Президент • 13 Қазан, 2023

Болашақта бес миллиардтан астам адам су тапшылығына ұшырауы мүмкін - Президент

139 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Президенті ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Болашақта бес миллиардтан астам адам су тапшылығына ұшырауы мүмкін - Президент

Мемлекет басшысы ТМД елдерінің транзиттік әлеуетін нығайту үшін қазіргі қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғыртып, әкімшілік рәсімдерді қысқарту және интеграцияланған логистикалық, соның ішінде цифрлық шешімдерді енгізу шаралары маңызды екеніне арнайы тоқталды.

Президент ТМД-ға мүше мемлекеттердің аумағы арқылы өтетін күре жолдарды өзара ұштастыру тұжырымдамасын әзірлеуді ұсынды. Оның пікірінше, бұл құжат Еуразия кеңістігіндегі Достастық елдерінің мүдделерін ескеретін жаңа транзиттік-логистикалық кодқа айналады.

Қасым-Жомарт Тоқаев азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін келесі басымдық ретінде атап өтті.

«Анағұрлым өнімді әрі экологиялық таза ауыл шаруашылығын дамыту үшін өзара ықпалдастықты күшейткеніміз жөн. Озық тәжірибемен бөлісіп, өндіріс пен өткізілетін өнім арасындағы тізбекті жолға қою, сондай-ақ фитосанитариялық және ветеринарлық талаптарды оңтайландыру үшін қолайлы жағдай жасау қажет», деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, климаттың жаһандық деңгейде өзгеруі елдеріміздің орнықты дамуына айтарлықтай қауіп төндіреді.

«ТМД-ға мүше бірқатар мемлекеттің аумағында қазіргі экологиялық ахуал нашарлап, шөлге айналу және су қорының сарқылу жағдайында бұл проблеманы елеусіз қалдыруға болмайды. БҰҰ бағалауына сәйкес 2050 жылға қарай климаттағы өзгеріс салдарынан бес миллиардтан астам адам су тапшылығына ұшырауы мүмкін. Қазірдің өзінде Орталық Азия елдері Жер шарындағы орташа температураның көтерілуіне байланысты күрделі проблемаларға тап болып отыр», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент еліміздің аталған саладағы маңызды жобалары туралы мәлімет берді.

Мемлекет басшысы күш-жігер жұмылдырмай, Еуразия кеңістігіндегі экологиялық катаклизмдердің салдарын еңсеру мүмкін емес екенін атап өтті. Сондай-ақ ТМД аясында осы бағыттағы конструктивті қарым-қатынасты нығайту аса маңызды деп санайды.