Шаруашылық • 09 Қазан, 2023

Ақтөбе облысы: Шаруаға оңай соқпай тұр

263 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысындағы ала жаздай ірі шаруашы­лықтары қысқы мал азы­ғын дайындап алды. Об­лыс­­тық ауыл шаруа­шы­лығы басқар­масының мә­ліме­тіне қа­рағанда, осы кезде малға қажетті жем­шөп қоры 96,8 %-ға әзір.

Ақтөбе облысы: Шаруаға оңай соқпай тұр

Қаладағы мал базарында Хромтау ауданы Бөгетсай ауыл­­дық округінен келген шөп­тің әр бау 800 теңгеден саты­лып жатыр. Жүк көлігіне тиелген 300 бау шөптің бәрін сатып алған адамға әр бумасын 550 теңгеден береді. Аудандарда да шабылған шөптің бағасы арзан емес. Мәселен, Мұғалжар ауданының елді мекендерінде 250-300 кг салмақтағы бір орама шөп 6 мың теңгеден, салмағы 18-23 кг болатын бір бау шөп 500 теңгеден сатылып жатыр. Шілде-тамыз айларында осы жақтағы шөп сататын қожалықтар бау шөпті 400 теңгеден, орама шөпті 5 мың теңгеден сатқан еді.

Жаздағы қуаңшылықтан Ырғыз, Шалқар, Әйтеке би, Хромтау аудандарында шөп шығымы аз болды. Оның үстіне жылдан-жылға ірі қара мен жылқының басы өсіп, керісінше дала өсімдіктерінің түрі сиреп, құнары азайып барады. Шаруалар алдағы уақытта жерді құнарландыру мен мал азығын егудің жаңа тәсілдерін ойлап таппаса, үй малына даланың шөбі жетпей қалатын түрі бар. Қазір мал далада. Қыс жайлы болған жылдары желтоқсан айының ортасына дейін қой, сиыр азығын аяғымен табады. Ал қыс ерте түсіп, мал қораға қамалғанда шөп бағасы қазіргі­ден де қымбаттайды. Қы­сы ұзақ, аязы мен бораны көп өл­ке­де мал қорада бес ай тұрады. Ал бір сиыр­ды қыстатуға үнем­де­­геннің өзінде 150 бау шөп керек.