Спорт • 15 Қараша, 2023

«Боксшылар демігіп қалады». Министр кешенді жоспар түзуді тапсырды

134 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Ханчжоуда (Қытай) өткен жазғы Азия ойындарынан кейін федерация басшылығы мен бас бапкерлердің есебін тыңдауды жалғастырып жатыр. Бүгін бокс пен дзюдо федерацияларының өкілдері мен  ұлттық құраманың бас бапкерлері жазғы Азия ойындарындағы көңіл көншітпейтін көрсеткішке қатысты өз  уәжін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz осы саланың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

«Боксшылар демігіп қалады». Министр кешенді жоспар түзуді тапсырды

Фото: Turizm_jane_sport_ministrligi

Министр боксшылардың физикалық хәне функционалдық дайындығын кем соққанын сынады. «Өзіміз де тамашаладық, боксшылар екінші раундтан кейін демігіп қалады. Федерация ұсыныс айтып шетелден маман да шақыртты, бірақ нәтиже мақтанарлық емес. Әйелдер боксында тіпті ізбасар боксшы, яғни ұлттық құрамада резерв жоқ. Бір боксшы барлық турнирге қатысып, күшін сарқиды», деді Е.Маржықпаев. Дзюдошыларымыздың да Ханчжоудағы жазғы Азия ойындарында мақтайтындай жетістікке жетпегенін айтты. Тіпті Тәжікстан, Қырғызстан балуандары 1, Өзбекстан дзюдошылары 3 алтын медаль олжалаған Ханчжоу төрінде біздің  жігіттердің  жігерсіздігіне қынжылды.

«Соңғы онжылдықта дзюдодан ұлттық құрама салыстырмалы түрде бір деңгейде өнер көрсетіп келді. Елдос Сметовтің жетістіктері федерацияны алға тартты. Бірақ қазір оның жасына сай күш-жігері аздап сарқыла бастағанда ұлттық құраманың шынайы деңгейі белгілі болды», деді министр.

Ендігі меже – сегіз айдан кейін түңлігі түрілетін Париж жазғы Олимпиадасы. Министр маңызды бәсекеге тыңғылықты даярлық жүргізу үшін кешенді жоспар түзуді міндеттеді.