Қоғам • 20 Қараша, 2023

Құмар ойыннан қалай құтыламыз?

162 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Алматыда құмар ойындардың құрбаны болғандар көбейген. Олардың дені – оң-солын та­ны­маған өрімдей жастар. Экономикалық тергеу департаментінің өкілдері жыл ба­сы­нан бері үш ойын залы мен бір букмекерлік кеңсенің және төрт бірдей жасы­рын ка­зиноның қызметін тоқтатқан. Сонымен бірге 94 компьютерлік техника заңсыз ай­на­лымнан алынып, сот үкімімен 500-ден астам ойын терминалы жойылған.

Құмар ойыннан қалай құтыламыз?

Мамандар құмар ойынмен қатар қар­жы пирамидаларының құрығына ілініп, тірнектеп тапқанын алаяқтарға апарып берген азаматтардың саны артқанын айтады. Заңсыз ойын бизнесінің зардабын жоюға бағытталған кешенді шара­лар қолға алынғанымен, жымысқы әреке­тін жасырын түрде жүзеге асыратындар азаматтарды түрлі айламен тұқыртатын болған. Тіпті бұған жастар көп отыратын әлеуметтік желілердің әлеуетін пайдаланады. Жуырда ғана Экономикалық тергеу мамандары «ТикТок» желісінде заңсыз құмар ойын ұйымдастырушылардың қызметіне құрық салды.

Жауапты мамандар ойынға тәуел­ділік­тің құрбандары көбіне жастар екенін, ал заңсыз ойын бизнесіне қарсы күрес­тің нәтижесі тұрғындардың санасына бай­ланысты екенін айтады.

«Оңай» ақшаны лезде ұтып аламын деген үмітпен адамдар көбінесе казино мен автоматтарға тапқан табысын салып жібереді. Жедел-тергеу тәжірибесі көрсеткендей, анықталған жасырын казинолар мен ойын меке­мелеріне негізгі келушілер жастар болып отыр. Заңсыз ойын бизнесі мемлекеттік бюджетке еш­қандай пайдасы жоқ және сонымен бірге қала тұрғындарының да қалтасын қағады. Халықтың құмар ойын­дардан бас тартуы қаскүнемдерді заң­сыз табыстарынан айырады. Бүгінгі таңда казинолар мен ойын авто­маттары залдары тек Қапшағай су қоймасының жағалауында және Ақмола облысының Бурабай ауда­нын­да орналастырылуға тиіс. Осы­лайша, аталған аумақтардан тыс жұмыс істейтін барлық ойын меке­ме­сі өз қызметін заңсыз жүзеге асы­рады», дейді Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тек­серу департаментінің тергеу бас­қармасының басшысы Сәкен Қондыбаев.

Жуырда өткен жедел-тергеу іс-шаралары барысында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырудың екі фактісі анықталған. Олар – бәс қабылдау, банктік аударымдар арқы­лы­ ұтыстарды есептеу және беру функ­цияларын қолдайтын онлайн­ құмар ойындар. Заң талабына сай ұйымдастырушылар 4 жылға бас бостандығынан айырылып, қаланың тағы да екі тұрғыны заңсыз ойын бизнесі саласындағы осындай құқық бұзушылықтар үшін 1,6 жылға темір торға тоғытылған.

Мемлекеттік орган өкілдері заңсыз ойын бизнесіне қарсы жұртшылықты жұмыла күресуге шақырды. Себебі қоғам белсенділерімен бірлескен профилактикалық іс-шаралар барысында бірнеше келеңсіздіктің беті ашылыпты. Заң өкілдері бұл іске кәсіпкерлер мен қоғамдық ұйымдар, блогерлер мен БАҚ өкілдері де қолдау танытса дейді.

Жоғарыда атап өткеніміздей, қала­да қаржы пирамидалары да өршіп тұр. Биыл осындай мақсатты көздеген алаяқтардың 376 интернет сілтемесі бұғатталған. Мемлекеттік органның мәліметінше, жыл басынан бері 9 қаржы пирамидасының («WBIC», «Robotex», «Hit Beat Music», «Qnet», «Chia Thai», «Bincloud», «S-Group», «Marqar», «Patin Coin») жолы кесілген. Әттегенайы, 3 мыңнан аса азамат осы ұйымдардың құр­баны болыпты. Алаяқтарды анықтауда жыл басында іске қосылған интернет-ресурстарды тексеретін «Байқа пирамида» Telegram-боты өз тиімділігін көрсеткен.

«Енді біздің азаматтар сайттар мен әлеу­меттік желілерде қаржы пирами­дасы белгілерінің бар-жоғын өз бе­тін­­ше тексере алады. Бұл олардың «ала­­я­қ­тық» схемаларға алдануына жол бермейді. Әзірленген өнім халық арасында үлкен сұранысқа ие екен­дігі қазірдің өзінде байқалады. Қысқа уақыт ішінде азаматтардан түс­кен 6 мыңнан аса өтінім қаралды, олар­ға­ бот автоматты түрде жауап бер­ді», дейді Экономикалық тергеу де­пар­­­­таментінің аса маңызды істер жөнін­­дегі жедел уәкілі Жақсылық Мырзахан.

Қаржы пирамидасына кіру ерікті негізде және ешқандай құқыққа сүйен­бей жүзеге асырылатындықтан, ешкім салынған қаражатты қайтаруға кепілдік бермейді. Алайда аяқталған қылмыстық істер де бар, онда азаматтар салынған ақшаны қайтарып алған кездер де болған.

Мәселен, биыл тағы да «Innova Gold», «IG Group KZ», «Qozgan, Tender», «Rich Beach», «Альфа Сейлс Консалтинг», «ESS Group» және «Qnet». «Energy Eolus Qazaqstan» қаржы пирамидаларын ұйым­дас­тырушыларға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, қаскүнемдердің бірқатары ұзақ мерзімге сотталған. Ал қаржы пирамидасына арбалғандарға келтірілген залал сомасы 259 млн теңгені құраған.

Мемлекеттік орган өкілдері атап өткендей, қабылданған шаралар­дың нәти­жесінде экономикалық тергеу­ қызметі банк шоттарына, ұйымдас­ты­рушылардың жылжымалы­ және жыл­жымайтын мүліктеріне ты­йым салған. Мәселен, «World Business Consulting» қаржы пирамида­сы­н ұйым­­­дастырушыларға қатысты қыл­мыстық іс бойынша сегіз жәбір­ле­нушіге 126 млн теңге сомасын­да залал өтеліпті. Сондай-ақ «B2B Jewerly» қаржы пирамидасын ұйым­дастырушыларға қатысты қыл­мыс­тық іс бойынша 1200-ден аса зар­дап шегушіге 700,1 млн теңге сома­сын­да­ғы қаржы қайтарылып, 2,2 млрд тең­гені құрайтын мүлікке ты­йым салын­ған.

«Ұйымдастырушылар сенімді аза­­­маттарға жаңартылатын энергия­ көздерін және энергияны сақтау объек­­тілерін жоспарлау, салу және пай­­далану жобаларына ақшалай қара­жат­тарын салуды ұсынған. Осылайша, тәулігіне 2,7%-дан 3,4%-ға дейін, яғни айына 80 пайыздан аса және жылына 95 пайыздан аса табыс түседі деп уәде берген. Салым сомасы 30 доллардан 2700 долларға дейін жеткен. Жедел-іздестіру барысында 11 қалада, атап айтқанда, Ақтөбе, Астана, Көкшетау, Өскемен, Атырау, Орал, Қызылорда, Павлодар, Шымкент, Кентау, Семей қалаларындағы кеңселер анықталып, сондай-ақ ұйымдастырушылардың шетелде екені әшкере болды», дейді Жақсылық Мырзахан.

Оңай жолмен пайдаға кенелгісі келетіндер өз ойларын жүзеге асыру үшін түрлі тәсілдерді қолданатын бол­ған. Жарнамаларында таны­мал адамдардың бет-бейнесін пай­далану, өз­деріне сендіру мақсатында жаңа­лық­тар порталдарының лого­тип­тері мен дизайнын алға ұстайды. Мұндай күмәнді сілтемелерге кіріп, сауалдама толтырмаған жөн. Сіз сауал­­дама толтырған жағдайда, олар көп ұзамай қоңырау шалып, өзде­рін­ банк­тің немесе құқық қорғау орга­нының қызметкері ретінде таныстырады. Осылайша, сізге несие ресім­делгенін немесе қылмыстық іс қоз­ғалды деп алдайды. Адамның тосылып қалған шарасыз күйін пайдаланып, олар банктік деректерді біліп алуды көздейді.

Сондықтан әр азамат елімізде қар­қын алып жатқан интернет алаяқтықтан сақ­танғаны абзал. Соңғы кездері «Жалған қаржы» ұйымдарының ұсы­ныстарын тарату жағдайлары да жиі­леп кеткен. Олар ақшаны мұнай өн­діруші компаниялардың, белгілі банктердің және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің ірі жобаларына жоғары және пассивті кіріс түседі деген уәдемен инвестициялауға шақыратын көрінеді.

Осындай келеңсіздікке тап болмас үшін, Экономикалық тергеу депар­таменті азаматтарды қырағы болуға және өз жинақтарын күмәнді қаржы ұйымдарына салмауға шақырды. Егер сіз немесе сіздің жақындарыңыз қаржы пирамидаларымен бетпе-бет келген жағдайда, Жібек жолы даңғылы 127 мекенжайы бойынша Алматы қаласының Экономикалық тергеу департаментіне хабарласыңыз немесе Cаll-орталығының 1458 нөміріне қоңырау шалыңыз.

 

АЛМАТЫ