Әдебиет • 19 Маусым, 2023

Тұсаулы таланттар

220 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Заманымыздың ұлы суреткері Мұхтар Әуезов 40-50-ші жылдары нақақтан сотқа ілігіп, жазықсыздан жапа шегіп қайтқан бір топ жазушыны «тұсаулы таланттар» деп атап, олардың шығармаларына жоғары баға берген еді. Осындай тұсаулы таланттың бірі - Жайық Бектұров.

Тұсаулы таланттар

Жайық Бектұров - қазақ әдебиетінің зиялы қайраткерлерінің бірі, қазақтың ұлттық әдебиетінің керегесін көтеріп, шаңырағына уық шанышқан жазушы, ақын, журналист, аудармашы, дарынды зерттеуші. Жасынан қазақтың ұлттық фольклорына сусындап, одан кейін Абай мен Мағжанның, Шәкәрім, Сәбит, Исалардың өлеңдерін жаттап өскен. Бес жасында ауыл молдасынан сауатын ашса, заман күрт өзгеріп, кеңес үкіметі құрылғаннан кейін ауылда ашылған жаңа мектепке оқуға түседі. Кейін Атбасардағы Халық ағарту комиссариатының 2 жылдық  мұғалімдер курсын оқып шығады.

Еңбек жолы 1930-1931 жылдары қазіргі Нұра ауданындағы «Энтузиаст» кеңшарында, кезінде Сәкен ашқан мектепте мұғалім болып жұмыс істеуден басталады. Бала Жайық өмірге ерте араласып, келешегін бағдарлай білген зерек бала еді. Алты жасында әкесінен, тоғыз жасында анасынан айырылды. 1929 жылы зобалаң аштық басталып, тағы бір үлкен ауыртпалыққа кезігеді. Сонда да жарқын болашағына деген үмітін үзбей, білімге құмар болып, ізденгіш қасиетінен танбайды. 1932 жылы Алматы коммунистік университетінде оқып, кейін 1937 жылы «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан», 1939 жылы Жамбыл облыстық газеттерінде қызмет етеді.

1939 жылы аяқ астынан соғыс басталып, 1942 жылы 105-ші ұлттық дивизияға шақырту алады. Соғыста жүріп дивизиялық газеттің редакторы болады. Алайда сол жылдың 22 мамырында «халық жауы» деген жаламен тұтқындалды. Оған «ұлтшыл» деген кінә тағылып, өлім жазасына кесілгендердің камерасында жалғыз қамап ұстайды. Тергеушілер қайткен күнде «қылмысын» мойындату үшін тікесінен тік тұрған қалпында кезек-кезек бақылауға алып, ұйқтатпай, бірнеше тәулік бойы ұйқыдан  қалжыратып азаптайды. Ақыр соңында ойдан құрастырылған жасанды, жалған құжаттар бойынша КСРО НКВД-сының айрықша Кеңесінің шешімімен РСФСР Қылмыстық істер кодексінің 58-бабымен 10 жылға соттап, солтүстік теріскей Оралдағы «Ивдельлаг» лагеріне айдап жібереді. Лагерьде жазуын тастамай, қайыңның қабығына, цемент орайтын қатырғы қара қағазға, қолға түскен газет-кітаптардың қиындыларына жазып жүреді. Осылайша сол кезеңдердің тарихи шындығын көрсететін, қазақ әдебиетіне құнды, деректі туынды «Таңба» романы дүниеге келген еді.

1993 жылғы 14 сәуірдегі «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заңының негізінде Жайық Кәгенұлы Бектұров ақталады. Бес жылдан кейін ақталып шыққанымен, көрген зардаптарының нәтижесінде денсаулығы өте қиын жағдайда болып, II-ші топтағы мүгедек болып елге оралады. Ж.Бектұров Д.Дефоның «Робинзон Крузо», А.Чапыгиннің «Степан Разин» романдарын, Л.Пантелеевтің әңгімелер жинағын, Д.Львович, Ш.Петефи, Г.Серебрякова, Я.Гашек шығармаларын қазақ тіліне аударып, «Түнгі сарын», «Жүректе қалған бір бейне», «Советтік қарағанды», «Жол жоралғысы» туындыларын жазды. Г.Потанин, Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы, Ә.Марғұлан сынды басқа да алаш зиялылары туралы естеліктер, әдеби портреттер жинағын жасап, орасан зор еңбек қалдырды. Бүгінде қаламгердің жеке мұрасы мұрағат қорына алынған.

 

Тұмар ҚАЙРАТҚЫЗЫ,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті