Үкімет • 11 Қазан, 2023

Риддердегі ЖЭО коммуналдық меншікке беріледі

197 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Премьер-министр Әлихан Смайылов орталық мемлекеттік органдар, Бас прокуратура, ҚМА, БҚДА және басқа да ведомстволар басшыларының қатысуымен Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссияның кезекті отырысын өткізді. Отырыс барысында комиссия Риддер қаласындағы ЖЭО-ның айналасында қалыптасып отырған жағдайды қарастырды, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Риддердегі ЖЭО коммуналдық меншікке беріледі

Фото: Ашық дереккөз

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев өткен жылдың қазан айынан бастап стансада бірқатар апат орын алып, соның кесірінен қала тұрғындарын жылумен және электрмен жабдықтауда іркілістер болғанын еске салды. ЖЭО-ның бұрынғы иелері оны жаңғырту және күрделі жөндеу жұмыстарына инвестиция салмағандықтан, стансаның техникалық жайы әбден тозып бітуге айналған.

Биыл Үкімет резервінен және облыс әкімдігінен бөлінген қаражат есебінен стансаның барлық 6 қазандығына жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазір 3 қазандық бойынша іске қосу жұмыстары жүріп жатыр, тағы 3 қазандықты жөндеуді жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

ЖЭО-ның жаңа меншік иесімен жүргізілген келіссөздер қорытындысы бойынша инвестор кәсіпорынның барлық қарызын өтеп, стансаны әкімдіктің коммуналдық меншігіне береді деген уағдаластыққа қол жеткізілді.

Премьер-министр ЖЭО-ны жергілікті атқарушы органдардың балансына қабылдау үшін барлық қажетті ұйымдастару-құқықтық жұмыстарды жүргізуді тапсырды.