
Ташкенттен олжалы оралған сайыпқырандарды жанкүйерлер сән-салтанатымен қарсы алды. Жаһандық аламанда 71 кг салмақта топ жарған ұлттық құраманың капитаны Асланбек Шымбергенов пен 67 кг салмақ дәрежесінде күміс жүлдегер атанған Дулат Бекбауовқа жамбылдықтар тарапынан зор құрмет көрсетілді.
Әлем чемпионатынан олжалы оралған саңлақтардың жеңісті жорығын жергілікті атқарушы билік елеусіз қалдырған жоқ. Өңір басшысы Нұржан Нұржігітов әлем чемпионы Асланбек Шымбергеновке үш бөлмелі пәтердің кілтін табыстаса, күміс жүлдегер Дулат Бекбауов екі бөлмелі пәтерге ие болды. Асланбектің бапкері Ермек Ертаевқа бес миллион, Дулаттың жеке жаттықтырушысы Нұрлан Ақүрпековке үш миллион теңгенің сертификаты тапсырылды.
«Жаһандық жарыста Көк Туымызды көкте желбіреткен Асланбек пен Дулаттың жеңісті жолы жалғасты болсын. Жамбыл бокс мектебінің даңқын асырған боксшыларымызға ризамыз. Мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Алда төртжылдықтың басты додасы – Олимпия ойындары тұр. Спортшыларымыз Олимпиадаға қатысуға мүмкіндік беретін лицензияны жеңіп алып, Париж төрінде де Көк Туымызды көкке көтеретін күнді көрейік», деді өңір басшысы боксшыларды құттықтап.
71 кг салмақ дәрежесінде топқа түсіп жүрген Асланбек Шымбергеновтің Олимпия ойындарына қатысатын мүмкіндігі мол. Құрлықтық додада және әлем чемпионатында топ жарған спортшының жалғыз арманы – Олимпиада алтыны.
«Ендігі мақсатым – Парижде өтетін Олимпия ойындарына лицензия иеленіп, төртжылдықтың басты додасында топ жару. Мақсатты ақиқатқа айналдыру үшін бар күшімді сарқа жұмсайтын боламын», дейді Әлем чемпионы.
Жамбыл облысы