
Әлбетте, кісінің бәрі романс, ария, рок, джаз, поп жанрындағы шығармалар тыңдамайтыны анық. Олай болғанда адамзат атаулының талғамы да, танымы да біртұтас болып кететін еді ғой. Қысқасы, талғамға талас жоқ.
Музыка данышпандарының түрлі пікірі бар. Солардың біразы музыкада ұлт болмайтынын, адамзатқа ортақ екенін жиі айтады. Расында да солай-ау. Білетіндер музыканың ырғағынан оның түпкі ойы белгілі болады деседі. Оған да ешкімнің таласы жоқ шығар. Өйткені әр ұлттың болмысын оның музыкасы танытады емес пе? Қалай алып қарасақ та, жақсы шығарма – жанға дәру.
Соңғы уақытта көпшіліктің көңіліне қонған «Таптым-ау сені» деген ән таза импровизациядан туған шығарма деседі білетіндер. Алайда әннің ішкі мазмұнында адам тағдыры, арманы мен мұңы тұр. Сағыныш сазы деп те бағалауға болатын сыңайлы.
Дәл осы туынды қазақ меломандарына Қазбек Құрайыш деген есімді танытты. 2020 жылы жазылған туынды әуелде әнші Ернар Амандықтың орындауында таралды. Жас әншінің орындауында ән белгілі бір деңгейде өз аудиториясын тапқанымен, шығарманың бағы жыл бұрын жанған секілді көрінеді де тұрады. Анығырақ айтсақ, әннің екінші тынысы арада екі жылға жетеқабыл уақыт өткенде ашылған сияқты.
Иә, шамамен бір жыл бұрын ғана лирикалық ән шын мәнінде хитке айналып шыға келгені мәлім. Неге екенін кім білсін, шығарма авторы шырқағаннан кейін туынды басқа бір сипат алғандай болды. Бәлкім, автордың жанынан шыққан ән тыңдарманға бұрынғыдан қатты жақын бола түскен шығар. Мүмкін Қазбек Құрайыштың жанға жайлы даусы жұртты елең еткізді ме екен?
«Таптым-ау сені,
Жүрегімнің емі.
Өзіңсіз мүлде,
Жаралы жан едім»
деп келетін әннің қайырмасы мен әншінің шығарманы орындау мәнері бір-бірімен тамаша үйлесім тапқанына ешкімнің күмәнданбасы анық. Қалай десек те, қазіргі әншілердің жолы мен жөні басқаша. Уақыттың ағымынан қалмауға тырысады. Ең бастысы, жаңа толқын жастардың талғамымен санасады. Сол тәуекелдері белгілі бір дәрежеде өзін ақтап та жатады...
Бір қарағанда лирикалық шығарма бозбала мен жігіт біткеннің романтикалық гимніне айналуға тиіс сияқты көрінетін. Неге екенін кім білсін? Алайда дәл осы ән арулардың жанына жақын болып шыға келді. Ырғақтың құдіреті ме, әлде мәтіндегі тармақтар ма? Бәлкім, шығарманың бүгінгі күннің тынысымен тарағаны себеп болған шығар?..
Қазір бәрін әлеуметтік желі арқылы бағдарлап отыратын болдық қой. Сол әлеужеліде бойжеткен біткеннің басым бөлігі осы әнді бөлісіп әлек болғанына қарағанда шығарма нәзік жандылардың жан сарайына әбден орнығып алғанына ешкімнің күмәні жоқ.
«Алаң боп жаным жүр едім,
Соғатын ауыр жүрегім.
Кім енді мені жеткізеді деп
Армандарыма»
деп басталатын әннің алғашқы шумағынан беймаза жанның мұңы айқын аңғарылып тұр. Жанарын мұң торлаған кісінің жан азабындай естіле ме, қалай өзі?
Алайда композитор мұны айқаймен емес, сабырмен жеткізеді. Дұрысы, жан әлемін аласапыран еткен көңіл-күй ауанын баппен баяндайды, сыр қылып ақтарады. Ақиқатында әннің табиғатында мұң шағу, ашыну жоқ, тек байыппен өз тарихын жеткізу ғана бар. Сонысымен-ақ жұрттың көңілінен шығып отыр.
Расында бірінші шумақ тыңдарман жанына ауыр тигенімен, әрмен қарай әннің қайырмасын тыңдаған кісі тағы да баяу әннің ырғағына тербетіліп, адам жанының емін нотадан ғана табуға болады деген пәлсапаға илана түседі.
Еуропаның кейбір елдерінде автокөлікте көп тыңдалатын шығарманы халық махаббатына ие болған туынды деп бағалайды екен. «Таптым-ау сені» әні де сол санатқа жататын сияқты. Өйткені жол жүргенде жұрттың көлігінен осы әнді жиі естиміз.
Әрбір шығарманың өз-өзіне өлшеп берген уақыты болады. Ғұламалардың пайымына салсақ, классика ғана мәңгілік ғұмыр кешеді. Әлбетте, әңгіме маусымдық әндер хақында екенін сезіп отырған шығарсыз. Қазіргі қазақ тойларына қарап отырып, «Таптым-ау сені» әні қуаныш дастарханының сәніне айналып кеткенін байқай түсеміз. Бұл тек маусымдық құбылыс па, әлде әдемі әннің той вальсі ретіндегі ғұмыры ұзақ па, кім білсін?
Деректерге сенсек, 2020 жылы жазылған әннің өз тарихы бар. Композитордың әріптестерінің айтуынша, Қазбек Құрайыш әнді әпкесі тұрмыс құрғанда импровизациямен жазған көрінеді. Бәлкім, сондықтан да ән арулардың бейресми гимніне айналып кеткен болар... Оның үстіне жұрт айтатын «фишка», яғни кілт сөзі де елді елең еткізетін шығар. Қалай болған күнде де «Таптым-ау сені» деген сөз жанға жылылық ұялатады ғой.
Ютубте әннің қаралымы 22 миллионға жетіпті. Цифрға қарап-ақ шығарманың Қазақстан аумағынан асып кеткенін аңғарамыз. Ал ән астына жазылған пікірлерден тыңдармандардың түрлі эмоциясын байқай түсеміз. Тыңдармандардың басым бөлігі «Осы әнді тыңдасам, жылап аламын» деген сыңайда ой бөлісіпті. Соған қарағанда лирикалық шығарманы «жұртты жылатқан ән» деп те бағалауға болатын секілді.