Өнер • 14 Қараша, 2023

Жас ділмарлар додасы

137 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда студенттер ара­сында республикалық «Ділмар» шешендік өнер байқауы өтіп, ел ай­мақ­тарындағы 14 жоғары оқу орнынан келген шәкірттер өз шеберлігін паш етті. Дәстүрлі жоба биыл екінші мәрте өткізіліп отыр.

Жас ділмарлар додасы

Жас ділмарлар бас қосқан ой бәсекесі жоғары деңгейде өтті. Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасып, бүгінге жет­кен баға жетпес қасиетті қазы­насын қадірлеген зерек жастар қа­зылар алқасын тәнті етті. Қаты­сушыларға шешен сөйлеу, көр­кемдік, жүйелілік, нақтылық, ой ұшқырлығы, тіл тазалығы, дауыс мәнері, сахна мәдениетін сақтау басты талап ретінде қойылды.

Қазылар алқасының ше­шімімен бас жүлде С.Демирел университетінің 1-курс студенті (500 мың) Шыңғыс Ерболұлына бұ­йырды. Ө.Жәнібеков атын­дағы Оңтүстік Қазақстан педа­гогикалық университетінің 1-курс студенті Динара Алтынбекова жүл­делі 1-орын иегері (300 мың) атанды. Қос бірдей 2-орынды (150 мың) Қазақ-Британ тех­­никалық университетінің шә­кірті Талғат Орынқожа мен М.Қо­зыбаев атындағы Солтүстік Қа­зақстан университетінің сту­денті Нұрай Қалиханова олжалады. Өз өнерімен көпшілікті тәнті еткен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің студенті Айкөркем Байымбетова, М.Оспанов атындағы Батыс Қа­зақстан медицина универси­теті­нің 4-курс студенті Бекжан Нұр­мұханов, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың 1-курс студенті Да­­на Тасмұратоваға жүлделі 3-орын (70 мың) берілді. Сондай-ақ 7 қатысушыға 20 мың теңге көле­мінде арнайы жүлде табыс­талды. Байқауға қатарынан екін­ші мәрте демеушілік жасаған «Атамұра» корпорациясының пре­­зиденті, қоғам қайраткері Ра­қымғали Абрарұлы.

птр

«Шешендік сайысты өт­кізудің басты мақсаты – жаңа буын, жас ұрпақты тіл таза­лығын сақтауға, мем­лекеттік тілді мейлінше жетік білуге баулу. Шешендік өнер ар­қы­лы білім­герге сөз өнерінің ерек­шелігі мен жүйелі сөз саптау шарттарын меңгерту, жүйелі сөйлеу дағдысы мен сөйлеу шеберлігін шыңдау көзделіп отыр. Өскелең ұрпақ сөз құндылығын бағалап, тарихи-мәдени және ұлт­тық болмысын таныса, сол арқылы әдеби тіл нормасына сәйкес мем­лекеттік тілді қолданудың жаңа дең­гейі қалыптасса деген тілегіміз бар. Байқауға төрін ұсынып ұйым­­дастырған Абай атындағы ҚазҰПУ басшылығына, «Ұлт­тық тәрбие» орталығына мың алғыс», дейді жоба авторы, журналист Жарқын Сәленұлы.

 

АЛМАТЫ