Пікір • 21 Маусым, 2023

Тарихи фильм: талғам мен талап

330 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақ киносының бүгінгі деңгейіне қандай да бір анықтама беріп, артық-ауыс сөз айтып, яки зерттеу жүргізудің қажеті жоқ. Үйіңіздегі көгілдір экранды қоса қойсаңыз, бәрі ап-анық көрі­ніп тұр. Отандық сериалдарды қарап отырып, еріксіз күлкің келеді (сеніңіз, бұл әжуа күлкі емес, күйініші көп күл­кі): арзан сценарий, жасанды ойын, құ­лаққа түрпідей тиетін қазақша. Ұлт зиялыларының өзгерген образы тіп­тен бөлек әңгіме. Ал тарихи киноларда алқақотан отырған, домбыра тарт­қан, қымыз ішкен, атқа қонған байырғы қазақты ғана танимыз.

Кино өнеріндегі мың-сан мәселе қо­ғамға таңсық емес. Күні кеше өткен Ұлт­тық құрылтайда ел Президенті де бұл тақы­рыпқа айрықша тоқталды. «Кино мамандары пайда табу үшін өте арзан фильм­дер түсіруге мәжбүр. Сондықтан құны арзан, мазмұны арзан фильмдер пайда болуда. Отандық киноның дамуына жаңа­ша көзқарас, тың серпін керек. Мысалы, кино­ға барған көрермен санын есептейтін цифрлық жүйе енгізуге болады. Мәдениет және спорт министрлігіне жуық арада осы жүйені дайындап, қолданысқа енгізуді тапсырамын. Шынын айтуымыз керек, соңғы кезде түсірілген тарихи фильмдердің олқылықтары көп. Сол үшін мамандармен ақылдасып, жалпы кино саласын реформалау керек», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Иә, кейінгі жылдары тарихи тұлға­лар өміріне арналған телесериал көп түсірілді: «Жәңгір хан. Сарай сыры», «Ахмет. Ұлт ұстазы», «Домалақ ана», «Тә­шенев. Тайталас», «Қаныш. Қазына», «Мұқағали. Бұл ғасырдан емеспін», «Міржақып. Оян, қазақ!». Яғни тарихи киноларды телеарналар түсіретін үрдіс белең алды. Зерттеп қарасақ, кино­фильм мен телефильмнің көркемдік жағынан да, сапалық тұрғысынан да айырмашы­­лы­ғы көп, екеуі екі түрлі туынды. Телеви­зия­лық форматқа лайықталған кез келген кино тек сол шеңберге сыяды. Сол деңгейде түсіріледі. Ал бұл сападағы фильм­дер аз қаражатқа түсірілген соң көркем туындының үдесінен шыға ал­май жатады. Бұрнағы заманды тірілтуге керек­ті образдарды жасауға қажет дүниелерді жаңғырту қомақты қаржыны талап ететіні заңды. «Жоспар үшін», «бөлінген қар­жы­ны игеру үшін қысқа уақытта» түсіріл­ген туындыдан көркемдік іздеудің өзі әбес­тік пе дейсің.

Кино, ең алдымен өнер. Өнерге өнер тұрғысынан қарағанда, ол әрқашан биік һәм таза. Содан болар, көркем фильмге қойылар талап та жоғары. Жұмсалар қуат та, еңбек те, уақыт та, қаржы да орасан. Десек те қазір эстетикалық ләззат алатын сапалы фильмдердің түсірілмей жатқанына әсер етуші фактор көп: науқаншылдық, уақыт, қаражат, талғам, білім, шеберлік.

Кейінгі жылдары «Кино туралы» заң­ның аясында құрылған Ұлттық киноны қол­дау мемлекеттік орталығының тапсырысы­мен көптеген фильм түсірілді. Атап айт­сақ, 2019 жылдан бері 115 жобаны қолдады, оның ішінде 48-і – толықметражды көркем фильм, 29-ы – деректі фильм, 25-і – қысқаметражды фильм және 13-і – анимациялық фильм. Бүгінде 2022 жылға дейін мемлекеттік қаржыландыруды алған 83 фильмнің өндірісі аяқталған. Ал 20 жоба әлі түсіріліп жатыр. Киноорталықтың бір игілігі, кез келген жеке продакшндер өзінің шығармасын ұсына алады. Ал бұ­рын мемлекеттік бюджеттің қаржысы тек «Қазақфильмге» түсетін, яғни оған жеке студиялар қатыса алмайтын. Мұнда бәрі өз жұмысын ұсына алатындықтан, бәсеке жоғары. Бірақ сол көптің арасынан асылды тауып, өткізу жағы қиынға соғып тұр. Оған қоса Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы тек өндіріске мән беретіндіктен, оның редакторлық, көркемдік, ұлттық бояуы солғын ба, қанық па, шынымен де ұлттық дүниеге жата ма, оған мән бермейді. Мәселен, былтыр іріктеуден өткен мемлекеттен қар­жылай қолдау алатын 62 жо­баның 35-і – мемлекеттік тілде жазылып, мемлекет­тік тілде түсірілетін фильм. Өзгесі – орыс тілінде түсіріліп, содан кейін ғана мемлекеттік тілде дыбысталады. Қоғам­да аталған орталыққа қатысты бұдан өзге де даулы пікірлер жетерлік. Әлқисса. Президент тапсырмасынан соң кино өнді­рісінде жыл келгендей бір жаңалық сезілер дейміз.