Жәдігер • 05 Қыркүйек, 2023

Ескі кітаптағы сурет

209 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Патшалық Ресей өзі отарлаған халықтардың тұрмыс-тір­ші­лігіне қатысты жүйелі зерттеулер жүргізген. Соның бірі – «Россия. Полное географическое описание нашего отечества» атты көптомдық. Осы бір құнды туындының 1913 жылы жарық көрген 12-томы «Туркестанский край» деп (құрастырған – кінәз В.И.Масальский) аталыпты.

Ескі кітаптағы сурет

Кітаптың көлемі 22,5х16,5 см, ал бет саны 861 парақтан тұрады. Туындының өн бойында 206 түрлі политип-фото, 20-дан аса диаграмма мен кар­тограмма, сондай-ақ өлкенің бір дана тұтас картасы және губер­нияға қарасты әкімшілік аумақтарды көрсеткен 8 шағын карта енгізілген. Кітапта 1867 жылы іргесі қаланған Түркістан гу­берниясының тарихы баян­да­лады.

Кітапта осы жылдары өлкеде 1,5 млн қазақ өмір сүргені туралы мәліметтер, олардың тұрмыс-тіршілігі жайында көп­теген фотосурет жарияланыпты. Соның бірі – кітаптың 523-бетіндегі «Аңшылық» атты VІ бөлімде жарияланған фото. Құмның ішіндегі жұпынылау жалғыз үй. Оны бүркей шоғыр­ланған ауылдың қатын-қалашы, түгел­дей даңғара кимешек киіп алған. Бұлардың қасында түйеге мініп, сол қолына бұйда ұстап, оң қолындағы балдаққа бүркіт қондырған құсбегі тұр. Фотоның астына «Киргиз-охотник с беркутом» деген анықтама беріліпті. Ал фотоны түсірген «В.Ю. фон-Бранке» деген адам екен.

Аталған фото-жәдігер жария­ланған кітаптың жарық көргеніне биыл 110 жыл толып отыр. Кітап­тағы сурет қайда түсірілгені ай­тылмаған. Бірақ Сырдария өңі­ріндегі қазақтардың аңшылық кәсібі туралы баяндалған, сондай-ақ құсбегі қазақтар аузынан жазып алынған бүркіттің жасы мен атауына қатысты екі түрлі нұсқа берілген екен. Бірінші нұсқа: бір жас – балапан, екі жас – тірнек, үш жас – тастүлек, төрт жас – ана, бес жас – қана, алты жас – жаңа, жеті жас – құм түлек, сегіз жас – сұм түлек, тоғыз жас – қоңыр түлек, он жас – кәрі түлек, он бір жас – ақ түлек, он екі жас – ақырғы түлек делінсе, екінші нұсқа бойынша: бір жас – балапан, екі жас – хан түбіт, үш жас – тірнек, төрт жас – тастүлек, бес жас – мұзбалақ, алты жас – көк түбіт, жеті жас – қана, сегіз жас – жаңа, тоғыз жас – май түбіт, он жас – барқын, он бір жас – баршын, он екі жас – шөгіл делінген.