
Мәдени шараға өңір басшысының бірінші орынбасары Нұржан Календеров қатысып, ердің жасы елуге толған композиторға облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің құттықтау хатын табыстап, өнер иесінің иығына зерлі шапан жапты. Сондай-ақ композиторға «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін тапсырды.
Композитордың шығармашылық кешіне арнайы келген өнер әлеміндегі іні-қарындастары Сәрсенбек Бәкірдің жұрт жадында қалған тамаша туындыларын шырқап, ізгі тілектерін айтып, естеліктерімен бөлісті. Концертте өнер көрсету үшін Әулиеатаға арнайы ат басын бұрғандардың қатарында әйгілі «МузАрт» ансамблі, Мұқасан Шахзадаев, Досымжан Таңатаров, Құрмаш Махан бастаған өзге де белгілі әншілер бар. Композитор кешінің жоғары деңгейде өтуіне жергілікті өнерпаздар да сүбелі үлес қосты.
Шығармашылық кеш барысында Сәрсенбектің төлқұжатына айналған «Аузынан айдың түскен қыз» әнінен бастап, өнерсүйер қауым арасында кең тараған «Не пайда?», «Сезімді қайтем тулаған», «Соғады сен деп жүрегім» секілді туындылары да шырқалды. Сондай-ақ Дінмұхамед Қонаевқа арналған «Тау тұлға» атты әні алғаш рет қалың көпшілік алдында орындалды.
Белгілі композитордың мерейжасына орай ұйымдастырылған концерт барысында «Қонаев қоры» қоғамдық қорының өкілі Жапар Күздеубеков, ардагер Досмұрат Шахзадаев, Талас аудандық мәслихатының төрағасы Қадірбек Садубаев өнер иесіне құрмет көрсетті. Бұл күні композиторға Қонаев атындағы медаль табысталып, Қазақстан композиторлар одағының мүшелік куәлігі тапсырылды.
Концерт өтерден бір күн бұрын Сәрсенбек Бәкірдің 50 әні топтастырылған «Сезімді қайтем тулаған» атты жаңа жинақ өнерсүйер қауымға таныстырылды. Осылайша ердің жасы елуді белгілі композитор қос қуанышпен қарсы алды.
ТАРАЗ