Аймақтар • 04 Тамыз, 2023

Мүмкіндігі шектеулі жандар ортопедиялық бұйымдардың орнына ақшалай жәрдем алады

87 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атырау облысында енді мүмкіндігі шектеулі жандарға берілетін ортопедиялық бұйымдардың орнына оның ақшасы беріледі, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мүмкіндігі шектеулі жандар ортопедиялық бұйымдардың орнына ақшалай жәрдем алады

Фото: Атырау облысы әкімдігінің ресми сайты

Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметтерінше мүгедектігі бар адамдарға қатысты мәселелерді шешу үшін Жол картасы аясында бірқатар оң өзгерістер енгізілген.

Облыста осыған дейін, мүгедектігі бар жандардың және ерекше қажеттілікті керек ететін бала асырап отырған аналардың мәселелері айтыла келе, сол мәселелерді жүйелеп шешімдерін табу мақсатында әзірленген арнайы Жол картасында 16 мәселе қаралған. Биылғы жылдың басынан бері, оның жетеуі оң шешімін тапқан. Енді, қалғаны біртіндеп шешілмек. Мәселен, міндетті гигиеналық құралдардың бір жылға берілетін саны 730-дан 1460 данаға көбейтілген.  Сонымен бірге мүгедектігі бар бала асырап отырған аналар қоғамдық көліктерде тегін қатынайтын болған. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға жылына бір рет берілетін әлеуметтік көмектің мөлшері арттырылған.

«Осыған дейін тегін берілетін ортопедиялық бұйымдар барлығына бірдей ыңғайлы келе бермейтін. Сол себепті, мүгедектігі бар жандар бұл бұйымдарды монетизациялауды сұраған болатын. Сұраныстары орындалды», дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов.

Басқарма басшысының айтуынша арбаға таңылған балаларға арналған ойын алаңдарын салу жұмыстары Жол картасында жоспарға енгізілген.  Сондай-ақ бұл күндері мүгедектігі бар жандарға куроттық-шипажайларға жолдама берілгеннен кейін, уақытылы теміржол билеттерін табу қиындық тудырады. Аталған мәселені оңтайлы шешу үшін Жол картасы аясында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне теміржол билеттерін броньдау немесе қосымша вагондар енгізу туралы ұсыныс жолданған.

Сондай-ақ келер жылы инватакси қызметін ұлғайту бойынша арнайы ұсыныстар енгізілуде.

Соңғы жаңалықтар