Пікір • 21 Тамыз, 2023

Ту мен тұғыр

309 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Түркияға биылғы жазда тағы жол түсті. Бауырлас елге барған сайын көзге бірден түсетін бір ұлттық нақыш бар. Ол – Түркияның туы. Қызыл түстегі жарты ай мен жалғыз жұлдызды бөрі текті ер түріктің әр шаңырағынан ғана емес, көліктерінен, көшелерінен, әкімшілік ғимараттарынан, әрбір шағын дүкен мен үлкенді-кішілі кеме-қайықтарынан, тіпті теңізде басы қылтиған әр тау мен тастан да көруге болады. Көк теңіздің әр тұсында желбіреп тұрған түрік туы – «мына тас осы халықтікі, мынау тау осы мемлекеттікі» екенін үнсіз ұғындырып тұрғандай.

Шыны керек, алғашында «Онсыз да түрік жерінде жүргенімізді білеміз ғой, туларын неге сонша көп іле берген?» деген ой да болды. Бұл бір жағынан сырттан ағылған турис­терге «мемлекеттік нақыштағы ескертулері ме екен?» деген екіұдай сұрақ та туындады. Бірақ уақыт өте келе жергілікті халықтың ұлттық туға деген құрметін нақты сезіне алдық.

Қызыл түсті «бабамның қаны», жұлдызды «халқымның жаны» деп білетін түрік халқы туын белден төмен түсірген емес. Оған өзіміз де куә болдық. Киімдерінің жүрек тұсы мен арқаларына, бас киімдерінде бейнеленген тудың табанға тапталып жатқанын көре алмайсың. Себебі түріктер де қазақтар секілді тудың қадір-қасиетін білетін елдің ұрпағы. Біздер көк туда ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздігіміздің тағдыры мен ұлттық құндылығымыз байланғанын білеміз. Ал түріктер өз туларында Ататүріктің аманаты мен Тоныкөктің өсиеті бар деп қадір тұтады. Сол себепті де болар Түркияның қай ауылы мен ауданына, қаласы мен орталық алаңына барсаңыз, алдыңыздан ең алдымен алып ұлттық ту қарсы алады.

Биыл 6 ақпанда болған жер сілкінісі кезінде Түркия елі 50 мыңнан астам азаматынан айырылды. Сол кезде бүкіл түрік жұрты қара жамылып, жеті күн бойы тулары төмендетілді. Қаралы аптада ел басына түскен қасіретті тік тұрып басынан өткерген рухы мықты ел «Түркия ғана емес, бүкіл әлем жылап тұр» деп жариялады. Мұның себебі де түсінікті. Өйткені түріктер үшін тудың құлағаны – мемлекеттің күйреуімен бірдей. Түптеп келгенде, кез келген ел үшін тудың жығылғаны – жақсылықтың нышаны емес.

Естеріңізде болса, осыдан тоғыз жыл бұрын бауырлас елде президент сайлауы өтті. Түркия тарихында алғаш рет төте дауыс беру жолымен ұйымдастырылған саяси додада елдің сол кездегі Үкімет басшысы, «Әділет және даму» партиясының жетекшісі Режеп Тайип Ердоған жеңіске жетті. Саяси науқан кезінде партияның «Ұлт бірлігі», яғни «Иілмейтін ұлт» атты сайлауалды бейнебаяны жарыққа шықты. Бейнебаяндағы кадр сыртындағы дауыс – елдің қазіргі президентінің даусы, мемлекет басшысы өз елінің әнұранының мәтінін оқып шыққан. Бар-жоғы 3 минуттық үгіт-насихат видеосының айтар ойы мен идеясы бір фильмге арқау бола алады. Бейнебаянда бір күштердің Түркия туын құлатпақ болған қара ниеті, төменге құлдилаған алып тудың көлеңкесін көрген қара халықтың ауызбіршілігі бейнеленген. Қарапайым халықтың – еңбек адамдары мен жастардың, ауыл тұрғындары мен еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейінгі азаматтың өз қолдарымен тұрғызған «тірі сатысы» туды құлатпайды. Яғни ту түбінде жиналып, ту астында жан беретінін түсіндіреді.

Тоғыз жылда роликті 40 миллионнан астам адам көрген, ал партияның Facebook әлеуметтік желісіндегі жарияланымына 10 мыңнан астам пікір жазылған. Желідегі жұрт роликті «мықты кадр» деп жоғары бағаласа, бірі «Түріктердің осындай татулығы тұрғанда бұл жұртты ешкім жер бетінен жоя алмайды» деген ойын білдірген. Осы елдің бір азаматы «Туымыздың қаншалықты қасиетті екенін сезіндім» деп ағынан жарылса, тағы бірі «Менің Отанымның туын түсіргісі келгендер қарғысқа ұшырауы керек. Ұлтымыз бәріне мойынұсынады, бірақ туымызды құлатқандарды ешқашан кешірмейді» деген пікірін қалдырған екен.

Түріктің туын неге сонша тәптіштеп дәріптеп отыр деуіңіз мүмкін... Рас, халқымыз да Туымызды – тәуелсіздігіміздің тірегі деп біледі, әлемдегі ең әдемі тулардың бірі деп қадір тұтады. «Ту астында тулап өлген» (Несіпбек Айтұлы) Қазымбеттей ер бабаларымыз бар. Туы жоқ, тұғыры жоқ елдерді де көріп жүрміз. Бірақ көк байрағымызды бауырлас елдің жұртындай ұлттық рух, ұлттық сана деңгейінде жарнамалай алып жүрміз бе? Осы сұраққа жауап іздегенде сәл тосылып қалдым...