Спорт • 20 Қараша, 2023

Словения өз алаңында жеңілген жоқ. Сарапшы пікірі

288 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін түнде футболдан еліміздің ұлттық құрамасы Еуропа чемпионатына іріктеу туры аясындағы соңғы матчты өткізеді. Словенияның астанасында өтетін тартыста Магомед Адиев шәкірттері жеңіске жетсе, 110 жылдық тарихы бар қазақ футболының жылнамасына жаңа дерек қатталады. Қазақстан ұлттық құрамасы тұңғыш рет футболдан Еуропа чемпионатына қатысады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Словения өз алаңында жеңілген жоқ. Сарапшы пікірі

kff_team

«Еуроға шығу қаншалықты реал бірақ? Биылғы нәтижелеріміз жақсы болды. Жұрттың футболға махаббаты қайта оянды. Футболшыларда сенімділік пайда болды. Танымал маңызды тұлғалар да қолдай бастады. Енді тек бір қадам қалды. Словенияны тек ұту керек. Ал оларға тең ойын да жарайды. Жеңіліп қалсақ, көктемде Ұлттар Лигасы арқылы тағы бір шанс болады. Оған қалдырмай шыққан жақсы әрине. Бірақ реалист ретінде қарайтын болсақ, бүгін жеңу қиын. Словения онсыз да күшті құрама және өз алаңында ойнайды. УЕФА президенті Чеферин және төреші ойынды бұзады дегенге сенбеймін. Жалпы ойын бойынша былай да ұтады олар. Біздің футболшылар бұрын мұндай финалға шығып көрмеді, жүйкелері сыр берері анық. Бір қызыл қағаз ойынды құртып кетуі мүмкін. Команданың лидерлері Зайнутдинов пен Тағыберген де жоқ. Бапкер Адиев жігіттерді қайрай алатын, рух бере алатын жақсы психолог сияқты. Ал былай тактикасына күмәнім бар. Бүгін де Айымбетовты алға жіберіп, тек доп лақтырып отыратын ойын құрмайтын шығар деп сенгім келеді. Ортаны да беріп қойса, біттік. Словендер прессингпен қысып тастайды. Біздің физикамыз жетпеуі мүмкін. Консентрация мәселесі де бар біздің қорғаныста. Финляндия мен Сан-Маринодан бір сәттік қателерден жіберген едік. Осылай толық беріле алмай қалатын кездеріміз бар. Бүгін орта шепті мығым ұстап, оларға көмек бере алатын, жүгіретін Самородовпен бастаса деймін. Яғни, бүгін басқа бір тактикамен ойнаулары керек, қорғанысқа бекініп алмай.

Негізі көбіне эмоциямен алып шықтық матчтарды, олай үнемі бола бермейді. Нақты футбол ойнау керек. Еуроға шыққымыз келсе, Словения сияқты командаларды ұтуың керек. Әлем чемпионатына шыға алмайтынымыз түсінікті, сондықтан біз үшін осы турнир маңызды. Жігіттер барын салатыны және анық. Тек тым қатты күтпей, сабырмен қарайық деймін», деп жазды ІТ маманы, белгілі спорт сарапшысы Аршат Ораз. 

Словения – Қазақстан матчы Любляна қаласындағы «Стожице парк» стадионында өтеді. Келесі жылдың еншісіндегі Еуропа чемпионатына іріктеу турында бұл елдің ұлттық құрамасы өз алаңында әлі жеңіліп көрген жоқ. Дания құрамасымен итжығыс түсті (1:1), Финляндия футболшыларын 3:0 есебімен есеңгіретті, Солтүстік Ирландия құрамасын да 4:2 нәтижесімен жеңді, Сан-Марино футболшыларын қабылдап, 2:0 басымдығымен ұтты.