Тұлға • 01 Қараша, 2023

Дәуір шежіресін жасаған шебер

248 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Саналы ғұмырын қазақ фотожур­налистикасының өрістеуіне арнаған Сайлау Пернебаевтың есімі өз замандастарының бүтін бір шежіресін жасаған айтулы ше­бер ретінде аталатыны анық. Қас-қағым сәтті мәңгілік тарихқа айналдырған майталман маманның өмірге келгеніне биыл 85 жыл толып отыр. Жуырда фотогердің «Ақ пен қара» деп аталған сирек суреттер мен ол жайында жазылған естеліктер топтастырылған жи­нағы жарық көрді. Әке мұрасын жұртшылыққа жеткізіп, жинақтың шығуына мұрындық болған ұлы Ер­бол Сайлауұлын және аталмыш еңбекті құрастырған шәкірті, бел­гілі фотожурналист Асылхан Әб­дірайымұлын әңгімеге тартқан едік.

Дәуір шежіресін жасаған шебер

Суретті түсірген – Юрий Беккер

– Ереке, қарап отырсақ, Сайлау ағаның объективіне ілінбеген та­қырып кемде-кем. Бүгінде қолда­ры­ңызда қан­шадай суреті сақтаулы?

вап

– Өз ісін құлай сүйіп, оған бар болмысымен, тұтас жан дү­ниесімен берілген бір адам болса ол, шүбәсіз – менің әкем шығар. Жарты ғасырға жуықтайтын оның шығармашылығы халқымыздың мәдени-рухани өмірінің тұтас бір кезеңін бүгінге жеткізген тарихи суреттерден тұрады. Нақтырақ айтсам, оның 500 мыңға жуық суреті біздің қолымызда. Барлық негативтерін жинақтағанда 18 қорап шықты. Оларды цифрлы фор­матқа көшіріп, шетінен жүйелеп, рет­теп келе жатырмыз. Дегенмен саралай келе, уақыт талабына, бүгінгі күннің маңызына жауап бере алатын тең жартысын жарыққа шығара алсақ, үлкен олжа болғалы тұр.

– Ал «Ақ пен қара» альбом кіта­бына мұның қаншасы енді?

– Ары кетсе 20-25 пайызы ғана қам­тылған болуы керек. Мұның өзін жа­рыққа шығару ұзақ жылғы еңбектің же­місі болғанын айтуға тиіспіз. Ал бә­рін бірден жариялау үлкен қажыр мен қыруар қаржыны қажет етеді.

рп

–  Кітапты өз қаржылары­ңыз­ға шығардыңыздар ғой? Жа­ңа айтып өткеніміздей, ағаның шы­ғар­машылық қо­рын­да еш жерде кездес­пейтін тарихи маңызы зор жәдігерлер же­терлік. Солай бола тұра мемлекет тарапынан я болмаса қоғамдық ұйымдардан нақты қолдау болмады ма?

– Әзірге солай болып тұр. Осы жи­нақты әке алдындағы перзенттік парызымыз ретінде әпкем Айнұр Сайлауқызы бастап, біз қостап, өз қолымызға алдық. Мұншама тарих далада қалмауы керек қой. Бұл, ең алдымен, ұрпаққа, болашаққа қажет дүние. Алдағы уақытта тиісті орындар тарапынан бұған көңіл бөлініп, қолдау табылып жатса құба-құп. Алматы, Астана қалаларында, сондай-ақ туған жерінің орталығы деп Түркістан төрінде кітаптың таныс­ты­рылымын өткіздік. Мемлекет ба­сшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы лебізхатын жолдап, әкемнің түсірген суреттері ел та­рихынан ойып орын алатын маңызды мұра екенін тілге тиек етті. Басқа да зиялы қауым өкілдері ізгі ниеттерін арнап, ықы­ластарын біл­діріп жатыр. Бұл да болса әкемнің еңбе­гіне, шығармашылығына жасалған құрмет деп есептеймін. Осы ретте ұстаз алдындағы аманатқа адалдық танытып, кітапты құрас­тыруға бізге көмек көрсеткен Асылхан Әбдірайымұлына ерекше алғыс айтқымыз келеді.

– Асылхан Әбдірайымұлы, кітап неліктен «Ақ пен қара» деп аталды?

– Кітаптың тақырыбын қояр­да Айнұр Сайлауқызы екеуміз ұзақ ойландық, ағаның көзін көрген замандастарымен ақыл­дастық. Бәрі ол кісіні тосыннан түсірудің шебері деп таниды. Сай­лау ағаның «ақ пен қара су­реттің ғұмыры ұзақ болады» деп айтқан сөзі бар. Кенет осы бір ой кітаптың тақырыбына сұ­ранып-ақ тұрғанын аңғардық. Ол қа­зақтың небір марқасқа азаматтарымен қатар жүріп, өмір тынысын, еңбектегі елеулі жылдарын тарихқа таспалады. Солардың ішінде Шерхан Мұртазамен рухани достығы ерекше болыпты. Шер­ағаң ол кісіге «мені анау ақ пен қа­раңа түсірші, адамның болмысын нақты ашатын, дәл көрсететін осы сурет» деп айтқаны бар. Ақ пен қарада өмірдің философиясы жатыр. Күн мен түн, бар мен жоқ, жақсы мен жаман, бір сөзбен айтқанда өмірдің өзі. Сурет тілінде «ақ пен қара гамма алдауға мүм­кіндік бермейді» деген де пайым бар. Ал түрлі түсті суреттер уақыт өте үгітіліп, тек қағаз ғана қалады. Кітапқа енген туындылар да, көрмеге қойылған 74 сурет те өмірдің әр сәтін ақ пен қара арқылы көрсеткен құн­ды дүниелер. Ағамыздың творчествоға тиянақтылығы сол, әрбір түсірген суретінің күні мен жылын, тіпті сағатына дейін жазып отырған. Бұл бізге кітапты баспаға дайындағанда үлкен көмек болды.

впа

– Ұстазыңыз Сайлау Пер­­небаевтың мұрасы қай­таланбайтын образдарға толы құнды дүниелер екенін қай­­талаудан жалықпаймыз. Ойға шомып отырған жас Мұ­қа­ғали, Фариза қа­рындасына әлденені тебірене жет­кізген Әбділда, махаббат жыршысы Әзілханның жан-жарымен сырласып отырған сәті, тағы сол сияқты бірінен-бірі өтетін тарихи суреттердің әрбірі жеке әңгімеге сұранып-ақ тұр...

– Сайлау Пернебаевқа тағ­дырдың өзі тарту еткен ғажайып сый болар, ол қазақ әдебиетінің алтын дәуірі атанған шуақты кезеңде руханиятымыздың кіл мықтыларының ортасында ғұ­мыр кешті. Әдебиет пен өнерде оның объек­тивіне ілін­беген тұлға жоқ. Кенен Әзір­баев, Сәбит Мұ­қанов, Ғабит Мү­сірепов, Ғабиден Мұстафин, Расул Ғамзатов, Шың­ғыс Айт­матов, Әбділдә Тә­жібаев, Әбу Сәрсенбаев, Жұбан Мол­да­ғалиев, Кемел Тоқаев, Әнуар Әлім­жанов, Ға­фу Қайырбеков, Қалтай Мұхамеджанов, Бей­сенбай Кенжебаев, Не­мат Ке­лімбетов, Мұқағали Мақатаев, Асқар Сүлейменов, Оралхан Бөкей сияқты ақын-жазушылар, Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Қасым Қайсенов сынды батырлар, өнер қайрат­кер­лері Нұр­ғиса Тілендиев, Кәу­кен Кенжетаев,  Ілия Жақанов, Райымбек Сейіт­метов сондай-ақ, Халифа Алтай, Асанбай Асқаров, Мұстафа Өзтүрік, та­ғы басқа жүздеген тарихи талант оның кейіпкеріне айналды. Олардың өзара әңгіме дүкен құрып отырған сәттері, риясыз күлкісі, қалың ойға берілген кездері сан қырынан көрініс табады. Бұл кадрлардың көпшілігі тосыннан түсірілген. Сайлау аға олардың көбімен рухани сырлас, пікірлес дос болды. Ең ғажабы, осы айтылған тұлғалардың кей­бірінің тұтас шығармашылық жолын айшықтайтын, жеке альбомын жасақтауға болатын бірегей суреттер Сайлау Пернебаевтың жеке қорында сақталған. Би­ліктегі тиісті ведомстволар ла­йықты мән берер болса, аға­ның қолтаңбасында баға жетпес мол қазына жатыр. Мәселен, бір ғана айтыс өне­рінің өзін 32 жыл тү­сірген. Яғни ол кісінің қорында айтыстың ширек ғасыр­лық тарихы бар. Сайлау аға өткір мінезді, өз ісін жан-тәнімен сүйген адам. Шерағаң бастаған қаламгерлер оны «айтқыштығы» үшін жақсы көретін. Ұлт тағдырына қатысты кез келген мәселенің бел ортасынан табылып, азаматтық үнін, көзқарасын жеткізіп жүретін.

ып

– Ербол Сайлауұлы, әкеңіз­дің өмір өткелдеріне бір сәт көз жүгіртсек...

–  Әкем о баста Леңгірде шахта­да жұмыс істеген. Ленинградтан келген бір инженер оның винетка жасап жүргенін көріп, сенің орның бұл жер емес, үлкен арманға құлаш серме деп бағыт-бағдар беріпті. Әлгі кісінің сөзі әсер етіп, ол Алматыдағы техникумға кино­меха­никтің оқуына түскен. 1958 жылы оқуын аяқтап, Қаскелеңде киномеханик боп жұмысқа кірген. 1961 жылы Қаскелең аудандық газетінде фототілші бола жүріп, «Мәдениет және тұрмыс», «Ле­нин­шіл жас», «Социалистік Қазақ­стан», «Қазақстан әйелдері» сынды бір­қатар басылымдарға да өзі түсірген сурет­терді жолдап отырған. Бір жолы оның жұ­­мыстары «Социалистік Қа­зақ­стан» газетін басқарған Ке­ңес­бай Үсебаевтың назарына ілік­кен. Жабық конкурс жа­рияланып, бірнеше мықты фо­тогердің ішінен әкем 1967 жылы «Социалистік Қазақстан» (қа­зіргі «Egemen Qazaqstan») газе­тінің штаттағы фототілшісі болып еңбекке араласқан. Сол Кеңесбай Үсебаев атамыз әкеме үлкен ортада өзін қалай ұстау қажеттігін, кәсіби ше­берлік, шы­ғармашылық еркіндік, жалпы жан-жақты мықты маман болып машықтанудың барлық жолдарын үйреткен. Әкем 1981 жылға дейін сонда жұмыс істеді. Сондықтан әкеміз ол кісіні ұстазым деп есеп­тейтін. Осынау ғасырлық тарихы бар абыз басылымның біздің отбасымыз үшін орны бөлек. Неге десеңіз, әкем мен анамды осы басылым табыстырған. Анам да осы газетте корректорлық қыз­мет атқарған. Әкем еңбек жо­лында еліміздің бар өлкесін аралап, әйгілі адамдарды, тарихи оқиғаларды, табиғат сұлулығын, небір ғажап көріністерді фотоға түсірді.

– Иә, Сайлау Пернебаев түсірген суреттер «Егеменнің» де тарихынан ерекше орын алатыны сөзсіз. Ағамыз 1981 жылы өзінің жемісті жұ­мысын «Қазақ әдебиеті» газетінде жал­ғастырып, алғаш фотолаборатория ашқанын білеміз.

– «Қазақ әдебиеті» әкемнің шығар­машылық қырын одан әрі ұштады. Қазақтың қабырғалы қаламгерлерімен қанаттаса жүріп, әдебиет майталман­дарының шежіресін жасады. Өзінің бар түсірген туындыларын, қажетті құ­рал­дарын, жұмысына керекті дү­ниелердің бәрін сол өзі негізін қалаған фо­толабораторияға жинап отырды. Бұл еңбектің бәрін ол қазақ әдебиетінің келешегі, болашақтың қамы үшін жасады. Осы тұста әкемнің шығармашылық көңіл-күйіне, тұтас өміріне кері әсер еткен келеңсіз оқиғаны да айта кеткенім жөн шығар. 1995 жылы әкем Семей өңіріне Қайырбек Асановпен бірге Абай Құнанбайұлының 150 жылдығына іссапарға кеткен уақытында, Жазушылар одағы хатшысының шешімімен фотолабораторияны керексіз деп тауып, жаппақ болған. Кейіннен әкем жоғарыға хат жазып, зиялы қауым араласып бұл шешімге тоқтау қойылған. Алайда араға 9 жыл салып, 2004 жылы одақтағылар 33-бөлмені бәрібір жауып тынды. Ондағы құнды мұраларды далаға шығарып тастағанда, біразы жоғалған. Олардың мұндай шешімге келуіне не түрткі болғаны біз үшін әлі күнге дейін жұмбақ. Осы оқиға әкемнің денсаулығына да қатты әсер етті. Өйткені ондағы әрбір заттың, әрбір пленканың әкем үшін орны бөлек еді. Осылайша 18 қорап суретті құшақтап үйімізге алып келдік. Содан бері халқымыз үшін тарихи маңызы зор фотосуреттер шаңырағымыздың бір бөлмесінде сақтаулы тұр.

– Кәсіби маман Сайлау Пер­небаев отбасында қандай әке болды?

– Мен үйдегі алты баланың кенже­сімін. Әкеміз үнемі ісса­парда жүретін, көбіне анамыздың тәрбиесінде болдық. Ол кісінің қандай әке болғанын мен бір ғана мысалмен айтып өтейін. Алтау­мызды да қаладағы жалғыз қазақ мекте­біне берді. Және мұны мақсатты түрде істеді. Ұрпағынан ұлағат күтпейтін әке жоқ шығар. Бізді үнемі адалдыққа, таза­лыққа, туған халқымызды сүюге баулып отыратын.

– Әкеңіздің тарихи мұрасын ұр­паққа жеткізуде тағы қандай жос­пар­ларыңыз бар?

– Асылхан ағамыздың ұсы­нысымен келер жылы Әл-Фа­раби атындағы Қазақ ұлттық университетінде әкемнің сурет көрмесін өткізсек деген ойымыз бар. Жоғарыда айтып өткен, қазақ әдебиетінің алтын дәуірін жасаған классиктеріміздің сирек суреттерін сол көрмеде қамтуды жос­парлап отырмыз.Сондай-ақ осы ме­рейтойлық жыл ішінде атқарылған жұмыстарды кәсіби мамандардың, ға­лымдардың қа­тысуымен өтетін ғылы­ми-та­нымдық конференциямен қоры­тын­дыламақпыз. Жаңа жылда жас фотогерлердің арасында байқау жариялап, әкеміз сияқты мықты мамандардың ізін жалғастыратын өскелең ұрпақты қанаттандырсақ дейміз. Ал әр суреттің тарихын зерттеу, әке мұрасын зерделеу ісі үздіксіз жалғаса бермек.

 

Әңгімелескен –

Арман ОКТЯБРЬ,

«Egemen Qazaqstan»