Медицина • 24 Мамыр, 2023

Хирургияның келешегі байыпталған конференция

301 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Астана медицина университетінің ұжымы ғалым, хирург, Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері, елдегі хирургия және травматология мектебінің негізін қалаушылардың бірі, профессор Гилен Цойдың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырды. Медицинадағы, соның ішінде хирургиядағы жетістіктер қаузалған конференцияда сала мамандарын даярлауға қатысты мәселе қамтылды.

Хирургияның келешегі байыпталған конференция

Гилен Цой «Астана» медицина уни­верситеті ашылған тұстан беріге дейін 42 жыл сол шаңырақта жұмыс істеген. Облыстың бас хирургі болған тұста да профессор Гилен Васильевич доцент, кейін кафедра меңгерушісі болып, еңбек жолын педагогикамен ұштастырған. Г.Цойдың тәрбиесін көрген шәкірттері қазір елде және шетелде табысты еңбек етіп жүр. Ма­ман­дығына жанашыр ұстаз жолын жалғаған кейінгі толқын, саланың шын шебері болуға талпынудан танбайды. Мұны біз конференцияға келген қауымның қарасына қарап біле берсек болатындай.

Осы күні қонақтар хирург Г.Цойға арналған ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына қатысты. Көпшіліктің ортасында Гилен Цойдың туыстары, достары мен шәкірттері, академик, ғалымдар, қоғам қайраткерлері болды. Сонымен қатар Германия, Әзербай­жан, Қырғызстан, Өзбекстан және бас­қа да алыс-жақын шетелдердің хирург ғалымдары төбе көрсетті. Кейін кон­ференция залында көпшіліктің алдында бірінші болып сөз сөйлеген «Астана» медицина университетінің ректоры Камалжан Надыров конференция­­­ның мақсат-міндеті жайында тарқа­тып ­айтып берді.

«Университетте ше­телдік әріп­тес­терімізбен тәжірибе алма­су, хирургия саласының дамуын талқылау – біз үшін мәртебе. Г.Цой осы оқу орнында 40 жылдан аса уақыт еңбек етті. Білікті дәрі­гер­­лер тобын тәрбиеледі. Конфе­рен­ция қорытындысы бұдан кейінгі ғы­лыми жұмыстарға негіз болатыны­на, хирургиялық қызметті одан әрі дамыту үшін тұжырымдама айқын­дай­тынына және салада білім беру үде­рісін жетілдіруге ықпал ететініне сенім­дімін», деді ол.

Конференцияда Денсаулық сақтау министрлігінің хирургиялық көмек көрсету саласын дамытуға ерекше ден қойып отырғанын аңғардық. Мы­салы, биыл сәуірде Денсаулық сақ­тау министрлігінің бұйрығымен хирур­гиялық көмек көрсетуді ұйым­дастырудың жаңартылған стандарты бекітілді. Бұл жөнінде министрлік­тің Медициналық көмекті ұйымдас­тыру департаментінің директоры Азамат Дүйсенов хабарлады.

«Г.Цой университетте 40 жылдан аса табан аудармай еңбек етіп, бі­лік­ті хирургтердің шоғырын қалып­тас­тырды. Ғылым бір орнында тұрмайды. Конференция заманауи меди­цинаның өзекті мәселелеріне арналып отыр. Бүгін салаға енгізілетін жаңа технологиялармен қоса меди­цинада білім-ғылымды дамыту жайы кеңі­нен айтылады. Өздеріңіз білетіндей, кейін­гі 10 жылдың шең­берінде ден­сау­лық сақтау жүйесін­де хирургия­­­­лық көмекті дамытуға ба­сымдық беріл­­ді. Оның ішінде кар­диохирургия мен нейрохирургияны ілгерілетуге ерек­ше көңіл бө­­лінді. Осы көл-көсір қолдау­лар нәтижесін беріп, қазір еліміз кар­дио­хирургия мен нейрохирургия­лық көмек көрсету бойынша жетекші 30 елдің қатарына кіріп отыр. Елде хи­рур­гиялық көмектің басқа да ба­ғыт­тары қатар дамып жатыр. Әрине, осының барлығы хирургияға еселі үлес қосқан профессор-ғалымдар­дың еңбегінің жемісі деп айтамыз. Енді бүгінгі конференцияда да медицина­лық көмектің сапасын арттыру мақ­сатында тәжірибе алмасқалы отырмыз», деп А.Дүйсенов конференция­ға келген қауымға табыс тіледі.

Гилен Цойдың еңбек жолы Ақмола облысының тарихымен де тығыз байланысты. Тың игеру жылдары ол бас хирург ретінде Ақмола облысы мен Солтүстік Қазақстанның хирургия­лық және травматологиялық қызме­тін ұйымдастыруға септескен. Өткен ғасырдың 60-жылдарына дейін ортопедия, хирургия және травматоло­гия медицинада бір мамандық ретін­де қарастырылды. Яғни Г.Цой – тек хирургияның емес, сонымен қатар тың игеру аймағындағы ортопедия-травматологиялық қызметтің негізін қалаушы. Ол Целиноград мемлекет­тік медицина институты құрылған күннен бастап облыстың бас хирургі қызме­тін педагогикалық қызметпен қа­тар алып жүрген. Қолы алтын хирург еңбек етуден жалықпай, 77 жас­қа дейін операция жасаған. Расында, хирург, профессордың мамандыққа адал­ды­­ғы кейінгі жас буын дәрігерлерге үлгі боларлық. Конференцияға алыс-жақын шетелден келген қонақтар да Г.Цойдың еңбегін бірінен соң бірі тізбектеп берді. Әр елдің профессор ғалымдары, ұсыныстарын ортаға салды. Мысалы, Ташкент медицина академиясы Үргеніш филиалының директоры Рашид Рузибаев медицина мамандарын даярлау ісінде Астана медицина университетімен берік байланыс орнату үшін екіжақты меморандум жасауды ұсынды. Ізін ала қос тарап меморандумға қол қойып, берік байланыс орнатуға уағдаласты.