Қоғам • 13 Маусым, 2023

Ескерілмеген ерлік

622 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Биыл наурыздың он үші күні Теміртауда көпқабатты үйдің үшінші қабатында газ жарылды. Жарылыстан алты адам зардап шекті. Оның төртеуі бала, екеуі ересек адам еді. Бұл туралы интернет арқылы ақпарат тез тарады. Жарияланған ақпаратта көпқабатты үйдің бір кіреберісіндегі он бес пәтер иесінің көшірілгені де айтылған болатын. Ауыр халдегі екі ересек пен төрт бала да ауруханаға түскен еді сол сәтте. Жарылыс туралы барлық БАҚ мәліметі осы сыңайда. Ал осы алты адамды газдан тұтанған өрттен алып шыққан кім?

Ескерілмеген ерлік

Ол жөнінде бірде-бір баспасөз, телевидение, не ақпарат агенттігі ләм-мим демеді. Әлбетте, мынадай ауыр жағдай жасаған жақсылықты саудаға салып тұратын кез емес. Дегенмен ерлік иесін ел білуге тиіс. Ол азамат сол арада шұғыл әрекет етпегенде, төрт баланың тағдыры не болары белгісіз еді. Алты адамды құтқарып қалған азаматтың есімі Талғатбек, тегі Төлеубаев. Өрт сөндіру қызметінде он алты жылдан бері жүргізуші болып жұмыс істейді. Дәл қайғылы оқиға орын алған күні Талғатбек үйінде болған екен. Жарылыс үшінші қабаттан шыққан. Ал Талғатбек екінші қабатта тұрады.

«Теміртауда біз тұратын үйдің үшінші қабатында газ жарылғанда, мен еңбек демалысында едім. Даладан үйге кіргенім сол еді, бес-он минуттан соң жарылыс болды. Дүңк етіп үй сілкінді. Қарасақ, жарылыстың екпіні пәтеріміздің есігіндегі ілгекті жұлып алыпты. Үйден атып шықтым. Жоғары қабаттан бір әйел үсті-басы жанып кеткен, айғайлап жүгіріп келеді. Расында, киімі түк қалмай жанып кетіпті. Оны үйімізге кіргізіп жатқанда, «Ойбай, балалар, балалар!» дей берді. Оны естісімен өртенген пәтерге жүгірдім. Адамның мұндайда ойлануға мұршасы да келмейді екен. Дереу пәтерге кірсем, балаларды да күйік шалыпты. Терілері түсіп жатыр үлбіреп. Біртіндеп көтеріп алып, үйге әкелдім. Екі әйелдің біреуі үлкен кісі, екіншісі – алпыстар шамасында. Үстеріндегі киімдері түгелімен жанып кетіпті. Келіншегім шамасы келгенше үлкендерді орап, киіндірді. Пәтерден алып шыққан төрт бала да шырылдап жатыр. Біреуі жарымжан бала екен. Оған аса күйік тимегендей көрінді. Білмеймін ғой бірақ. Бәрін киіндіріп, далаға шығарып жатқанда басқа адамдар келіп көмектесті. Жасыратыны жоқ, ол кезде адамдарды құтқарып қалудан басқа ой болған жоқ. Қолымыздан келгенше көмек беруге тырыстық. Кейбіреулер «Телефонның бейнежазбасына түсіріп алмадыңыз ба?» дейді. Мынадай ауыр оқиғада қайдағы видео?» дейді Талғатбек Заманбекұлы.

Жарылыс болған пәтердегі алтаудың екеуі – балалардың әжелері. Қалған төртеуі олардың немерелері екен. Әке-шешелері жарылыс кезінде үйде болмаған. Пәтер жалдамалы. Баллон пәтер иесінен қалған. Талғатбек Заманбекұлы осы оқиғадан соң қос қарияның оңалмағанын естігенін айтады.

«Аман қалса екен» деп барынша тілеп едік. Бізге басқа ештеңе де керек емес еді, – дейді Талғатбек Төлеубаев. – Алайда адамның қалауы бола бермейтіні тағы шындық».

Қазіргі таңда Талғатбек Заманбекұлы қызының екі бөлмелі пәтерінде тұрып жатыр. Қызының төрт баласы бар. Сөйтіп, амалсыздан екі бөлмеде оншақты адам тіршілік етіп келеді.

Теміртау қаласы әкімдігі он бес пәтерді жөндеп беруге уәде берген. Бірақ екі ай өтсе де, ештеңе өзгермеген. Жақында сол үйдің тұрғындарымен өткен жиында екі айдан соң тендер өтетіні, жөндеу жұмыстарының содан кейін ғана басталатыны туралы айтылған еді. Ал тендердің қашан аяқталары тағы белгісіз. Осы белгісіздік Т.Заманбекұлын қажытып отыр. Әкімдік пәтер жалдау ақысын төлеп беруге мүдделі екен. Бірақ ол да шешім емес. Өз үйі – өлең төсегі болмаған соң, біреудің үйінде өгейдің күйін кешу алпыстан асқан адамға оңай емес.

Т.Заманбекұлы өзін ерлік жасадым демейді. Бізбен сұхбатының өзінде сөзге сараңдық танытып, айтқысы да келмеді. «Аман жүр екен, бізге сол жетеді» дегенді жиі айтады. Әйткенмен, сын сәтте сауатты іс-әрекет ете білген жігіт ағасының бұл батылдығын ерлік емес деуге кімнің дәті барады? Оттың ортасында қалған шырқыраған төрт баланы құтқару үшін басын бәйгеге тіккен Талғатбектің батылдығы ескерусіз қалғаны қынжылтады. Бар болғаны Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Мұрат Қатпановтың Алғысхаты беріліпті. Дегенмен ол да жасалған ерлікке берілген нақты баға десек, ақиқатқа қиянат жасаймыз.

Жасаған игі ісін өзгелер секілді жарнамаламайтын мұндай адамдарды қоғам көбіне біле бермейді. Өйткені қазір есеппен жүретіндердің бағы жанып тұрған уақыт. Есесіне Т.Заманбекұлы секілді азаматтар биліктен ештеңе сұрамайды. Тек өзінің тиесілі пәтерінің жылдам жөнделіп, баспанасына кіруіне ғана мұқтаж. Десек те, адам өмірін аман сақтап қалған азаматтың осынау ерлігі елеусіз қалмас деген үміт оты әлі де сөнген жоқ. Алты адамды құтқару Алғысхатпен ғана алдарқатып қоятындай ерлік емес қой себебі...

 

Қарағанды облысы,

Теміртау қаласы