Тарих • 10 Шілде, 2023

Қобда бойындағы ғұн қонысы

428 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Ә.Марғұлан атындағы Археология институты мен Ақтөбе облыс­­тық тарихи-өлкетану музейі археологтері Қобда ауда­нындағы ғұндар қорымында қазба жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Қобда бойындағы ғұн қонысы

Боз даладағы қорған

Қорым Ақтөбе қаласынан 180 шақырым жердегі Қиыл өзені бойында, Сырым Датұлы қозғалысын қолдаушылардың бірі Дербісәлі кесенесі жанында орналасқан. Біз облыстық-тарихи өлкетану музейі директорының орынбасары Дәурен Бекеевпен бірге ғұндар қорғанында жұмыс істеп жатқан археологтермен жүз­десіп қайттық.

Қазақ тарихындағы ақтаңдақ беттердің бірі – ғұндар кезеңі. Біз­дің заманымыздың ІІ ғасырында дала­мызға қоныс аударған жауынгер ғұн тайпалары туралы мағлұмат өте аз. Халықтардың ұлы қоныс аудару қозғалысын бастаған жауынгер тайпалар Еуропаға қарай барар алдында қазақ жерінде екі жүз жыл аялдаған. Алайда даладағы ғұн қорғандарын арнайы мамандар болмаса, былайғы жұрт тани бер­мейді. Егер сармат тайпалары биік етіп қорғандар үйсе, ғұндар кері­сінше қорымдарын жер бетіне мұ­қият жасырған. Сол себепті боз даладан ғұн қорғанын табу өте қиын.

ми

Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының қызметкері Аслан Маме­дов бастаған топ құрамына Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік универ­ситетінің тарихшы студенттері, Ақтөбе қаласындағы №72 мектептің археологияны ұнататын оқушылары кірген.

Ғұндар Ақтөбе облысына Сыр өзені мен Арал теңізі жағынан келген. Әскери тәртібі күшті, жауынгер ғұндар біздің заманымыздың ІІ-ІV ғасырында жергілікті тайпалармен бірлестік құрып, өзіндік мәдениет қалыптастырды. Олардың бір бөлігі Үстіртті бетке алып, Маңғыстауға қарай кеткен. Археологтер «Дербісәлі –2» қорымынан жеті қорған, алты жерлеу орнын қазды. Бұл жердегі қорымдардың бірі «П» тәрізді, енді бірі гантель пішінді, тағы бірі таға тәрізді. Бір аумақтағы қорымдар неге әртүрлі пішінде тұрғызылды? Әзірге мұның жауабы жоқ. Қорымдар жерленген адамдардың рулық-тайпалық ерекшеліктеріне байланысты әртүрлі пішінде тұрғызылуы да мүмкін.

«Ғұндар Ақтөбе облысының Қар­­ға­лы,­ Қобда, Ойыл аудандарының оңтүстік жа­ғын, Темір, Ырғыз, Мұғалжар ауда­ны­ның жерін қоныс еткен. Бұл осы жаққа келген ғұндардың көш жолы бол­ған. Ал Мәртөк, Хромтау, Қарғалы, Қобда аудандарының солтүстік жағында ғұн обалары жоқ. Ғұндар келгенге дейін осы аумақты сармат тайпалары мекендеді. Бұл жаққа сарматтар біздің заманымызға дейінгі VІ-V ғасырда келіп қоныстанды. Алайда б.з.д. ІІІ ғасырда бұл жақтағы халық саны азайды. Сармат тайпалары б.з.д. ІІ ғасырда қай­та көбейді. Б.з.д. І ғасырдың аяғы мен біздің заманы­­мыздың І ғасырында таби­ғат қолайсыз болғандықтан, халық қай­та кетіп қалды. Біз олардың қонысын таба алмай жүрміз. І ғасырда Сыр бойы­нан келген ғұндар да мұнда көп тұрақ­та­май қайта көшіп кеткен. Олардың тұрақ­та­мауына қатты құрғақшылық себеп бол­ған сияқты. Өйткені сол кезеңде осы жерді мекендейтін сармат тайпала­ры­ да ірі өзендердің бойын жағалай сол­түс­тік­ке­ көшкен.

Ғұндар осы өлкеге ІІ ғасырда қай­та келді. Көшпелі халықтардың шаруа­шы­лы­ғы табиғатқа тікелей тәуелді ғой. Ауа райы жайлы, ылғал мол түскен жылдары шөп мол шығып, мал басы көбейсе, ал ауа райы қолайсыз, ұзақ жыл қатарынан құрғақшылық төнсе шаруашылығы да күйзеледі. Көшпелі халыққа мал бағу үшін сулы, шөбі шүйгінді үлкен жайылымдар керек. Климаттың қатаңдығынан І ғасырда осы жерде адамдар мүлде болмады деуге болады. Олар малға жайылым іздеп кетті. Осы кезеңде даламыз бос жатты», дейді Аслан Мамедов.

ІІ ғасырда қайта келген ғұндар тұр­ғы­­лықты жұрттың жерлеу дәстүрін, діни көзқарасын өзгертті. Олар сармат тай­паларымен бірлесіп жаңа мәдениет қалыптастырды. ІV ғасырдың обасы «Дербісәлі-2» қорымындағы кейінгі ғұндардың бас сүйектері сарматтармен­ ұқсас екендігі байқалады. Әдетте билеу­ші­ ақсүйек ғұндар сопақша басты болып келеді. Олар жаңа туған сәбидің басын қат­ты қысып байлап тастап, өсе келе сопақша басты болып кеткен. Кейінгі ғұндар сармат тайпаларының дәстүрін қабыл­дап, бас сүйектерін өзгертуді тоқтатқан.

 Ғұндар – халықтардың ұлы қозға­лы­сын бастап, әлемді өзгерткен жауынгер халық. ІV ғасырдың жазба деректерінде хуннуларды түрлері адамға ұсамайтын, киімдері де бөлек, жүздері суық, «Шығыстан келген варварлар» деп суреттейді. Хундар Қытайдағы юэчжи тайпаларымен қақтығысынан кейін екіге бөлінді. Жеңілген тайпалар Батысқа қарай жылжыды. Осы кезеңде даламызға келгендер қазіргі Шығыс Қазақстан облысына, екінші бөлігі Жетісуға, тағы бір тобы Сыр бойына беттеді. Осы жақта ғұндардың ірі тайпалық бірлестігі болғанының тағы бір дәлелі – Қиылдан 70-80 шақырым жердегі Есен Амантау ауылы жанындағы (бұрынғы атауы Лебедевка) қорым. Батыс Қазақстан облы­сы аумағындағы осы қорым 1960 жыл­­дан бері зерттеліп келеді. Табылған зат­­тай айғақтарға сүйене отырып, осы жақта соңғы сармат дәуірінде ғұн тайпа­ларының үлкен бірлестігі болған деп айтуға болады.

 

 Ғұн ғибадатханасы

«Дербісәлі –2» қорымы – ІV ғасырдың ескерткіші. Мұнда ашылған «П» тәріздес қорғанда ақсүйек әйел жерленген болуы мүмкін. Обадағы сүйектің сол жағында ақ бор тас кесегі, оң жағында қыш ыдыс бар. Бор тас қойып жерлеу – сармат тайпалары дәстүрінде Құдайға табынумен байланысты ғұрып. Осы обадағы адамның басы мен кеуде сүйектері сол күйі жатса, жамбас, аяқ сүйектері шашылып қалған. Бұл ертедегі оба тонаушылардың ісі екен. Қарақшылар обаны екі мақсатта тонаған. Бірі алтын іздесе, екіншісі өш алу мақсатында қабірді тонап, жерленген адам сүйектерін шашып кеткен. Тоналған ақсүйек обасымен іргелес төртбұрышты ғибадатхана салынған. Осы обаның аяқ жағында қызметші жерленген оба бар. Бұл тоналмаған әрі жұпыны. Ежелгі заман тонаушысы қай обаны тонау керек екендігін жақсы білген. Ғибадатхана төртбұрышты құрылыс, оның ортасында кіретін есігі болған. Бұл жерде қайтыс болған адамға арнап ас берген сияқты. Обаның бетінде күн сәулесімен шағылысқан қыш сынық­тары жатыр. «Осыған қарап қазақ қоғамындағы ас беру, қайтыс болған адамды еске алу дәстүрінің өте ертеден келе жатқандығын аңғарамыз. Кіреберісі, ас беру орны, ортасында алаңқайы бар ғұн ғибадатханасының төңкеріске дейінгі қазақ мешіттермен ұқсастығы байқалады. Осы қазақ мешіттерінің жанында имамы жерленді. Мына жерде де ақсүйек ғұн ғибадатхана қасына жерленген. Дұрысы, көсем қайтыс болғаннан кейін ғибадатхана тұрғызылған. Қазба деректері қазақ даласындағы ислам дәстүрінің ежелгі бабаларымыздың наным-сенімдерімен байланысты орнық­қандығын айғақтайды. Қазақ халқының дәстүрінде көшпелілердің ежелгі мәдениеті таңбаланған», дейді Аслан Мамедов.

Осы жердегі тағы бір обадағы адам сүйегінің кеуде тұсынан қола түйреуіші, мойнынан моншақ қалдығы, қола айна, қыш ыдыс табылды.

 

 Сәнді түйреуіш – ғұндар әшекейі

Біздің жерімізге келген ғұн тайпалары дәстүрлі мал шаруашылығымен бірге кен шығарумен де айналысты. Олар мыс қазып, оны өңдеп, алтын өндірді, оны өңдеді. Мұның бір дәлелі, Кавказ жеріндегі қорымдардан табылып жатқан заттардың сараптамасын алғанда, ондағы металл қосындыларының біздің жерімізден шыққаны анықталып жатыр. Мұғалжар тауларында кен шығара­тын орындар болды. Ғұндар осы істің басында жүрді.

Мұғалжар тауларын тас ғасырынан бері адам қоныс еткен. Ол жерге алғаш­қы адамдар 400 мың жыл бұрын қоныс­танды. Археологтер Қиыл өзені бойы­­нан қола дәуіріндегі қыш ыдыс­тар сынықтарын, тас дәуірінің еңбек құралдарын да тапты.

Бұл жерде жас археологтер де жұмыс істеп жатыр. Қ.Жұбанов атындағы Ақтө­бе өңірлік университетінің тарих және археология факультетінің 4-курс студенті Дильназ Өтемісова, Қ.Жұбанов атындағы өңірлік университеттің тарих факультетінің түлегі Айбек Құрманғали үш жыл үзіліссіз археологиялық экспе­ди­цияға қатысып жүр. «Бұл жерде ғұндардың алпысқа жуық қорымы бар. Біз бесеуін қаздық. Қызметші жерленген обадан еш зат кездеспеді. Мына жақтағы бөлекше жатқан аумақта жауынгер обасы табылды. Жауынгер сүйегінің үстінде тот басып, әбден шіріген темір қылышы жатыр. Жанында қыш құмыра, аластайтын ыдыс тұр. Осы қабірдің тереңдігі екі метрге жуық. Тоналмаған оба. Ғұндар обаны қандай құралмен қазғаны белгісіз. Оба қабырғасындағы күректің ізі сияқты. Жауынгердің қаруы бірге көмілген, мұнда алтын, қола бұйым­дар кездеспейді. Ал әйел обаларынан алтын сынықтары, білезік, алқа, сәнді түйреуіштер шықты», дейді Айбек Құрманғали.

Археологтерді әр обаның жанын­дағы ғибадатханалар қызықтырып отыр. «Әртүрлі пішіндегі аумақты ғибадаханаларды құр босқа салмайды. Сол заманда оның ішінде діни-ғұрыптық жоралғылар жасалған болар. Біз Күнге табынды десек те, олардың наным-сенімдерінің қандай болғанын білмейміз. «П» әрпі тәріздес ғибадатхана жанындағы қыш ыдыс сынықтары осы кезге дейін жетті. Осы ыдысты неге сындырған? Бәлкім, өлген адамға ас берген соң ыдысын сындырып кету дәстүрі болды ма? Ғұндардың жерлеу ғұрпы да сарматтардан өзгешерек. Ғұндар адамның басын солтүстікке қаратып жерлеген. Осы жердегі қорым құрылыстары да бір-бірінен өзгеше. Обадағы бас сүйектер деформацияланған, әйел адамдардың кеудесінде қоладан жасалған түйреуіш жатыр. Жалпы, кеудеге тағатын сәндік түйреуішті осы кезге дейін Еуропа мәдениеті үлгісі деп қабылдасақ, ол ғұн мәдениетінен таралған екен. Осындай ерекшеліктеріне қарай отырып, біздің жеріміздегі ғұн тайпаларының наным-сенімі күштірек, әскери тәртібі мықты, салт-дәстүрді қатаң сақтағанын аңғаруға болады», дейді жас археолог Айбек Құрманғали.

Біздің жерімізде екі ғасыр мекендеген ғұн тайпалары кейінгілердің көзіне түспейтіндей етіп қорған-обалар қалдырған. Мұны біз қазақ жеріндегі ғұн жұмбағы дейміз бе? Жарты әлемді қозғалтқан жауынгер тайпаның ықпа­лымен ІV-V ғасырларда Еуропа қозғалды. Ғұн көсемдері Рим империясымен соғысып, әлсіретіп, оның орнына империя құруды мақсат етті. Сол жақтағы отырықшы жұртты ығыстыра білді, түрлі халықтардың бір-бірімен сіңісіп кетуіне әсер етті. Осы тентек жұрттың қазақ жерінде қалдырған жұмбақтары сары даланың бауырына жасырынған. Айта кету керек, қазақ тарихында ғұн кезеңіне онша мән берілмегендіктен, оның тарихы да осы уақытқа дейін жүйеленген емес. Ал жер астында қозғаусыз жатқан қорғандарында тек жоғарыдан ғана көрінетін символикалық белгілер көп. Осы таңбалар нені білдіреді? Жасырынған ғұн жұмбағының бір ұшы осы жерде. Облыс әкімі Ералы Тоғжановтың басшылығымен өңірдегі ғұн кезеңінің ескерткіштері түгенделе бастады. Осыдан екі жыл бұрын Ойыл ауданынан ғұн дәуірінің 100-ге жуық қорымы табылды. Алдағы уақытта табылған нысандарды қорғалуға тиіс тарихи мұралар тізіміне енгізу жоспары бар. Этнографтарды қазақтың салт-дәстүріндгі ғұн заманынан жеткен ырым-тыйымдар мен діни жоралғыларды анықтау жұмысы күтіп тұр.

 

Ақтөбе облысы