Таным • 14 Қараша, 2023

Сапалы орта білім өнегесі

183 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазір ата-аналар баласының сапалы білім алуына барлық жағдайды жа­сауға тырысады. Талапқа сай мек­­­теп іздейді. «Артықшылығы көп» деп ақылы мектепті таң­дай­­тын­­дар да бар. Соның ішін­де білім беру мекемесінің инфра­құ­ры­лы­мы­­на, мұғалімдердің деңгейіне, қыз­мет көрсету сапасына мән бері­ле­ді. Соңғы 30 жылдың тәжірибесі еліміздегі «Білім-инновация» лицейлер жүйесінің сапаға қызмет ететінін дәлелдеді.

Сапалы орта білім өнегесі

Біріккен Ұлттар Ұйымы сапалы білім беру­дің маңыздылығын атап өтіп, оны тұрақ­ты дамудың 17 мақсаты арасында төртінші орынға қойған. Олар білім эконо­микалық тұрақтылықты қамтамасыз етеді және кедейлікті жеңудің кілті деген тұ­жырым жасаған. Айта кету керек, дәл қазір елімізде сапалы біліммен қамту өзек­­ті мәсе­леге айналған. Сондықтан көп ата-ана бала­­ларын «Дарын», «Зер­де», «Назарбаев зият­­керлік мектебі», «Білім-инновация» лицей-интернаты, «Республикалық физика-математика» сынды мектептерге беру­ге, қала берді ақылы білім ордаларын­да оқытуға тырысады. Осы орайда елімізде озық білім беру жүйе­сін қалыптастыруға үлес қосып келе жат­қан «Білім-инновация» халықаралық қоғам­дық қоры мектептерінің жұмысымен таны­сып, артықшылықтарын көзбен көріп қайт­тық. Қазіргі кезде қор қарамағында 32 «Білім-инновация» лицей-интернаты, 1 кол­ледж, «Spectrum» халықаралық бала­­бақша, 8 жекеменшік мектеп және Сүлей­мен Демирел (SDU) университеті бар.

«Білім-инновация» лицейлері отандық білім жүйесіне біршама өзгеріс алып кел­генін атап өткен жөн. Мысалы, үш тілде оқы­ту жүйесін алғаш рет осы мектептер енгізген еді.

«Білім-инновация» лицейлері – елі­мізге халық­аралық тәжірибені алып келген алғаш­қы мектептер. Біз үш тілді білім беру моделін алып келдік. Біздің лицейдің бір ерек­шелігі, оқушыларымыз қазақ тілін өте жоғары деңгейде меңгеріп шығады. Өйткені бізге түсетін балалардың жартысынан көбі – орыстілді балалар немесе өзге ұлт өкілдерінің балалары. Сондықтан біз оқу­шы­ларға қазақ тілін деңгейлеп оқытамыз. Олар мектепті бітіргенше қазақ тілін жетік меңгеріп шығады деп айта аламыз. Тағы бір жетістігіміз – ағылшын тілінде жаратылыстану бағытындағы пәндерді енгізуіміз. Оған біз арнайы кітаптар жазып шығардық. Бұл кітаптардың барлығы министрліктің тексерісінен толық өткен. Пәндерді ағылшын тілінде берудегі негіз­гі мақсатымыз – халықаралық білім кеңістігін балаларға қолжетімді ету», дейді «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қоры президенті Дархан Өте.

Сонымен қатар қор жұмыс істеп келе жатқан 30 жыл ішінде үздік жетістікке жеткен мыңдаған түлекті дайындап шы­ғарды. Мәселен, білім алушылар халық­ара­лық және отандық білім сайыстарында, олимпиадаларда 27 мыңнан астам медаль иеленген. Оның 4 558-і халық­­аралық деңгейдегі медаль болса, 5142-cі республика деңгейінде. Тіпті Тараз «Білім-инновация» лицейі халықаралық олимпиа­даларда 8 медаль жеңіп алып, Гиннестің рекордтар кітабына енген. «Біздің лицей елімізге ең алғашқы алтын медальды алып келді. Тәуелсіздік алғаннан кейін ресми факт бойынша біздің оқушы­ларымыз математика, биология бойын­ша алтын медаль иеленген. Әр 3 оқу­шының екеуі – олимпиада жүлдегері. Біз­дің мақсатымыз – шәкірттерімізді халық­ара­л­ық деңгейде бәсекеге қабі­лет­ті етіп тәрбиелеу», деп атап өтті Д.Өте.

Қор қарамағындағы Нұр-Орда мек­те­бінің 11-сынып оқушысы Валерия биыл Гарвард университетіне оқуға түсуді жос­парлап отыр. Ол бұл мүмкіндікке Кем­бридждегі ғылыми зерттеушілер инс­ти­тутының жазғы бағдарламасына қа­тысқан кезде қол жеткізген. «Менің мін­де­тім жүйке жасушаларын зерттеу болды. Мен оны Гарвард мамандарының бірімен бірлесіп жасадым. Жобаны жасап шығу алты аптаға созылды, содан кейін мен жобаны профессорлардың және басқа конфе­рен­цияға қатысушылардың алдында таныс­тырдым», дейді ол.

Сондай-ақ қорға қарасты мектеп түлек­­терінің арасында еліміздің алдыңғы қатар­лы­ және әлемге әйгілі компанияларда қыз­мет етіп жүргендер де бар. Соның бірі – «Digital Nomads»-та жұмыс істейтін тәлімгер Жан Құрбанбаев. Ол «Білім-инновация» лице­йін бітіргеннен кейін «Яндекс» компаниясына шақырту алған. Қазіргі таңда сұранысқа ие маман.

«Балалық шағымның балғын сәті, жас­­тық шағымның сәулелі шағы тікелей бі­лім­ алған мектебіммен байланысты. «Бі­лім-инновация» лицейлері ұшқыр ойлы, на­­ғыз патриоттарды тәрбиелеп шығарды деп толық сеніммен айта аламын. Бүгінде ли­цей­дің әр түлегі дүниенің қай жерінде жүр­­се де, ел мұраты, халық тілегі үшін ең­­бек етуге оймақтай болсын үлес қосып жүр. Депутат ретінде әлеуметтік түйін – жас­тар мәселесін тыңдап, зерделей келе, ілгері қоғамды білімді, тәрбиелі жас­тар құрайтынына көзім жетті», дейді Пар­ла­мент Мәжілісінің депутаты Руслан Бер­де­нов.

 Оқушылардың білім сайысында жоғары нәтиже көрсетуі мұғалімге тікелей байла­нысты. Көптеген зерттеу мұғалім мен оқушы арасындағы байланыстың қаншалықты маңызды екенін растайды. Оқушы­лар мұғалімдерімен жақсы қарым-қатынас орнатқан кезде олардың оқуға деген ынтасы арта түседі екен. Д.Өтенің айтуынша, «Білім-инновация» халық­ара­лық қор қарамағындағы мектептердегі мұғалім­дерге қойылатын талап жоғары. Барлық мұғалім жыл соңында сынақ тапсырады. Егер 60 пайыздан төмен нәтиже көрсетсе, ол мұғалімдер міндетті түрде қордың арнайы семинарына қатысуы керек. Жазғы уақытта демалмайды. 15-20 күн семинарда болады. Ал мұғалім өзінің алтын уақытын демалысқа арнағысы келсе, ол өзін дамытуы керек. Сынақтан өте алмаған мұғалімдер жұмыстан шыға­ры­ла­тын болады.

енн

«Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деген бар. Әр оқушы жетістігінің артын­да мықты мұғалім тұрады. Алғашқы ли­цей­лердің ашылуы кезінде ағылшын тілін және кейбір пәндерді оқытуға шетел­дік педа­гогтер тартылған еді. Уақыт өте келе біз педагогикалық кадрларды дамыту бо­йынша қарқынды жұмыс жүргіздік. Нәти­­же­сінде, жергілікті мамандардың да кәсі­би­лігі артты. Жыл сайын мұғалімдердің білік­тілігін арттыру мақсатында «Оксфорд білім академиясының» семинарлары өткі­зі­ле­ді, информатика оқытушылары үшін «Cisco» сертификаттау курстары ұйым­дас­т­­ы­рылады. Осылайша, «Білім-инно­ва­ция» халықаралық қоғамдық қоры жүйесі педагог ұстаздардың ұстаханасына айнал­ды деп айтуға болады», дейді қор пре­зи­денті.

Мысалы, математика пәнінен халық­аралық олимпиадаларға дайындауда мол тәжірибесі бар Муаммер Гуль оқушы­лар­дың ойлау қабілетін дамыту мен ғылыми ізде­нуге баулудың өзіндік әдістерін қол­данады. Оның «Математикадан олим­пиа­даға дайындаудың тиімді жолдары» атты әдістемелік құралы – басқа мұғалімдерге бағдар. Ол оқыту қызметінде «Барлық бала – талантты, тек тетігін таба біл» де­ген ұстанымды басшылыққа алады. Әрбір бала ерекше қабілетке ие және ұстаз­дың міндеті оқушының тасадағы талан­тын ашып, оны дамыту керектігін алға тартады. Оның қарапайымдылығы, адалдығы және шынайылығы өзінің мұғалім­дік қасиеттеріне терең ықпал етеді. Шәкірт­терінің халықаралық деңгейдегі жетіс­тік­тері де ауыз толтырып айтуға тұрарлық.

«Білім-инновация» лицейлері тәрбие мен білімнің қатар жүретінін де естен шығармаған. Құндылықтар негізінде білім беру – мектептің негізгі қағидасы. Білім жүйесіне осыны жақсылап сіңірген. «Заман қанша өзгергенімен, адамгершілік қасиеттердің құны ешқашан түспейтіні айдан анық. Адамның абыройы бойындағы жақсы қасиеттерімен бағаланады. Сондық­тан мұғалім мен ата-ананың үлесі зор. Олардың ұрпақ алдындағы борышы – балаға адамгершілігімен өнеге бола білуі. Өйткені жүректерге әсер ететін бірден-бір әрекет – адам бойындағы құнды қасиеттері. Құндылықтарға негізделген білім беру моделіне өту арқылы тәрбие жүйесінің мазмұнында біршама өзгеріс орнайды. Білім берумен қатар балалардың тұлғалық, эмоциялық, әлеуметтік және зияткерлік жағынан дамуына мүмкіндік жасайды», дейді тәрбие бөлімінің маманы Алтынгүл Елубаева.

Сондай-ақ лицей жүйесінде кітап оқу дағдысын қалыптастыру жүйелі түрде қолға алынған. Кітап оқуға арнайы уақыт беріледі. Оқушылар ғана емес, тәрбиешілер мен мұғалімдер де кітап оқуға тиіс.

«Әлемге TCM (teacher created and materials) атымен мәшһүр болған оқыту меке­месімен бірге «non fiction», яғни ғылы­ми-танымдық әдебиет топтамасы бар, соны қазақ тіліне аударып, басып шы­ғару үшін «SMART» кітапхана жобасын іске қостық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы­мен құрылған «Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт» жобасы аясында бүтін­дей оқытушы, оқушының кітап оқу дағ­дысын қалыптастыру мақсатында ұялы теле­фондарға арналған арнайы «Kitap» қо­сымшасы құрастырылды. Баланың қы­зы­ғушылығын арттыру мақсатында кітап оқу­дан бәйге ұйымдастырылды. Бала әр оқыған кітаптағы бетін белгілей отырып, белгілі бір нәтижеге қол жет­кіз­ді. Мәселен, бастапқыда қола, күміс, кейінен алтын, одан биік дәреже – қызыл гау­һар­ға ие болған оқушыға қор тарапы­нан сыйлықтар жіберіліп отырады. Бұл кітап оқу са­йысы тәрбиешілер мен ұстаз­дар арасында да өткізілді. Осылайша, «ар­тық білім кітапта» екендігін жеткізуге ты­рыс­тық», дейді Д.Өте.

2021-2022 жылы «Білім-инновация» лицейін бітірген 1969 түлек төмендегідей көр­­сеткіштерге қол жеткізген: мемлекеттік білім беру гранты иегерлерінің саны – 1254 (64 пайыз), педагогикалық маман­дықтарға түс­­кен­дер саны – 309 (16 пайыз), тех­ни­ка­лық маман­дықтарға түскендер саны – 570 (29 пайыз), Назарбаев университетіне түс­­кен­дер саны – 165 (9 пайыз), QS World University Rankings бойынша үздік 100 жо­­ға­ры оқу орнына түскендер саны – 84 (5 пайыз).

Қорға қарасты 8 жекеменшік мектеп те ата-аналар тарапынан сұранысқа ие. SPECTRUM – Кембридж бағдарламасына негізделген 12 жылдық мектеп. Онда сабақ 100 пайыз ағылшын тілінде өткізіледі. Одан бөлек, Алматыда Galaxy халықаралық мектебі бар. Қалған алтауы – Нұр-Орда мектебі. Бәрі де жергілікті стандартты орындайды. Бірақ бұл мектептер ағылшын тілін тереңдетіп оқытады әрі көбіне IT бағытына ден қояды.

30 жыл сапалы білім, саналы­ тәрбие берумен айналысқан «Бі­лім-инновация» халықаралық қо­ғам­­дық қоры әрі қарай да осы мақсаттағы жұмысын жалғас­ты­рып, жетілдіруге күш салу басты мін­д­етіміз дейді.