Пікір • 05 Қыркүйек, 2023

Үнем мен үлгі мәдениеті

334 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Дәл бүгін әділеттілік пен экономикалық бағдар мемлекетке де, қоғамға да өзекті болып тұр. Бұл ұғымдар – орнықтылықтың да, дамудың да тетігі. Өйткені олар заңдылықты, өркендеуді анықтайды.

Қазіргі көзі қарақты замандас елмен ғана шектелмей, геосаяси аядағы өңірлерде, әлемде не болып жатқанын жақсы біледі. Сондықтан әділеттікке де, экономикалық үдеріске де жаһан айнасынан қарайды. 5 қыркүйектегі туған күні – Қазақ елінде Тіл мерекесі ретінде бекітілген Ахмет Байтұрсынұлы: «Мәдениет ми мен аяқ-қол бірдей жұмыс қылғанда орнайды. Ел қалың жерде мәдениет жоғары болады. Ел қалыңдамаса, шаруашылық, тұрмыс өзгермейді» деп жазған еді. Бір қызығы, ұлт ұстазы жалпы мәдениеттің өрісін шаруашылық өзгеріс ұғымымен байланыста қарастырған.

Қаншама кеңестік тоталитарлық экспери­ментті  бастан кешірсек те, шүкір, Ақаң айтқандай, біз қалыңдадық. Мемлекет басшысы мәлім еткендей, жыл соңына қарай санымыз 20 миллион болғалы тұр. Алаш зиялылары «қалыңдауға» бірнеше мағына берген: сан мен сапа жағынан толысу, елшіл азаматтарға ел билетіп, білім мен технологияны, мал шаруа­шылығы мен шикізатты өндеуді жолға қою т.б.

1 қыркүйекте Президент Қ.Тоқаев «Әділет­ті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауын Парламент мінберінен жария еткенде, жоғарыдағы Ахмет Байтұрсынұлының пайымы жадымызда жаңғырды.

«Экономикалық өсімнің игілігін әрбір азаматымыздың көруі – қағидатты мәселе», деген Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Заң мен тәртіп, өзара түсіністік, тілектестік пен жауапкершілік бәрінен биік тұратын тиімді мемлекет құрамыз», деп тұжырымдады. Бұдан кейін Алаш аманатына адалдығын былайша жеткізді: «Біз мәдениетті, білімді, ғылымды дамыту арқылы қазіргі ашық әлемнің бір бөлшегі болуға ұмтылуымыз керек. ... Әркім отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл және жанашыр болса, алынбайтын асу жоқ». Бұл ретте ел басшысы Абайдың «Толық адам» іліміне негізделген «Адал азамат» тұжырымдамасы осы сапамен өзектес екенін байыптатты.

Дәстүрлі Білім күні қалың жұртшылыққа мәлім етілген еліміздің экономикалық бағдары туралы мемлекетшілдік білім-білік жобасы қоғамды бейжай қалдырмайды деп сенеміз.

Жолдаудың негізі – жаһандық күрделі кезеңде ел экономикасы салаларының жаңа қызмет мүмкіндігі, халық әл-ауқатын көтеру­де атқарушы биліктің, орталық пен өңірдің үйле­сімді жұмысы, салық пен бюджет жүйесіндегі, құқықтық реттеудегі, өңдеу өнеркәсібіне инвестор тарту, су ресурстарын үнемдеу, көлік-логис­тиканы дамыту мәселесіндегі жауапты ұста­ным т.б. туралы. Әрине, «бидайдың барар жері – диірмен» дегендей, экономика – елдің әлеуметтік зәруліктерін шешудің тетігі. Жол­дауда Үкіметке жалақыны көтеру, жұмыс орын­дарын арттыру, балалар қауіпсіздігі, бүлдір­шіндер келешегіне арналған капитал қорын құру, білім алуда тең мүмкіндік қалыптастыру, «Қарызсыз қоғам» жобасын салаландыру т.б. қатысты қадау-қадау тапсырма берілді.

Президент атқарушы билікке, іс адамдарына, жалпы, ел өркендеуіне тілеуқор білікті азаматтарға жауапты кезеңде мемлекетіміздің экономикалық моделін қайта пысықтауды ұсынды. Мұны «тиімді экономиканы іздеу жолы» десек те болады. Осы үлкен істің өзегінде кейінгі жылдары мамандар көп айтып жүрген экономиканы әртараптандыру, экономикалық тетіктерді қаржыландыру, банктер әлеуетін толық пайдалану міндеті тұр. Бұл жерде әр сала «аққу, шортан һәм шаян» болып, өз көрпесін өзіне қарай тартуы – ортақ іске қиғаш.

Сонымен бірге Жолдауда көлік-логис­тиканы дамыту экономика драйвері екені де жүйелі таразыланды. Еуразияның қақ ортасына, әлемдік түрлі алпауыттар мүддесі тоғысқан жерге орналасып, бұл мүмкіндікті қолдан жіберуге болмайды. Теңіз бен құрғақ порттар, автомагистральдар, әлжуаз теміржол саласы – жол инфрақұрылымын дамытудың, мемлекетке де, халыққа да нәпақа беретін халық­аралық қаржы ағынын игерудің реті. Бұл саланы үйлестіретін Көлік министрлігіне де елеулі үміт артамыз.

Жолдаудағы тағы бір ділгірлік – су сапасы мен қолжетімділігі туралы Президент тапсырмасы да жұртшылық көңілінен шықты. Биылғы диқандардың жанайқайы, басқа да «суға таяу отырып суға жарымау» оқиғалары гидро-қоймалар мен тоғандар мәселесін жүйелі шешуді міндеттегені рас. Осы ретте Су ресурс­тары және ирригация министрлігінің құрылуы – маңызды қадам.

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында үнем мен тиімділік үлгісін жиі айтты. Бұл – халық танымына, талғамына аса жақын дәстүрлі ұғым. «Ынсап сайын – береке» деген мәтел бар. Оның түйіні – үнем. Сондай-ақ «Теңге – тиыннан, ынтымақ – ұйымнан», «Тамшыдан – теңіз» деген де нақыл жұртқа ыстық. 

Ендеше, қоғам осы үнем мен үлгі мәдениетін жаңғыртып, елдік істерге тілеуқор болады деп үміттенеміз.