе. Тауарларды онлайн сатып алу кезінде дүкен туралы ақпаратты мұқият зерт­теңіз. Егер ірі және танымал ком­панияның сайтымен тапсырыс бере­тін болсаңыз, өз браузеріңізден ресурс­тың мекенжайын дұрыс жазғаны­ңыз­ға көз жеткізіңіз. Қажет болған жағ­дайд­а дүкен әкімшілерінен заңды тұл­ға туралы ақпарат беруді, оны са­лық органдарының жалпыға қолжетім­ді дерекқорлары мен заңды тұлға­лар­дың тізілімін қолдана отырып тексеруді талап етіңіз. Кең таралған құқық бұзушылықтар тізіміне қыз­мет көрсету, жұмыстарды орындау және мерзімдер туралы шарттың орындалмауы кіріп отыр. Мысалы, тапсырыс берілген жиһазды уақытында бермейді немесе жөндеу жұмыстарын аяқтамайды. Егер тапсырыс берген жиһазды уақтылы жеткізбеген болса, онда жеткізу мерзімі аяқталған кезден бастап тұтынушы төлеген құннан кешіктірілген әр күн үшін 1 пайыз өсімпұл ала бастайды. Егер бір жыл бойы осы жиһазды жеткіз­бесе, онда сатушы 300 пайыздан аса өсімпұл төлеуі керек және бұл оны келісілген кездегі оның сапасы мен жауапкершілігінен босатпай­ды. Сондай-ақ ұялы байланыс қыз­меттеріне, интернеттің сапасына, опе­ра­торлардың тарифтерді біржақты түрде өзгертетініне және өздерінің бұл туралы мүлдем хабарсыздығы­на, тұтынушыларға қажет емес қыз­меттерді қоймай ұсынатынына жиі шағым түседі. «Тұтынушылардың құ­қықтарын қорғау туралы» заңның 24-бабы бойынша, бізде өз еркімізбен таңдау мүмкіндігі бар, ешкім бізге қажет емес нәрсені таңуға құқылы емес», дейді «Ұлттық тұтынушылар лигасы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Светлана Романовская.

Мәселен, өткен жылдың 9 айын­да еліміздің он өңірінде ЖОО база­­сында жұмыс істеп тұрған «Тұтыну­шылардың ұлттық лигасы» 9 954 сатып алушыға 2 млрд 458 млн тең­ге­ні қай­таруға көмектескен. Ал Ал­ма­тыда құқығы бұзылған тұты­нушыларға шамамен 190 миллион теңге қайта­рылған. Өзіңізді жо­сық­сыз сатушылардан қорғау үшін келі­сім­шартты дұрыс жасау өте маңыз­ды. Мысалы, өнім жасалатын мате­риалдың артикулын жазып, ин­тернеттегі пікірлерді зерттеудің артық­тығы жоқ.

Алматы қаласы бойынша Сауда жә­не тұтынушылардың құқықта­рын қор­ғау департаменті басшысының орын­басары Нұрлан Әбдиев тұтыну­шылардан келген әрбір өтініш жіті зерт­теліп, міндетті түрде көмек көр­се­тіле­тінін айтады. Биылғы 10 айда ведом­ствоға 5 500-ден астам өтініш түскен.

«Департаментке жыл өткен са­йын өтініштердің көп түсуі халықтың сауаттылығын арттыру мәселелері бойынша тұтынушылармен тұрақты түрде жүргізіліп жатқан ақпарат­тық түсіндіру жұмыстарының нә­тижесі. Қазіргі уақытта сауда және тұ­тынушылардың құқықтарын қорғау желісі бойынша заң талабын ескермеген кәсіпкерлерге қатысты 271 хаттама жасау түрінде әкімшілік сипаттағы шаралар қабылданды», дейді ол. Тұтынушылар құқығын қорғап, азаматтарды дұрыс ақпараттандыруда Сауда және интеграция министрлігінің «Сапалы Өнім» әлеуметтік жобасы өз тиімділігін көрсеткен.

Ұлттық тұтынушылар лигасының жетекшісі айтып өткендей, ұялы байланыс операторларының тарифтерді негізсіз өзгертуі, байланыс сапасына салғырт қарауы да тұтынушыларды ашындырған мәселенің бірі. Алдағы уақытта елімізде ұялы байланыс опе­раторлары қызметінің сапасын тек­сере алатын тәуелсіз сараптама құ­рылуы мүмкін. Ұялы байланыс опе­раторларының азаматтарға моральдық зиян келтіргені сотта дәлелденсе, тұтынушыға жұмсаған қаржысы қайтарылуға тиіс. Алайда тұтынушылар аз сома үшін мұндай қадамға бара бермейді. Таяу күндері көптеген ірі дүкен­дерде жаппай сатылым науқаны басталатыны мәлім. Тұтынушылар құқығын қорғаушылар азаматтарды әрбір сауда-саттық келісімінде мұқият болуға шақырады.

«Тұтынушылар тауарды сатып ал­ғаннан кейін екі апта ішінде оны кері қайтаруға қалай құқылы болса, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның 14-бабы негізінде несиеден де екі апта ішінде бас тартуға құқылы. Мұндайда тек осы екі апта ішіндегі пайызын төлей­ді. Егер адамдардың несиеге алған тауары ұнамаса, немесе көңілінен шықпай қалса, осыны естен шығармаған­дары дұрыс. Екіншіден, тауарды қайдан алып жатқанын түсінгені де өте маңызды. Себебі алаяқтық әрекеттер жиі кездеседі. Қазірдің өзінде дайындалып, қажетті зат немесе қызмет қанша тұратынын біліп алу керек. Оның қазір қанша тұратынын және «жеңілдік­тер жұмасында» қаншаға сататынын білген жөн», дейді С.Романовская.

 

АЛМАТЫ