Қоғам • 18 Шілде, 2023

Ардагерлерді ардақтаудағы ала-құлалық

362 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Елімізде ардагерлер туралы арнайы заң қабылдау қажеттігі хақында әртүрлі мінберден көп жыл бойы айтылып келгенімен, оның сәті 2020 жылы ғана түсті. Сол жылғы 6 мамырда Мемлекет басшысы «Ардагерлер туралы» алғашқы заңға қол қойды. Бұл маңызды құжат Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуына 75 жыл толуы қарсаңында қабылданып, айтулы мерейтойға тарту іспетті болды.

Ардагерлерді ардақтаудағы ала-құлалық

Әйткенмен, аталған заңның жобасын талқылау барысында Парламент депутаттары оны дайындаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басшыларына кейбір сыни ескертпелер айтқан еді. Оларға жауап қайтарған шенеуніктер: «Бұл заң жобасын қысқа мерзімде асығыс әзірлеуімізге тура келді. Сіздер көрсеткен олқылықтарды алдағы уақытта түзетеміз», деп ақталып, уәде берген. Депутат­тар­дың пікірінше, басты кем­шілік – «ардагер» мәртебесі берілетін адамдар санатының тым шектеулілігі еді. Себебі аталған заңға сәйкес ардагерлер болып Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагерлері, басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, жеңілдіктер бойынша Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагер­ле­ріне теңестірілген ардагерлер және еңбек ардагерлері танылды. Соның ішінде еңбек ардагерлеріне тек Социалистік Еңбек ерлері, үш дәрежелі Еңбек даңқы орденінің иегерлері, «Қазақстанның Еңбек Ері», «Халық қаһарманы» атақтарына ие болған адамдар, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы Кеңес одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдар, 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген адамдар жат­қызылды.

Алайда ұзақ жыл бойы еңбек етіп, жасына байланысты құр­метті демалысқа шыққан көптеген зейнеткер заң жүзінде ардагер қатарына енбей қалды.

Бұл ағаттық арада бір жыл бес айдан астам уақыт өткенде түзетілді. Нақты айтсақ, 2021 жылғы 12 қазанда қабылдан­ған «Қазақстан Республикасы­ның кейбір заңнама­лық акті­ле­ріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қор­ғау мәселелері бойынша өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» заң арқылы «Ардагерлер туралы» заң­ның «Еңбек ардагерлері» атты 7-бабы «Жасына байланыс­­­ты зейнетақы төлемдерін немесе ең­бек сіңірген жылдары үшін зей­нет­ақы төлемдерін алушылар бо­лып табылатын және бұрынғы Кеңес ода­ғының не­месе Қазақстан Респуб­ли­ка­сының ордендерімен не­месе ме­дальдарымен наг­рад­талған не бұ­рынғы Кеңес ода­ғының немесе Қазақ­стан Рес­публикасының құр­­метті атақ­тарына ие болған, не Қазақ­­­стан Республикасының құрмет ­гра­­мо­­таларымен наградтал­ған, не Қа­зақ­стан Республикасы­ның ведом­ст­во­лық наградаларымен наг­рад­тал­ған адамдар» деген жаңа 5-тармақ­­пен толықтырылды. Бірақ па­йымдап қарасақ, бұл түзету­мен де толық келі­су қиын. Өйт­кені «Еңбек ардагері» құрметті атағы мемлекеттік және ве­дом­стволық наградаларымен мара­патталған зейнеткерлер­ге ғана берілуі әділдікке жата қояр ма екен? Оның үс­тіне, жаппай жемқорлықтан әлі арылып болмаған елі­міз­де мем­­лекеттік және ведом­ство­лық наградаларды көбі­несе шенеуніктермен жең ұшынан жалғасқан пысықай жандар иеленіп жататыны, ал өмір бойы адал еңбек етіп, ел ішінде абыройға бөленген қарапа­йым адамдардың мұндай құр­метке бөленуі некен-саяқ еке­ні жасырын емес. Сондықтан Мемлекет бас­шысы еңбек ада­мының мәртебесін кө­теру­ді тапсырып отырған қазіргі уақыт­та «Ардагерлер тура­лы» заң­ның 7-бабының 5-тарма­ғын қайта қарап, «еңбек ардаге­рі» санатына жат­қызылатын адамдар тізбесін кеңейте түсу қа­жет деп білеміз.             

Ал осы заңнамаға кейін қосыл­ған топтағы еңбек арда­герлеріне көр­сетілетін әлеу­меттік қолдау шарала­ры ел қа­зынасына салмақ түсіретін­дей көп емес. «Ардагерлер туралы» заңның 12-бабына сәй­кес оларға жұмыс істеп жүрген кезінде тіркелген емханалар­ды зейнеткерлікке шыққан кез­де де пайдалану құқығы беріл­ген және қайтыс болған жағдай­да отбасы мүшелеріне не оны жерлеуді жүзеге асырған адамға біржолғы төлем тө­леу қарастырылған. Биылғы жылы қа­былданған Әлеуметтік кодексте осы санаттағы еңбек ардагерлеріне ар­наулы мемле­кеттік жәрдемақы төлеу көз­дел­меген.

Тағы бір назар аударар­лық жайт: «Ардагерлер туралы» заң қабыл­дан­ғанға дейін зейнеткерлердің бәрі де еңбек ардагерлері болып саналып келді. Олар әртүрлі деңгейлердегі ардагерлер ұйым­дарының мүшелері ре­тінде қоғамдық жұмыстарға хал-қадерлерінше атсалысты. Енді мұндай ұйымдардың қай­сының болсын атауын «Ар­да­герлер мен зейнеткерлер ұйы­мы» деп өзгерту керек. Се­бебі «Ардагерлер туралы» заң бойынша зейнеткерлердің бәрі бірдей ардагер санатына жат­қызылмайтынын ескерген жөн.

«Ардагерлер туралы» заң жобасын әзірлеу кезінде жі­берілген екінші бір ағаттық – Ауғанстандағы ұрыс қимыл­дарының ардагерлері 1995 жылғы 28 сәуірде қабылдан­ған «Ұлы Отан соғысының қа­тысушылары мен мүге­дек­терiне және соларға теңес­тi­рiл­ген адамдарға берiлетiн же­ңiл­дiктер мен оларды әлеу­меттiк қор­ғау туралы» заң­да көзделген кейбір жеңілдіктерден қағылғаны. Мә­се­лен, «ауғандықтар» бұ­рын Екінші дүние­жүзілік со­ғыс ардагерлеріне теңес­тіріл­ген азаматтар ре­тінде бiрiншi ­кезекте тұрғын­жай­мен қамтама­сыз етілу, жеке тұрғын үй салу үшiн 30 жылға бес пайыздық жеңiл­дiктi кре­дитпен несие алу, ком­муналдық тұрғын үй қоры­ның үйлерiндегi өзi тұрып жат­қан пәтерлерiн тұрғын үй заң­намасында белгiленген тәр­тiп­пен меншiкке алу сияқты құқықтар­ға ие болған еді. «Ар­дагерлер туралы» заңда мұн­дай жеңілдіктер алынып тасталған.

Қазақстан Республикасы Әлеу­мет­тік кодексі 194-бабы­ның 3-тармағы­на сәйкес қа­зір Екінші дүниежүзі­лік соғыс ардагерлеріне – 16 айлық есеп­тік көрсеткіш (55 200 тең­ге), ал Ауғанстандағы ұрыс қимылдарының ардагерле­ріне небәрі 6,19 айлық есеп­тік көрсеткіш (21 355 теңге) мөл­шерінде арнаулы мемлекеттік жәр­демақы төленеді.

«Қазіргі экономикалық жағ­дайда бұл төлем өте аз. Өйткені Ауғанстан соғысы­на қатысқандардың көбінің әлеуметтік жағдайы төмен. Бүгінде алды 70-ке келсе, арты 55 жастан асты. Жартысынан астамының мүге­дектігі бар. Осы санатта жүрсе де, мемлекет қорынан пәтер ала алмай жүргендері қаншама?! Олар өзде­рін Екінші дүниежүзі­лік соғыс арда­герлеріне те­ңестірілген адамдар ретінде се­зінбейді. Соған қара­мастан, Ауғанстан соғысына қатысу­шылар мектептерде, колледждерде, жалпы қоғамда жастарды Отанға сүйіспеншілікке баулып, патриоттық тәрбие беруге өз үлестерін қосып келеді. Ауғанстандағы ұрыс қимыл­дарына қатысушылардың әлеу­меттік жағдайларын ескере отырып, оларды шын мәнінде Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагерлеріне теңестіру қажет деп есептеймін», деді Сенат депутаты Амангелді Нұғманов жуырда Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында.

Ауғанстандағы ұрыс қи­мыл­дары­на Қазақстаннан 21 239 адам аттанып, оның 947-сі жат жерде қаза тап­қан, 1 770-і жарақат алған. Бүгінгі күні «жарияланбаған соғыстан» тірі оралған азаматтардың 16 мыңға жуы­ғы ғана қалған. Шын­туайтында, олар да Екін­ші дүниежүзілік соғыс­тың ардагерлері сынды он сегі­зін­­де от кешіп, жүйкелерін тоз­ды­рып, жазылмас жан дер­тіне шал­дық­ты емес пе? Ен­деше оларды еш алаламай, Екін­ші дүниежүзілік соғысқа қатысушылармен тең дәреже­де қам­қорлық көрсету – Әді­лет­ті Қазақстан­ға сын.