Зерде • 19 Қыркүйек, 2023

Жоғалған жауынгерлер

1090 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Екінші дүниежүзілік соғыс тарихының ақтаңдақ тұстары көп. Соның бірі – Түркістан легионы сапында болған қазақ жауынгерлерінің тағдыры. Соғыстан кейін бұлардың бірлі-жарымы бас сауғалап Түркияның Ыстанбұл, Анкара қаласына барса, бір тобы Адана қаласына тұрақтаған екен.

Жоғалған жауынгерлер

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Біз бұған дейін Түркияда 50-жылдардың ортасын­да Шыңжаң-Алтайдан немесе 70-жылдары Ауғанстан мен Ираннан ауып барған қа­зақ­­тар ғана бар деген ойда бол­дық. Екінші дүниежүзілік со­ғысқа қатысып, «Түркістан легионы» құрамында болған қан­дасымыздың бір тобы со­ғыс аяқталған соң бауырлас Түр­кияны бас сауғалағаны туралы бірлі-жарым оқиғаны атүсті естігеніміз болмаса нақты дерекке қол жеткізе алмай келдік.

Ресейлік «Известия» газе­тінің 1998 жылғы 25 маусым­да­ғы санында 4 миллион 559 мың кеңес жауынгері немістердің тұтқынына түскені туралы жазылыпты. Олардың арасында қазақтардың да болғаны анық.

Аталған тақырыпты терең зерттеген ардагер журналист Амантай Кәкен келтірген деректе: «Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Германия қару­лы күштерінің құрамында 2 мил­лионға жуық шетелдік жауынгер, яғни легионер есебіндегі адамдар болған. Бұлардың 450 мыңын мұсылман еріктілері құраған. Нақты айтқанда, 120 мың балқандық, 4 мың араб-үнді тектес, 180 мыңы түркістандық (өзбек, қазақ, қырғыз, т.б), 30 мың солтүстіккавказдық, 25-35 мың әзербайжан, 60 мың Еділ және Қырым мұсылмандары болса, осылардың ішінде 6 700 қазақ болған» дейді.

Соғыстан кейін неміс тұт­қыны болғандарды И.Ста­лин­нің 1941 жылы 16 тамызда қа­былдаған «Соғыста жау қо­лы­на түскен тұтқындар қаса­қана әскерден қашқан болып есептелсін...» деген 270-бұ­йы­ғына сәйкес қатаң жаза күтіп тұрды. Осыны білген легионерлер туған топырағына оралмай, дені шетелде қалып қойды. Бұлардың өмірбаян деректеріне соғыста «хабар-ошарсыз кеткендер» делінді.

Сөйтіп, Екінші дүниежүзілік соғыс тарихында қазақтың жал­пақ тілімен айтқанда «жоғал­­ған жауынгерлер» ұғымы пайда болды. Бұлардың тағдыр-талайы кеңестік кезеңде айтуға болмайтын жабық тақырыпқа айналды. Десек те қадау-қадау айтылып жүрді.

* * *

Сондай қадау деректің бірі 1998 жылы «Жұлдыз» жур­налының 10-санында «Соқыр ананың жүрегі» деген атпен жарияланды. Мақала автор­ты Уәлихан Мұқаев деген қауіп­сіздік саласының ардагері екен. «1971 жылдың күзі бола­тын, – деп жазыпты полковник мырза. – Біздің облыстың бір кеңшарында тұратын әйел адамға Түркиядан бір хат келіпті тексеріңіз деді. Хатпен таныс­тым. Латын ғарпімен қазақ ті­лінде жазылыпты. Сөзіне қара­ғанда хат иесі Ғабдырахман Жүсіпов осы өңірде туып-өс­кен, соғыс басталғанда әскерге алынып, майданда тұтқынға түскен. Содан елге келе алмай сырт елде қалып қойған. Хатты Лебяжі (қазіргі Аққулы) ауданы Майқарағай кеңшарының Қорт ауылында тұратын Биғайша есімді анасына жазыпты. Оның сыртында ауылда өзі біле­тін адамдардың атын айтып аман­дығын сұрапты. Бірақ анасы осы хат келерден бір ай бұрын дүние салыпты. Марқұмның қырық күндік науқаны беріліп жатқан күні хатта жеткізілді. Ауылдастары айтты: «Марқұм көз жұмғанға дейін «менің ұлым тірі, бір күні хабар келеді» деуден жалықпаған екен».

Содан дүниенің дидары жы­лыған 1994 жылы Ғабдырах­ман Жүсіпов 55 жылдан кейін өзі туған жеріне келеді. Туған-туыстары қошеметпен қарсы алады. Анасына ас беріп, аят оқып, бір аптадан соң Түркияға қайтады. Бұл оқиға туралы «Жұлдыз» журналының 1996 жыл­ғы 10-санында «От шар­пыған тағдырлар» атты кө­лемді жазба жарияланды. Бұл ма­қалада қазақ легионері Ғаб­дырахманның басынан кешкен тағдыр-талайы көркем баян­далған.

* * *

Анадолы елінде Ғабды­рах­ман жалғыз емес екен. Жуық­та «Egemen Qazaqstan» газеті­нің биылғы 15 қаңтардағы санында жас зерттеуші Самат Жұматайұлының «Түркияда бас сауғалаған «Түркістан легионы» қазақтары» атты мақаласы жарияланды. Осы мақалада Адана қаласына барып бас сауғалаған бес қазақ: Ислам Керей (Шайқысіләм Ләтіпов) – Солтүстік Қазақстан облысы, Ақжар ауданы Жетіүй ауы­лы­нан, Яхия Қазбек (Жақия Қош­қынбаев) – Павлодар облысы, Железин ауданы Жаңаталап ауылынан, Халық Орал (Тулеп Халелов) – Ақтөбе облысынан, Қашим Балқаш – Қарағанды облысынан, Зейнел Әбиден (Зейнелқабиден Шауышов) –Қызылорда облысынан екені айтылады.

Бұлардың бәрі өмірде жоқ. Бірақ Ислам Керей (Шайқысіләм Ләтіпов), Яхия Қазбек (Жа­қия Қошқынбаев), Халық Орал (Тулеп Халелов) қатарлы үш адамның туыстары жоғалған бауырлары туралы хабардар болды. Осы аталарымыздың дере­гін іздеп табуға көмектескен адам – Түркияда тұратын Айғұн Казбек есімді азамат. Бұл адам – жоғарыда аты аталған Яхия Қазбек атамыздың баласы. Яғни ұлты – қазақ. Өзінің айтуынша, әкесімен бірге бір топ қазақ соғыстан кейін Түр­кияның Адана қаласына келіп тұрақтапты.

«Бұл кісілер уақыт өте ке­ле белгісіз себептермен Түр­кияны тастап АҚШ және Еуропа елдеріне тарап кеткен екен», дейді Айғұн әкесінен естіген сөзін айтып. Біздің пайым бо­йынша бұл азаматтардың босып кетуіне 1945 жылы орын алған «Боралтан көпірі» оқи­ғасы әсер еткен сыңайлы. Яғни­ Түркия легионер сапында болып, бас сауғалап қашып кел­ген 195 түркі тектес (көбі әзер­байжан) жауынгерлерді КСРО елімен шекара шебіндегі Арас өзеніне салынған Боралтан кө­пірі арқылы қаздай тізіп кеңес одағына өткізіп берген. Оларды қабылдап алған кеңестік құқық иелері сол жерде түгелдей қы­рып тастаған...

* * *

Кейін анықталғандай Яхия Қазбек (Жақия Қошқынбаев) Кереку өңірінің тумасы екен. Майданға Алматыдан шақы­рылған. Біз таңданарлық оқиға – Айғұн әкесінен қалған көпте­ген құжат пен фотодеректі сақ­тап қалған. Осы қағаздардың ішінде «Павлодар облысы Үрлі­түб ауданы» деген жазу бар. Кейін анықталғандай Жа­қия жарықтық Павлодар облы­сы, Железин ауданы, Жаңа­талап ауылында дүниеге келген. Соғыстан бұрын қазіргі Железин ауданы «Үрлітүбі» деп аталыпты.

Жақия жарықтық майдан­ға кеткенде артында әйелі мен қызы қалыпты. Күйеуінен «хабарсыз кетті» деген ақпар ал­ған жары жалғыз қызын мәпелеп өсіріпті. Екінші рет тұрмыс құр­мапты. Сұрастыру барысында Жақияның қызы тірі боп шық­ты. Бұл хабар жеткен бойда Айғұн Қаз­бек дереу Қазақстанға ұшып келіп, Павлодардағы қарт апайына барған. Құшақтасып қауышқан, сағынысып табысқан. Бірақ дерт меңдеп жатқан қарт ана туған інісімен жолыққан күн­нің түнінде о дүниеге аттанды. Дәтке қуат туған әкесі туралы естіп, оның суретін иіскеп, інісін бауырына басып үлгерді.

Жоғарыда айтқанымыздай, әкесі туралы Айғұнның қолын­да сақталған құжаттарда ол кісі сауатты болғаны аңғарыла­­ды. Тіпті өзінің әулет шежіресін һәм өмір жолын жазып қал­дыр­ған. Баласына «Қазақстанда туыстарың бар, тауып ал» деп аманат айтқан. Сол аманат орын­далды.