Президент • 12 Қазан, 2023

Президент: Жасанды интеллектіні дамыту үшін стратегиялық құжат қабылдау керек

176 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Digital Bridge форумындағы баяндамасы барысында жасанды интеллектіні қолдану аясын және оны дамытудың міндеттері мен құралдарын айқындайтын стратегиялық құжат қабылдау керектігін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент: Жасанды интеллектіні дамыту үшін стратегиялық құжат қабылдау керек

Фото: ашық дереккөз

Президент мұндай қадам елімізді технологиялық тұрғыда дамытудың орнықты бағытын айқындауға мүмкіндік беретінін, бұл – халықаралық озық тәжірибе екенін атап өтті.

«Ең алдымен, жасанды интеллект технологиясын экономикамыздың мұнай-газ секторы, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика секілді маңызды салаларына енгізуге мән беруіміз қажет деп санаймын», деді Мемлекет басшысы.

Жасанды интеллект қалаларымызды өмір сүруге және жұмыс істеуге қолайлы әрі толыққанды ақылды қалаға (smart city) айналдыру процесін айтарлықтай дәрежеде оңтайландыра алатынын айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мемлекеттік қызмет көрсету кезінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланудың да маңызы зор. Бұл орайда біз елеулі нәтижеге қол жеткіздік», деді.

Сонымен қоса Президент азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатының деңгейін анықтауға және оларға проактивті мемлекеттік қолдау көрсетуге мүмкіндік беретін «Отбасының цифрлық картасы» іске қосылғанын айтты.

«Мұндай өнімді «Бәйтерек» холдингі базасында бизнес үшін де енгізу керек. Менің тапсырмам бойынша бұл бағытта ауқымды цифрлық трансформациялау жұмыстары басталып кетті», деді ол.