Білім • 04 Қазан, 2023

Мектеп асханасы ұлттық тағаммен толықса...

327 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мектеп асханаларына қатысты мәселелер оқу жүйесінің сыздауық жарасына айналғандай. Айталық, оқу жылында астан уланған қаншама бала ауруханаға түсіп жатады. Енді бірде тағамдардың сапасына көңілі толмай, кейістік білдіретіндер де бой көрсетеді. Жағдайды қалай реттеген дұрыс? Осы сұраққа жауап іздеп көрдік.

Мектеп асханасы ұлттық тағаммен толықса...

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Жақында Оқу-ағарту министрлігі өңірлік білім басқармаларының басшыларымен бірге мектеп оқушыларын тамақтандыру мәселелерін талқылады. Министр Ғани Бейсембаев атап өткен­дей, «басты міндет – балалардың сапалы білім алуы үшін қолайлы жағдай жасау». Ресми деректерге зер салсақ, 1 қыркүйектен бері 7 мың мектепте 1,6 млн бастауыш сынып оқушысына тегін тамақ беріліп жатыр. Оның ішінде 591 білім ордасында кейтеринг пен буфеттік тамақтану әдісі іске қосылған. Жақсы-ақ. Бірақ мектеп асханаларының сапасы сын көтермейтінін көрер көз, естір құлақ баяғыдан біледі. Сол се­бепті Балалардың құқықтарын қорғау ко­ми­теті білім беру ұйымдарында оқу­шы­­лардың тамақтану нормаларын қайта қарап жатыр.

– Өңірде өндірілетін отандық өнім­дер­ді пайдалана отырып, ас мәзірін әзірлеу нормасы енгізілді. Бракераждық комиссиялар мен салааралық сарапшылар үшін мониторингтік топтардың қызмет тәртібі туралы заңнамалық нор­малар бекітілді. Мектептерде тамақ­та­ну мә­дениетін қалыптастыруға, атап айт­қанда, санитарлық талаптар мен ги­гие­наны сақтауға, дастарханды безен­­діруге, дұрыс тамақтануды наси­хат­тау­ға баса назар аударылады, – деді Бала­лар­дың құқықтарын қорғау коми­тетінің төрағасы Насымжан Оспанова.

Ғ.Бейсембаев Ақмола облысы Арша­лы ауданына қарасты Жібек жолы ауы­лын­дағы жаңа салынған мектеп­тің жағ­дайын көріп қайтқаны есте­ріңіз­д­е шығар. Әлеуметтік желіде сол іссапардан бейнежазба тарап кетіп, жұрт наразылығын ту­дырған-ды. Мектеп асханасының асты ұйымдастыру барысында көптеген қателік кетіп, бала денсаулығына зиян­­ды өнімдер сатылымға шығарылған. Осы жағдай министрлікті бейжай қал­дырмаса керек. Министр Ақмола об­лыс­тық Білім басқармасының басшысы Шоқан Жетпісбайұлына өңірдегі басқа мектептерді де аралап, сапаға мән беру керектігін айтып, тапсырма берген болатын. Басқарма басшысы «бұл мәселелер шешілді, кемшіліктер жо­йылды» деп жауап берді. Оқушыларды та­мақтандыру барысында жіберген ол­қы­лықтары үшін аудан басшысы мен мек­теп директоры сөгіс алып, тәртіптік жаза тағайындалған.

Осыдан кейін білім беру ұйым­да­ры­ның барлығында балаларды сапалы тамақтандыру жұмыстары қайта қаралып, күшейту қолға алынды. Ел бо­йынша барлығы 60 мониторингтік топ құ­рылды. Барлық мектептегі тамақ­тан­ды­рудың қандай деңгейде ұйым­дас­ты­рылғаны тексерілетін болады.

– Оқушылардың дұрыс тамақ­тануы олардың денсаулығы мен оқу қа­­бі­­летін арттыруға септігін тигізе­тін маңызды шарттардың бірі. Мұн­дай жағ­­дай қайталанбауға тиіс. Білім бас­қар­маларының, аумақтық департа­мент­тердің басшылары бақылауды кү­шей­тіп, сапалы тамақтандыру жұмыс­тарын дұрыс ұйымдастыруы қажет, – деді Оқу-ағарту министрі.

Асхана мен буфет аймағында құ­ра­мын­­да майы көп өнімдер, қанты бар су­сындар сатылмауы керек. Олар нор­ма­тив­тік-құқықтық актілер шеңберіне сай емес. «Ұлттық салауатты тамақтану» орталығының зерттеуі бойынша, елдегі бірнеше аймақтағы мектеп мәзірлерінің тағамдық құндылығы қазіргі ғылыми ұсыныстарға сай емес. Нақтырақ айтар болсақ, көмірсулар мен қаныққан майлардың мөлшері көп, қант пен тұз көп қосылады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған нормалардан бірнеше есе артық екені дәлелденген. Бұған буфеттегі сатылатын өнімдердің ассор­тиментін де қоссақ болады. Қанша­ма мектепте тыйым салынған сусын, майонез қосылған өнімдер, май мен қант мөлшері шектен тыс көп тағамдар сатылады. 

Асхана сапасының, ас мәзірінің, та­ғам құнарының көп жағдайда сын көтермейтінін айттық. Егер мектеп асханасына ұлттық тағамдарды енгізсек, қазір қордаланып отырған мәселелерді шешу мүмкін бе? Мысалы, бастауыш сыныптарына тегін берілетін ас мәзірінде ұлттық тағам жоқ, тек еуро­па­лық тағамдар бар. Америкалық сая­саткер Энтони Бурдэн «Ең маңызды саясат – тек тағамға байланысты сая­сат» дейді. Бұл сөзді белгілі академик Төрегелді Шарманов «Ұлттығымызды сақтайтын саясат ұлттық ас мәзірін сақ­тап, қадірлеуден келіп шығады» деп жал­ғайды. Министрлік ұлттық тағам­дар­ды мектеп асханасына енгізу бастамасын қолдап отыр.

Мектеп жасындағы балалардың та­мақ­тануы ғылыми негізге сүйенген, дәру­м­енге бай, дәмді болуы керек екені анық. Мектептегі түскі ас балалардың күн­делікті энергия қажеттілігінің үштен бірін қамтамасыз етуі керек. Медицина ғалымдарының зерттеуінше, баланың дені сау болып өсуі үшін, сүт, тірі про­био­тиктері бар ашытылған сүт өнім­де­рі, тез қорытылатын ет, көкөністер мен жемістер қажет. Осы жүйеге қазақ­тың ұлттық тағамдары сай ма деген сұрақ туындайды. Бұл сұраққа медицина ғы­лы­мының докторы, академик, Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов: «Атам қазақтың «Жылқы еті – төсегіңе жатқанша, сиыр еті – бозарып таң атқанша, қойдың еті – келесі күн батқанша» деген қанатты сөзі бар. Жылқы етінің құнары – бекіре балықтың етімен деңгейлес. Дәмі одан да асып түседі. Жылқы қазысының құ­на­ры пайдасынан бөлек, әрбір қазақ қазы десе санасы серги қалады. Ал тағам – адам жанына ләззат сыйлауымен де қадірлі. Сондықтан елімізде жылқы етін дұрыстап өндірсе құба-құп болар еді. Тез қорытылатын жылқы еті жүрек-қантамырға да, әсіресе ми жұмысына да ерекше әсер етеді. Жылқы етінің сіңімділігі қой мен сиыр етіне қарағанда үш есе жылдам», деп жауап берді.

Нутрициолог маманға осы сұрақты қойдық.

– Адамның тамақтануы ақуыздардан, майлардан, көмірсулардан тұруы керек. Ата-бабаларымыз бағзы заманнан дұрыс тамақтанған. Бала энергияны тамақ арқылы алады. Егер тек қана жеңіл көмірсуларды тұтынатын болса, бұл сапасыз тамақтануға жатады. Шетелдің небір жүйеленген ас мәзірлері бар. Бірақ біздің менталитетке жат. Мысалы, олар біз секілді көп ет жей алмайды. Осыны ұғыну қажет. Біздің ұлттық тағамдар суға, буға піседі. Ұлттық тағамдар ар­қылы дұрыс тамақтану жүйесін құруға болады. Қазіргі кездегі мәселе – етті жеу­дің санында емес, сапасында болып отыр, – дейді нутрициолог Гүлмаржан Құрманова.

Бұл ойды Төрегелді Шарманов: «Қа­зақтың тамақтану мәдениеті – ба­йыр­дан бар дәстүр. Біз сол дәстүрді жаң­ғыртып, ұлттың екшеліп, реттелген ауқаттану әлемін біліп жүргеніміз де дұрыс. Жаңашылдық деген ескіні сүріп тастау емес. Қазақтың тағамы осы күнде аяқастынан пайда болған жоқ. Ол күллі ұлттың тарихы, жүріп өткен жолы, тұрмыс-салты, керек десеңіз түрлі соғыс жағдайлары мен той-тома­лағының негізінде әбден еленіп, екшеліп осы күнге жетті. Ендеше, бізге ғасырлардың жү­гін арқалап жеткен ұлттық асымызды ескі тағам деп лақтырып тастауға болмайды. Ұлты­мыз ол астың құндылығын білген, осы күнге ұрпағы тірі жетуі үшін оны пай­даланған, тағамдану тәжірибесін ұрпаққа қалдырған. Сондықтан бүгінгі ұрпақ оны қадірлеп бағалауы керек», деп толықтыра түсті.

Профилактикалық медицина ака­демия­сының президенті Алмаз Шар­ман­ның айтуынша, мектептегі та­мақ­та­нудың дұрыс орнатылған жүйесі мың­­­даған азаматқа аурудың алдын алуға және сол арқылы денсаулық сақ­тау шығындарының ауыртпалығын едәуір азайтуға көмектесетін ауқымды муль­типликативті әлеуетке ие. «Мұны «көбелек эффектісі» деп атасақ та болады. Әрбір істің салдары болатындай, мектеп ас мәзірін оң жүйеге кел­ті­ру, ұлттық тағамдарды қосу үлкен серпілістің басы болар еді. Қазіргі таңда неврологиялық ауруы бар балалар көбейіп кетті. Мұ­ның бірінші себебі – тамақтану сал­тының дұрыс еместігі. Біз Еуропа, Батыс елдерінің тамақтануына қатты қызығамыз, соған еліктейміз. Заманның ағысына үлгереміз деп, тез тамақтану жүйесіне де көшіп кеттік. Бұл – қаншама дерттің бастауы. Мысалы, тісі ауыратын бала өте көп. Оның се­бе­бі балалар құрт жемейді, кальций жетіспейді», деді ол.

– Малдың сүйегінен сорпа жасап ішу адам ағзасындағы коллагенді бір жүйеге келтіреді. Сүйек сорпасын 6 ай бойы ішіп буын ауруынан жазылған адамдар бар. Мұның бала ағзасына қаншалықты пайдалы екенін ойлай беріңіздер. Ірім­шік, құрт, сүт өнімдері кальцийге бай. Бұл да баланың өсуіне ауадай қажет. Қазір мектеп асханаларындағы колбаса, бәліш, небір фасфут өнімдерінің орнына қазы мен сүйек сорпасын, ірімшік пен құртты берсе, балалар әлдеқайда сау болып өсетін еді, – дейді нутрициолог Гүлмаржан Құрманова.

Баланы жас күнінен ұлттық нәр­мен суаратын болсақ, тамырын те­рең­ге жаймақ.